Өткен түні Швейцарияның Кран-Монтана тау шаңғысы курортында жарылыс болды. Қаза тапқандар бар, бірнеше адам өте ауыр күйік пен жарақат алды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі BILD басылымына сілтеме жасап.
Швейцариялық Blick басылымының мәліметінше, түнгі шамамен 01:30-да Жаңа жылды қарсы алу кезінде Le Constellation барында өрт шыққан. Аталған мекеме жертөле қабатында орналасқан. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына концерт барысында қолданылған пиротехника себеп болуы мүмкін. Бұл нұсқаны бірнеше адам RhoneFM жергілікті радиостанциясына да хабарлаған.
Швейцарияның тау шаңғысы курортындағы барда Жаңа жыл түні болған өрт салдарынан шамамен 40 адам қаза тауып, 115 адам күйік пен түрлі жарақат алған. Бұл туралы жергілікті полиция басшысы мәлімдеді.
Вале кантоны полициясының басшысы Фредерик Гилер баспасөз мәслихатында қаза тапқандарды, сондай-ақ ауыр күйік алған кейбір жәбірленушілерді анықтау біраз уақытты талап ететінін айтты.
Оның сөзінше, зардап шеккендер Женева, Лозанна, Берн және Цюрих қалаларындағы ауруханаларға жеткізілген.
Кран-Монтана Вале кантонында орналасқан және көптеген танымал қонақтар келетін беделді курорт ретінде саналады. Мереке күндері ол әдетте толықтай толады: шамамен 10 мың тұрғыны бар аймақта 2 600-ге жуық қонақүй орны бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кран-Монтана тау-шаңғы курортындағы өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Швейцария Конфедерациясының Президенті Ги Пармеланға көңіл айтты.
Қазақстан Президенті жақындарынан айырылған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ еліміз осы қиын-қыстау сәтте Швейцария халқын қолдайтынын жеткізді.