Мәзір
Әлем

Еуропалық одақ көші-қон саясатын қатаңдатып, депортацияны жеделдетпек

Еуропалық одақ көші-қон саясатын қатаңдатып, депортацияны жеделдетпек
pexel.com

Еуропалық одақ елдері көші-қон саясатын қатаңдату және заңсыз мигранттарды елден шығару рәсімдерін жеделдету жөнінде бірқатар жаңа бастамаларды мақұлдады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі DW агенттігіне сілтеме жасап. 

Бұл шаралар аясында мигранттарды ЕО аумағынан тыс жерлерде орналасатын «қайтару орталықтарына» жіберу көзделіп отыр. Аталған орталықтар құқық қорғау ұйымдарының сынына ұшырауда.

8 желтоқсанда ЕО-ға мүше мемлекеттердің ішкі істер министрлері көші-қон реформаларының пакетiн бекітті. Құжатта Еуроодақ аумағынан тыс жерлерде «қайтару орталықтарын» құруға рұқсат беру қарастырылған. Бұл орталықтарда баспана беру туралы өтініштер қаралып, кейбір жағдайда мигранттарды Еуропадан түбегейлі шығару шешімі қабылдануы мүмкін.

Дания мұндай тетікті 2021 жылдан бастап талқылай бастаған. Алайда бұл схеманы іс жүзінде алғаш сынап көрген ел — Италия. Өткен жылы Рим көршілес Албания аумағында осындай орталықтар құрғанымен, кейін олар заңдық қиындықтарға байланысты жұмысын уақытша тоқтатты.

Қайырымдылық және құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде Human Rights Watch пен Oxfam, бұған дейін Брюссельді «жауапкершіліктен жалтару» үшін сынға алған. Олардың пікірінше, ЕО баспана беру өтініштерін қарау процесін үшінші елдерге «аутсорсингке беру» арқылы өз міндетін сыртқа ысырып отыр.

Сонымен қатар Брюссельде ЕО-ның көші-қон саясатын қатаңдату бағытына ішінара қайшы келетін тағы бір жоспар әзірленді. Ол «Ынтымақ қорының» (Solidarity Fund) құрылуын көздейді. Бұл құрал ЕО ішіндегі көші-қон жүктемесін қайта бөлуге бағытталған. Жоспарға сәйкес, Солтүстік және Шығыс Еуропа елдері Оңтүстік ЕО мемлекеттеріне келетін босқындардың бір бөлігін қабылдауы немесе Кипр, Испания, Италия мен Грекияға қолдау көрсету үшін ортақ қорға қаржы аударуы тиіс.

ЕО-ның заңсыз көші-қонға қарсы жаңа бастамалары және оларға құқық қорғаушылардың реакциясы туралы толығырақ DW материалында баяндалған.