Астана қаласының Сарыарқа ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түнгі рейд өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры Қасымжомарт Бейсенбай бұл іс-шараның маңызы зор екенін атап өтті.

– Рейд барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесу, кальян өнімдерін тұтыну фактілерін анықтау, полиция органдарында есепте тұрған тұлғаларды тексеру, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болу фактілерін анықтау және өзге де профилактикалық іс-шараларға ерекше назар аударылды. Мұндай рейдтік шаралар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың қауіпсіздігін сақтауға және заңға бағынатын қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі, – деді Қасымжомарт Бейсенбай.
Сарыарқа ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі басшысы Дамир Хисматуллиннің айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ауданда ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
– Бүгін біз есірткі заттарын заңсыз сақтаудың алдын алу мақсатында 20-ға жуық түнгі клуб, караоке және лаундж-барларда профилактикалық іс-шаралар аясында рейд жүргіздік. Жыл басынан бері «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша 50-ден астам, ал «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылды, – деді Дамир Хисматуллин.