Мәзір
Заң мен тәртіп

Супермаркеттегі талаптар: тұтынушы не білуі керек?

Супермаркеттегі талаптар: тұтынушы не білуі керек?
Ашық дереккөз

Супермаркеттер мен сауда орталықтарына келушілер көбейген сайын, даулы жағдайлар да азаймай отыр. Көп жағдайда мәселе күзетшілердің талаптарынан туындайды — олар кейде сатып алушылардан сөмкені арнайы ұяшыққа қалдыруды немесе ішін ашып көрсетуді сұрайды. Мұндай әрекеттер заңға сай ма? Бұл сұраққа жауапты Alashorda.kz ақпараттық агенттігі іздеп көрді.

Сөмкеңізбен сауда залына кіру – заңды құқығыңыз

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ақпараты бойынша, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" ҚР Заңының 24-бабына сәйкес, азаматтардың тауарлар мен қызметтерге еркін және қауіпсіз қол жеткізу құқығы бар. Бұл сатып алушының сауда орнына жеке заттарымен — сөмке, рюкзак және т.б. — еркін кіруге құқығын білдіреді. Заңда оларды сақтау камерасына тапсыру міндеті көзделмеген. Егер күзетші мұны ұсынса, тек өз еркіңізбен ғана келісуге болады. Бұл жағдай ҚР Азаматтық кодексінің 39-тарауындағы "Сақтау шартымен" реттеледі, ал 380-бап бойынша кез келген шарт өзара келісім негізінде жасалады.

Күзетші сөмкеңізді тексеруге міндеттей алмайды

Шығар кезде күзетші сөмкені ашып көрсетуді сұрауы мүмкін, бірақ бұл – талап емес, тек өтініш. Сіз бұдан бас тартуға толық құқылысыз. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 16-бабына сай, жеке тексеру мен заттарды қарау тек әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайда және тек полиция қызметкерлері тарапынан жүргізілуі мүмкін. Мұндай іс-шаралар бейнежазбаға түсіріліп, міндетті түрде хаттама толтырылуы тиіс (ҚР ӘҚБтК 791-бабы). Күзетші сізді ұстай да, тінте де алмайды, тек полицияны шақыруға құқылы.

Күзетшілердің шектеулері нақты заңмен белгіленген

"Күзет қызметі туралы" ҚР Заңының 1, 3 және 4-баптарында күзетшілердің міндеті – нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүлікті қорғау деп көрсетілген. Алайда олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге, жеке тінту жүргізуге немесе заңсыз күш қолдануға құқылы емес. Егер күзетші өз өкілеттігін асыра пайдаланса, ол ҚР Қылмыстық кодексінің 252-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.

Құқығыңыз бұзылса не істеу керек?

Ең бастысы – сабыр сақтаңыз. Заңсыз талаптардан сыпайы түрде бас тартып, қажет болса, полиция шақыруды ұсыныңыз. Болған жағдайды бейнежазбаға түсіріп алыңыз немесе куәгерлерді тартыңыз. Кейін супермаркет әкімшілігіне шағым жазыңыз немесе жергілікті полиция бөліміне жүгініңіз.