Мәзір
Мәдениет

Тоғызқұмалақ – ұлттық құндылығымыз

Тоғызқұмалақ – ұлттық құндылығымыз
Фотосурет: Семейдің тарихи- өлкетану музей қорынан алынды

Тоғызқұмалақ – ұлттық құндылығымыз

2026 жылғы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Наурызнама онкүндігі аясында қазақ ұлтының ұлттық ойыны – Тоғызқұмалақ турасында өз ой-пікірімді бөлісуді жөн санадым. Ұлттың зияткерлік болмысын айқындайтын бұл ойын – ғасырлар сүзгісінен өтіп, бүгінгі күнге жеткен асыл мұра.

Әлемдік ойдың алыбы Абай Құнанбайұлы да осы ғаламат ойынды ойнағаны белгілі. Айтпақшы, ұлы ақынның 180 жылдығы аясында ұлттық спорт – Тоғызқұмалақ ойынының «Бас жүлдесіне» автокөлік тігілуі – бұл өнерге деген құрметтің жылдан-жылға артып келе жатқанын айқын аңғартады.

Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың айрықша кезеңі. Қазақ халқы үшін бұл мереке тек көктемнің келуі ғана емес, рухани тамырмен қайта қауышу, дәстүр мен салтты дәріптеу уақыты. Соның ішінде Наурызнама онкүндігінің аясында атап өтілетін 20 наурыз – Ұлттық спорт күні – халқымыздың бай мұрасын жас ұрпақ санасына сіңірудің маңызды тетігі.

Ұлттық спорт – халықтың болмысын, дүниетанымын, өмір салтын айқындайтын асыл қазына. Сол қазынаның ішіндегі зияткерлік шыңы – Тоғызқұмалақ ойыны. Бұл – жай ғана ойын емес, ғасырлар қойнауынан жеткен терең ой мен төзімділіктің, есеп пен ептіліктің, парасат пен пайымның мектебі.

Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық ойыны ретінде әлемдік деңгейде танылып келе жатқан бірегей зияткерлік мұра. Оның шығу тарихы тым тереңде жатыр. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз табиғатпен үндесіп қана қоймай, ой-санасын дамытуға ерекше мән берген. Соның нәтижесінде дүниеге келген Тоғызқұмалақ ойыны – логикалық ойлау қабілетін жетілдіретін, стратегиялық шешім қабылдауға баулитын ғажайып құрал.

Бұл ойынның ерекшелігі – қарапайымдылығы мен күрделілігінің үйлесімінде. Бар болғаны 9 отау мен 162 құмалақтан тұратын ойын тақтасы сырттай қарағанда оңай көрінгенімен, оның ішкі әлемі тұтас бір ғылымға пара-пар. Әр жүріс – есеп, әр шешім – тактика, әр ойын – тұтас бір өмір сабағы іспетті.

Бүгінде Тоғызқұмалақ тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық аренада да кеңінен насихатталып келеді. Әлемнің көптеген елдерінде бұл ойынға қызығушылық артып, арнайы федерациялар құрылуда. Бұл – қазақ халқының зияткерлік мұрасының жаһандық деңгейде мойындалып отырғанының айқын дәлелі.

«Ұлттық спорт күні» аясында ұйымдастырылатын Тоғызқұмалақ турнирлері – тек жарыс қана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған рухани көпір. Әсіресе мектеп оқушылары арасында өтетін жарыстардың маңызы зор. Өйткені дәл осы кезеңде баланың ойлау қабілеті қалыптасып, зияткерлік әлеуеті дамиды. Тоғызқұмалақ арқылы оқушы сабырлылыққа, ұқыптылыққа, алға жоспар құруға үйренеді.

Сонымен қатар, бұл ойын – ұлттық бірегейлікті сақтаудың тиімді құралы. Ғаламдану дәуірінде әр ұлт өз болмысын жоғалтпай, керісінше, оны жаңа қырынан таныта білуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Тоғызқұмалақ – қазақтың брендіне айналуға лайық рухани құндылық.

«Ұлттық спорт күні» – тек өткенге тағзым емес, болашаққа бағытталған қадам. Бұл күні әрбір азамат өз ұлтының бай мұрасына көз жүгіртіп, оны дәріптеуге үлес қосуы қажет. Әсіресе ұстаздар мен ата-аналардың рөлі айрықша. Олар жас буынға ұлттық ойындардың мәнін түсіндіріп, қызығушылық оятуы тиіс.

Қорыта айтқанда, Тоғызқұмалақ – ұлттың ойлау жүйесінің айнасы, рухани кемелдіктің көрінісі. Наурызнама онкүндігінің аясында аталып өтетін «Ұлттық спорт күні» – осындай асыл мұраларды жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңірудің жарқын үлгісі.

Ұлттық ойын – ұлттың жады. Ал сол жадыны оятатын – біз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ұлттық құндылық – өркениетке жол бастаған барыс мінезді елімізге тән сипат, сонысымен ғасырлар керуенінде мәңгі желкен кермек!

Ерік Қайратбекұлы, Семей қаласы