Мәзір
Мәдениет

Қалтасындағы ақшаны шашып жібергенде Лашын еңбектеп жүріп сыпырып алды – Қалиқан Ысқақ

Қалтасындағы ақшаны шашып жібергенде Лашын еңбектеп жүріп сыпырып алды – Қалиқан Ысқақ
Ашық дереккөз

Белгілі жазушы Қалихан Ысқақ “Келмес күндер елесі" деген кітапта Мұқағали Мақатаевтың отбасына қатысты қолайсыз жайды еске алады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

...Ол кезде "Жазушы" баспасы Жазушылар Одағының бірінші қабатында еді. Суатқа таласқан қойдай сығылысып жүріп кассадан қаламақы алып шықтық. Мұқағали таңдамалы жинағына тоғыз мың сом алды. Тоғыз мың — бір "Волга", әйтпесе екі "Жигули". Кассадан шығуы мұң екен, Лашын Мұқағалидың жағасынан алды. Жұрт көзінен ұялған Ақын:

– Саған керегі мен емес, мынау ғой!- деп қалтасындағы ақшаны шашып жібергенде еден көл бетіндегі күзгі жапырақтай жайрады да қалды. Лашын тоңқаңдап, еңбектеп жүріп сыпырып алды.

Ертеңгісін бәріміз Одақтың екінші қабатындағы холға жиналатын едік. Жаңалық та, өсек-аяң да осы жерден бастау алатын. Мұқағали моншаға түсіп келген екен:

– Шіркін, бір саптаяқ мұп-мұздай сыра, бір істік ып-ыстық шашлық болар ма еді!- деп тамсанып қойды. Сонда Рамазан:

–  Әй, Мұқағали! -деді. — Бүгін моншаға баратыныңды білгенде кешегі тоғыз мыңнан тым болмаса бір теңге алып қалмадың ба?!-деп еді, Ақын жігіттерден қысылғаннан жерге кіріп кете жаздады.

Моншаның шыптасы 20 тиын, бір саптаяқ сыраның пұлы 25 тиын, бір істік шашлықтың құны 25 тиын...

Мұқағали ақша шашқан адам емес, ілтипат үшін болса да дос-жарандарын сыйлаған да емес, өйткені, қашанда оның қалтасында соқыр тиын да болмайтын. Керісінше, оны дос-жарандары, жалпы өлең сүйер қауым сыйлайтын да оған деген сыбағасын қатынынан жасырса да сары майдай сақтап жүретін еді. Ол қаламақыны Тұманбай, Қадырлардан кем тапқан жоқ, сөйте тұра отбасы қораш тірлік кешті. Таң қалатын қисынсыз нәрсе. Берекесіздік пе, әлде тегінен ырыс қонбаған шаңырақ па?..Менің бір күдігім, үйінде Мұқағалиға арнап қазан көтерілмеген сияқты. Нәпақасы да, дәм-тұзы да ел үстінде болды...