«Оскар» сыйлығы 2029 жылдан бастап YouTube платформасында көрсетіледі, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Америкалық Киноакадемияның ресми мәлімдемесінде айтылды.
Академия мен YouTube арасындағы келісім 2033 жылға дейін есептелген. CNN атап өткендей, бұл келісім ойын-сауық индустриясы үшін бетбұрыс кезең болмақ, өйткені трансляция дәстүрлі теледидардан жаһандық стриминг платформасына ауысады.
Құқықтар пакетіне марапаттау рәсімінің өзі, қызыл кілемнен тікелей көрсетілім, сахна сыртындағы кадрлар және Губернаторлар балы енген. Барлық контент әлем бойынша көрермендер үшін тегін қолжетімді болады.
Келісім тараптары платформаның ауысуы шекараларды жойып, «Оскарды» халықаралық аудитория үшін барынша қолжетімді етеді деп үміттенеді.
The Walt Disney Company-ге тиесілі ABC телеарнасы «Оскар» сыйлығын 50 жылдан астам уақыт бойы көрсетіп келеді. Арна салтанатты рәсімді тағы үш рет көрсетеді. 2028 жылы өтетін 100-ші, мерейтойлық марапаттау рәсімі ABC арнасы үшін соңғысы болмақ.
ABC өкілдері: «Алдағы үш трансляцияны, соның ішінде 2028 жылы өтетін шоудың 100 жылдығын асыға күтеміз және Америкалық Киноөнер және ғылым академиясына алдағы жұмысына табыс тілейміз», – деп мәлімдеді.