Халықаралық сарапшы Нұрболат Нышанбай еліміздің жаһандық және бітімгершілік бастамаларының маңызды екенін айтады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«Жалпы, еліміздің бітімгершілік бастамаларының маңызды екеніне соңғы 1–2 жылда көзіміз анық жетіп отыр. Бұған дейін біз бітімгершілік бастамаларды имидждік тұрғыдан, яғни жаһандық бейбітсүйгіш елдің бір бөлігі ретінде қарастырып келдік. Алайда Таяу Шығыстағы жағдай күрделенгеннен кейін бұл бастамалардың мәнін қайта түсіне бастағандаймыз.
Неге? Біріншіден, халықаралық ұйымдар аясында бітімгершілік бағытта белсенді елдер қақтығыс тараптарына медиаторлық қызмет ұсынып жатыр. Екіншіден, бітімгершілік күштерін қақтығыс аймақтарына жіберу арқылы біз әскери тәжірибе жинақтаймыз. Әскерилеріміз соғыс жағдайын көзбен көріп, елге оралған соң қорғаныс саласында сол тәжірибені қолдана алады.
Менің ойымша, Қазақстан Орталық Азияда бітімгершілік бағытта белсенді жұмыс істеп жатқан бірден-бір ел. Оның бір артықшылығы – Қорғаныс министрлігіне қарасты ҚазЦент бітімгершілік батальоны. Яғни Орталық Азия бойынша мамандар даярлау және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар еліміз БҰҰ аясында маңызды жұмыстар атқарып келеді.
Біз үшін сыртқы саясат әрдайым халықаралық қатынастарда қақтығыстар мен соғыстар күшейген кезде сыннан өтетіндей әсер қалдырады. Себебі еліміз көпвекторлы саясатын сақтауға ұмтылады. Ал Ирандағы жағдай осы саясатымызды тағы бір мәрте сынақтан өткізді. Менің ойымша, Қазақстан бітімгершілік миссиясын күшейту арқылы болашақта орта держава ретінде өз бағытын айқындайды. Осы арқылы біз аймақта сыртқы саясат тұрғысынан жауапкершілік ала аламыз», – дейді сарапшы.