Америкалық санитарлық компания 100-ден астам баланы қауіпті жұмысқа алған

АҚШ-тағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ірі компаниялардың бірі 100-ден астам баланы қауіпті жұмыстарға алған. Бұл туралы жұма күні елдің Еңбек министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты Синхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Висконсин штатының Килер қаласында орналасқан Packers Sanitation Services компаниясы Еңбек министрлігінің тергеуінен кейін «13 пен 17 жас аралығындағы кем дегенде 102 баланы қауіпті жұмыстарға тартып, оларды ет өңдейтін 13 кәсіпорында түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр еткенін анықтағаннан кейін 1,5 миллион АҚШ доллары көлемінде азаматтық айыппұл төледі» – делінген хабарламада.
2022 жылдың тамыз айында басталған тергеу амалдары бойынша, балалар қауіпті химиялық заттармен жұмыс істеп, ет өңдеу жабдықтарын, соның ішінде ет кесетін станоктар мен бас бөлгіш машиналарды тазалаған.
Америка Құрама Штаттары БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын ратификацияламаған әлемдегі жалғыз мемлекет.
Фото: Josh Funk/AP