Сирияда кешегі зілзаладан 4 тұрғын қаза тауып, 470 адам зардап шеккен
Кеше Түркияда болған жерасты дүмпуі көршілес Сирияға да залал келтірген, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты Deutsche Welle агенттігіне сілтеме жасап.
Алдын ала дерек бойынша 4 адам қаза тапқан.
Сирияның адам құқықтары жөніндегі бақылау орталығының (SOHR) дерегінше, 470 адам зардап шекті: оның 320-ы үкімет бақылауындағы өңірлерде болса, 150-і Сирияның көтерілісшілер бақылауындағы солтүстік-батыс аудандарында.
Бірнеше апта бұрын ғана Түркия мен Сирияның шекарасында магнитудасы 7,8 балдық жойқын зілзала болды.
6 ақпандағы апат екі елде 46 000-нан аса адамның өмірін қиды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, сол кезде жер сілкінісі салдарынан 23 млн адам зардап шеккен.
Еске сала кетейік, кеше Түркияның Хатай провинциясына қарасты Дефне ауданында да 6,4 магнитудалық жер сілкінісі тіркелген еді. Кешірек қуаты 5,8 магнитудаға жететін тағы бір жер сілкінісі болды.
Жаңа жер сілкінісінен Түркияда 3 адам қаза тапқан, 300-ге жуық адам жарақаттанған.
Антакия мен Искендерун қалаларының арасындағы жол қирады. Бүлінген ғимараттар да бар екені айтылып жатыр.
Фото: Berkcan Zengin/Reuters