Саяси санамызды қалыптастыруымыз керек – Шығыстанушы

Әлемдегі әр халық рухани өсіп өркендеу мен құлдырауды бастан өткереді. Сол секілді қазақ халқының рухани құндылықтары бір заманда дамыса, енді бірде әлсіреп отырған. Мұның себебі неде?
«Салт-дәстүр құндылығы адамдарды тәрбиелейді»
Филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменейдің айтуынша, қазақ халқының басты құндылығы оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы.
«Өкінішке қарай бізге нақты ірге болған дәстүр жыл санап емес, ай санап, тіпті күн санап өзгеріске ұшырап, ауытқып бара жатыр. Әр отбасы өз білгенінше ойына келген өзгеріс енгізіп, еліктегіш психологиямыз ұлттық құндылықтарымызды күйретіп жатыр. Той мен садақалардың қазіргі күйін көргенде шошитын жағдайға жеттік. Бір қынжылтатыны азаматтардың басым көпшілігі осының барлығы қазақтың салт-дәстүрі деп есептейді. Мұны бұлай жібере беруге болмайды. Қазір шыны керек «Әй дейтін әке, қой дейтін көке жоқ» болып кетті.
Мәселен, салт-дәстүрдің атына көп нәрсені тықпалап жатыр. Былайша айтқанда еш нәрсе орнында емес. Айталық көп адамдар жаңа жылды қыста тойлайды. Ал біздің жаңа жылымызды көктемде тойлау үшін көптеген іс-шаралар жасауымыз керек. Наурыз бұрын патшалардың, хандардың тойлайтын мерекесі болған. Осы билік өкілдерінің бұйрығы арқылы Наурыз секілді мейрам дүниеге келген болатын. Себебі халық деген өздігінен жалпылама дәстүрді қалыптастыра алмайды. Оны билік бекіткеннен кейін ол кеңінен дәстүрге айналады. Бір бастама халықтың ішінен шықса, сол аймақтағы билік оны мақұл көріп, кейінірек оны таратып, ел арасында дәстүрге айналдырады. Біздің мәселелеріміз жүйесіздіктің әсерінен болып жатыр. Қазіргі дәстүрлер жүгенсіз кетіп бара жатқан сияқты. Салт-дәстүріміздің құндылығы адамдарды тәрбиелейді.
Мысалы бұрын бір мәселе туындаса, оның басында тұратын, әділетін айтатын ақсақалдар болған. Міне осы ақсақалдар институты сол мәселе бойынша шешім шығарады. Ал енді біз мемлекетпіз ғой. Сол мемлекеттің ақсақалы, атасы – билік. Біз қазір күлкілі, айтуға тұрмайтын тақырыптарды талқылайтын болдық. Ал оның орнына тәрбиелік мәні бар, ұлтымызға пайдасы бар, зияны жоқ ақпараттарды шығарса, дұрыс болатын еді», – дейді ол.
«Жыраулық және күйшілік дәстүрдің арқасында өзімізді сақтадық»
Қазақтың арғы бергі тарихында халқымыздың рухани құндылықтары қалай өзгерді? Мысалы Қазақ хандығы мен Патша немесе Совет үкіметі тұсындағы халқымыздың рухани құндылығында өзгеріс бар ма?
«Совет Одағынан бұрын айтатын болсақ, біздің 3000 жылдықтан бері қалыптасқан яғни бізді қазақ қылып сақтап отырған салт-дәстүріміз бар. Біздің бұл жазылмаған заңымыз – Конституция секілді мығым болды. Дәстүрдің сақталғанын біз 1847 жылы Кенесары хан өлтіріліп, хандық билік жойылғанша көрдік деп айтуға болады. Одан кейін Алаш арыстары 1904 жылдан бастап саяси мәселелерді қалыптастыра бастаған кезде салт-дәстүрді негізге алған. Яғни хандық билік жойылған 1847 жылдан бастап, Алаш арыстары іске кіріскен уақытта бізде ешқандай саяси жүйе болмады. Бірақ осы өлара уақытта қазақты қазақ етіп сақтаған жыраулық дәстүр болатын.
Қазақ осындай кең байтақ жерде, бір-бірінен мыңдаған шақырым қашық жерде болса да, бізде мүлде диалект жоқ. Барлығына түсінікті бір тіл болды. Бұған біз ненің арқасында қол жеткіздік? Ашығын айтқанда жыраулық дәстүр мен күйшілік дәстүрдің арқасында біз өзімізді сақтап қалдық. Мәселен біз «ХV ғасырдан бастап қазақ атанып, тарих сахнасына шықтық» деп айтамыз. Әйтсе де оған дейінгі түркі дәуірінде болған жыраулық салт-дәстүрлерді қазақтар сақтап қалған.
Ал енді 1917 жылы Кеңес Одағы кезінде большевиктер билікке келіп, адам айтса сенгісіз күйзеліске ұшырадық. Коммунистер қазақ руханиятына пәрменді, жойқын шабуыл жасады. Соның өзінде біз салт-дәстүрімізді сақтап қала алдық. Өкінішке қарай Тәуелсіздік алғаннан кейін салт-дәстүріміз күннен күнге өзгеріске ұшырап жатыр. Мысалы азаттықтың алғашқы жылдары кітапхана мен балабақшалардың сатылуы кең етек алып, жекеменшікке өтіп кетті. Біздің салт-дәстүріміз экономикалық қиындыққа тап болғандай құлдырай бастады. Халқымыздың бай салт-дәстүрін пәрменді түрде халықтың игілігіне дамытуға амал-әрекеттер жасауымыз керек еді. Өкінішке қарай ол кезде оны түсінетін басшылар болмады. Ұлттық құндылық дегеніміз ақша табу, дүние табу болып кетті», – дейді шығыстанушы ғалым.
«Рушылдықты жалған үрдіске айналдырып отырмыз»
Ислам Жеменей рушылдыққа байланысты ойын ортаға салды. Ол рушылдықты мансап үшін пайдалану үрдісі бар екенін ескертті.
«Кейбір адамдар «Қазақ рушыл болып кетті» деп айтады. Шын мәнінде қазақ рушыл емес. Рушылдық деген ұжымдасып ауызбірлікте жұмыс істеу емес пе? Бұрынғы кең байтақ, кең далада табиғат аясындағы адамдарға жыртқыш аңдардан және жол торыған қарақшылардан қауіп болған. Осы қауіптің бәрінен Түркістан қаласында отырған хан халықты сақтай алмайды. Демек ру дегеніміз әр түрлі қауіп-қатерден сақтану үшін жасалған дәстүр. Мысалы үлкен әулет 7 атаға дейін үйленбей, бірін-бірі қарақшыдан, табиғаттың әр түрлі қауіп-қатерінен қорғайды. Қазақ «Жалғыздың шаңы шықпайды» деп бекер айтпайды.
Ал қазір сол табиғи үрдісті, яғни рушылдықты жалған үрдіске айналдырып отырмыз. Мысалы қазір рушылдық арқылы билікке келіп, өзінің туыстарын ақымақ қылып алдарқатып қоятын адамдар бар. Шын мәнінде қазір рушылдық дәстүрі жарамайды. Оны түсіндіретін іс жүзіндегі билік болуы керек. Рушыл болатын заман өтті. Қазір Алтай мен Атыраудың арасында халық қоян-қолтық араласатын дамыған заман. Ұшақ немесе телефон арқылы тез арада байланыса алатын уақыт. Мұны әрине билік істей алады. Мұндай кезде рулық қарым-қатынас кімге керек?
Әрине жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеу өте маңызды. Ал енді қандайда бір руласыма көмектесемін десең, оған ешкім кедергі бола алмайды. Өзің үшін жеті атаңды біліп жүр. Бірақ оны саяси қаруға немесе оны қоғамдық арқа сүйер тау етіп халықты ақымақ қылуды қою керек. Өкінішке қарай мұны қоймайды. Неге? Біздің еліктегіш саяси санамыз жоқтықтан таяқ жеген халықпыз. Саяси сана деген ұғымды адамның миына құю керек. Саяси сана дегеніміз не? Біз өзіміздің мемлекетімізді сүйеміз, оның билігі мен үстемдігі біздің қолымызда деген сана керек. Халық ішкі және сыртқы күшке алданбайтын, тәуелсіз ойлай білуі керек. Бір сөзбен айтқанда саяси санамызды қалыптастыруымыз керек», – дейді ол.