Мәзір
Әлем

ИРАНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ: БИЛІК АУЫСА МА(ВИДЕО)?

ИРАНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ: БИЛІК АУЫСА МА(ВИДЕО)?

Иранда экономикалық жағдайдың ушығуына байланысты басталған наразылықтар елдің солтүстік-шығысында тәртіпсіздік пен қақтығыс сипат ала бастады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы ирандық Tasnim ақпарат агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, жұма күні кешке риал бағамының құнсыздануына байланысты Иранның солтүстік-шығысындағы Солтүстік Хорасан провинциясының орталығы – Боджнурд қаласында жергілікті тұрғындар наразылық акциясына шыққан.

«Жұма күні кешке бірқатар Иран азаматтарының жергілікті наразылық акциясы риал бағамының ауытқуына байланысты Боджнурд қаласында өтті. Бірқатар аудандарда экономикалық талап қоюдан басталған наразылықтың соңы қуғын-сүргінге ауысты», – деп жазады Tasnim.

Тәртіпсіздікке қатысушылар саны 100 адамнан аспағанымен, олар жолдарды жауып, көлік қозғалысын бұзған. Сонымен қатар, Tasnim агенттігінің хабарлауынша, елдің батысындағы Эйлам провинциясының Сербала қаласында қарулы топтар көшеге шыққан. Жарияланған видеокадрларда «Хаменей өлсін!» деген ұранмен автоматтан оқ атылған сәттер бейнеленген.

Өз кезегінде, ирандық Fars агенттігі жұма күні таңертеңнен бастап бейбіт акциялар саны азайып, наразылықтардың айқын саяси сипатқа көшкенін атап өтті. Агенттік мәліметінше, наразылар полициямен қақтығысқа түсіп, үкіметке қарсы және монархияға қарсы ұрандатқан.

Fars жазуынша, толқуларды әкімшілік және қоғамдық ғимараттарға, соның ішінде мешіттерге шабуыл жасаған, суық немесе атыс қаруымен, сондай-ақ Молотов коктейлімен қаруланған шағын топтар ұйымдастырған.

«Осындай оқиғалар елдің солтүстігінде, Иран астанасы Тегеранда, сондай-ақ Кередж қаласында тіркелді. Онда наразылыққа шыққандар Иран туын өртеп, “Диктаторға өлім!” деп ұрандап, өтіп бара жатқан көліктерді таспен атқан», – деп жазады Fars.

Еске салсақ, желтоқсан айының соңында Иранда ұлттық валютаның күрт құнсыздануына байланысты жаппай наразылық басталған. Бұған айырбас бағамының тұрақсыздығы және оның көтерме әрі бөлшек сауда бағаларына тікелей әсері себеп болған. Әлеуметтік желілерде Тегеран мен өзге де қалалардағы наразылықтардың видеолары кеңінен тарады.

Осы жағдайдан кейін Иран Орталық банкінің басшысы Мохаммад Фарзин отставкаға кетіп, президенттің 31 желтоқсандағы жарлығымен оның орнына Абдольнасер Хеммати тағайындалды.

Қазіргі таңда Иран жоғары инфляция жағдайын бастан кешіруде. Риалдың құнсыздануы жалғасып жатыр: соңғы бірнеше айда ол долларға қатысты бірнеше рет антирекорд жаңартты. 2018 жылдың мамырында, АҚШ ядролық келісімнен шыққанға дейін, доллардың бейресми бағамы шамамен 50 мың риал болса, қазір еркін нарықта 1,4 миллион риалға жеткен.

Бұған дейін БҰҰ 28 қыркүйектен бастап Иранның ядролық бағдарламасына байланысты санкцияларды қайта енгізетінін хабарлаған. Атап айтқанда, қару-жарақ жеткізуге тыйым салынып, бірқатар үкімет мүшелерінің активтері бұғатталмақ. Бұл шешім Ресейдің Иранның оңтүстігінде төрт атом электр блогын салу жөніндегі 25 млрд долларлық келісімге қол қоюымен тұспа-тұс келіп отыр.

Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы наразылыққа қатысты мәлімдеме жасады. Ол егер Иран билігі бейбіт демонстранттарға қарсы оқ атуға бұйрық берсе, АҚШ олардың жағында болатынын айтты. Бұл туралы Трамп X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.