Мәзір
Мәдениет

Өз заманының талабына жауап берген тұлға

Өз заманының талабына жауап берген тұлға
Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Тұлғаның өсу жолы

Жанкелді Ерденұлы Шымшықтан – туған халқының тағдыры мен тарихы бостандыққа ұмтылған кезеңде күресе білген, өз заманының талабына жауап берген тұлға.

Ол 1951 жылдың 7 сәуірінде Ақмола өңірінің қасиетті топырағында, бұрынғы Балкашин (Сандықтау) ауданына қарасты Жыланды ауылында дүниеге келді. Балалық шағы Атбасар ауданының Алғабас ауылында өтті. Сол ауылдың топырағы, сол кезеңнің деңгейіне сай білімді әке мен шешенің тәлім-тәрбиесі оның бойына еңбекқорлықты, қарапайымдылықты сіңірді. Оның әкесі Ерден Шымшықұлы соғыс ардагері болатын, қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары білімді мұғалімі ретінде ұзақ жылдар бойы қайтыс болғанша Атбасар ауданындағы жалғыз қазақ мектебінің директоры болды. Анасы Күлмаш Нұрпейісқызы да жоғары білімді математика ұстазы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атанған жан еді. Әкесі мен анасы да ұстаздығымен көрінген жандар ретінде балаларын ұятқа қалдырмауды, үлгілі болуды, еңбекке баулуды үйрететін. Балалары әке-шешенің айтқанын орындады, бәрі де айналасына үлгі-өнеге көрсете білді.

Алайда Жанкелді Ерденұлының өмір жолына сол заман өз ізін салмай қоймады. Кеңестік кезеңде ұлттық болмыстың түрлі өзгерістерге ұшырағанын оның өз есімінің құжатқа бұрмаланып жазылуынан көруге болады. «Шымшықтан» тараған әулеттің ұрпағы бола тұра, ресми құжаттарда «Шимшиков Жангельды Ерденович» болып тіркелуі – сол дәуірдің шындығы еді. Дегенмен, бұл сыртқы өзгерістер оның ішкі болмысын өзгерте алған жоқ.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші білімге деген ұмтылыс оны үлкен жолға бастады. 1968 жылы Атбасар қаласындағы Ә.Майкутов атындағы қазақ мектеп-интернатын тәмамдаған ол, білімін одан әрі жалғастырып, 1978 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және экономика факультетін қызыл дипломмен аяқтады. Бұл – оның тек талапты студент емес, болашағынан үміт күттірген жас маман болғанын айғақтайды. Ол өзінің кәсіби жолын Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында аға оқытушы ретінде бастады.

Уақыт өте келе ол тек оқытушы ғана емес, ғылым мен қоғамды байланыстыра білген сұңғыла ғалымға айналды. Петербургте микроэкономика, Алматыда макроэкономика бағыттары бойынша білімін жетілдіруі – оның үнемі ізденісте болғанын көрсетеді.

Ғылыми-зерттеу мен педагогикалық қызметті қатар алып жүріп, ол жоғары оқу орындарында доцент, профессор ретінде талай шәкірт тәрбиеледі. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттарында, бұқаралық ақпарат құралдарында экономикалық сарапшы ретінде де қоғам өмірін шынайы көрсете білді.

Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор, Мәскеу аграрлық білім академиясының академигі атануы – ұзақ жылдық еңбектің заңды нәтижесі. Жүзден астам ғылыми және публицистикалық мақалалары, монографиялары – оның ойшыл, сарапшы ретіндегі келбетін айқындай түсті. Кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор, ғылыми-зерттеу институтының Астана филиалының директоры сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқаруы да – оның ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби біліктілігінің дәлелі.

Ол жеке шығармашылықпен де айналысты. Оның сөзі мен әнін өзі жазған «Алақан», «Айналдым» әндері бар. Сондай-ақ сөзі М. Жұмабаевтікі әні Жангелді Ерденұлінікі «Сүйемін» әні жүлде де алған еңбек. Оның орысша, қазақша бірге шыққан «Үлес, Вклад» әңгімелер мен мақалалар жинағы, «Аға буынға тағызым» атты өмірбаяндық еңбегі жарық көрген. Белгілі ақын, қоғам қайраткері М.Шахановтың роман-эссесін «Исповедь охотника над пропастью» деп орысшаға аударуы Жангелдінің бұл салаларда да табыссыз емес екенін білдіреді.

Жанкелді Ерденұлының еңбек жолы – бір адамның қызметтік өсуі ғана емес, тұтас бір дәуірдің интеллектуалдық келбетін айқындайтын жол болды.

Ол үшін еңбек – күнкөріс көзі емес, ардың ісі болды

Жанкелді Ерденұлының өмір жолы – қарапайым ауыл баласының табандылық пен білім арқылы биікке көтерілгенінің айқын көрінісі. Бұл – тек жеке тағдыр емес, бұл – ұрпаққа үлгі боларлық өмір мектебі. Осындай тұлғалардың өмір тәжірибесі уақыт өткен сайын құнын жоғалтпақ емес. Керісінше, бүгінгі және келер ұрпақ үшін бағыт-бағдар беретін шамшыраққа айналмақ.

Еңбекті біреулер міндет деп қабылдайды, біреулер тағдырдың талабы ретінде көреді. Ал Жанкелді үшін еңбек – адамдықтың басты белгісі еді. Оның еңбек жолы ресми қызметтен емес, ауылдың қарапайым тіршілігінен басталды. Мектептің 5-сыныбында жүргеннен-ақ шөп шабу, егін орағы сияқты маусымдық жұмыстарға араласып, өмірдің нағыз мектебінен өтті. Бұл – жай ғана еңбек емес, бұл – балалық шақтан бастап қалыптасқан жауапкершілік пен төзімнің, адалдықтың алғашқы сабақтары еді.

Жасөспірім шағында қолына күрек пен айыр ұстаған бала, есейе келе өмірдің әр саласында да сол еңбекқорлығынан нәтиже шығара білетіні ақиқат. Жангелдінің әскери борышын өтеп келгеннен кейін, Алматыдағы құрылыс комбинатында бетоншы болып жұмыс істеуі – оның еңбектен қашпайтын, кез келген істі адал атқаруға дайын азамат екенін айқын көрсетті. Бұл кезең оның шыдамын, физикалық және рухани төзімділігін одан әрі шыңдады.

Студенттік жылдары да оның өмірі тек біліммен шектелмеді. Жаз айларын комбайн тізгіндеп, студенттік құрылыс отрядтарында өткізуі – оның еңбекті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырғанының дәлелі. Ол үшін еңбек – қосымша іс емес, адамдық тәжірибенің майданы болды. Содан да болар еңбек жолын Торғай облысы Жақсы ауданындағы Құмай совхозында бастап, өмірдің шынайы тәжірибе мектебінен өтті. Ол ешқашан арамтамақ болмауды, маңдай термен өмір сүруді үйренді.

Осы жылдардың барлығында оның еңбекші қазаққа деген өмірлік құрметі қалыптасты. Осыдан болар, өзі де туған халқы үшін қандай қиын іс болмасын атқаруға әр уақытта дайын болды. Соның бір мысалы, 1990-1991 жылдары Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында болған зілзаланың салдарын жоюға белсене атсалысуы. Сол кезде Ақмола құрылыс-инженерлік институтының проректоры бола тұра, жүзге жуық студентті өзі бастап барып, Айнабұлақ совхозында жаңа үйлер салу ісін ұйымдастыруы – оның ел алдындағы азаматтық жауапкершілігінің айқын көрінісі. Бұл – жай ғана құрылыс салу емес еді. Бұл – қиындыққа тап болған халыққа нақты көмек көрсету, үміт сыйлау, елмен бірге болу деген сөз еді. Ол сонымен қатар студенттерді де еңбекке, адамдыққа, жанашырлыққа тәрбиелеу еді.

Осындай өмір жолына қарап отырып, Жанкелді Ерденұлының бейнесі – еңбектен биікке көтерілген, маңдай терін халыққа арнаған азаматтың бейнесі ретінде айқын көрінеді.

Осыдан оның ғұмыры бір ғана адамның өмірі емес, ол – еңбек арқылы қалыптасқан тұлғаның шынайы шежіресі деп білеміз.

Ол – ағысқа қарсы жүзді

Тарихтың әр кезеңінде уақыттың ағысымен бірге жүретіндер болады, ал сол ағысқа қарсы жүруге жүрегі дауалайтындар – саусақпен санарлық. Жанкелді Ерденұлы сол сирек жандардың бірі.

Қазақстанның Тәуелсіздікке дейінгі кезеңі – сырттай тыныш көрінгенімен, іштей қайшылыққа толы уақыт болатын. Сол кезеңде көпшілік интеллигенцияның бір бөлігі үнсіздікті таңдады. Бірі қорықты, бірі бейімделді, енді бірі шындықты көрсе де, айтуға батылы жетпеді. Ал Жанкелді олардың қатарында болмады.

1986 жылдың Желтоқсаны – қазақ жастарының намысы оянған тарихи сәт. Сол кезде Арқалықтағы санаулы азаматтардың бірі болып, ол бұл қозғалысқа іштей ғана емес, ашық түрде дем берді. Бұл – жай ғана көзқарас емес, бұл – сол заман үшін үлкен тәуекел еді.

18 желтоқсан күні Қазақ радиосы арқылы КОКП-ның сол кездегі саясатына қарсы пікір білдіру – әркімнің қолынан келмейтін батыл қадам болатын. Осы жерде ескерте кететін нәрсе Торғайлықтар Желтоқсан көтерілісін 19 желтоқсанда қолдап шыққан еді. Жангелдінің мұнысы – кеңестік жүйеге қарсы сөз айту ғана емес, өз тағдырыңды таразыға салу еді. Ол шындықты таңдады.

Оның батылдығы мұнымен шектелмеді. Жас оқытушы сол күні институт қабырғасында жарық көрген қабырға газетінде Лениннің орыс шовинизмін әшкерелейтін, көпшілік біле бермейтін мақаласын жариялады. Бұл – ресми идеологияның өз ішіндегі қайшылықты көрсету, «қасиетті» деп танылған ұғымдарға күмән келтіру болатын. Жас оқытушының – сол кездегі коммунистік жүйенің масқарасын шығарған білімділігі мен көзсіз батырлығы студенттерді көшеге сүйреді, әріптестерін іштей қолдауға мәжбүр етті.

Жанкелді Ерденұлы желтоқсанда саяси пікір білдіруші ғана емес, бұған дейін тарихи шындықты айтуға ұмтылған шынайы ағартушы да болды. 1931–33 жылдардағы аштық туралы студенттер арасында айтып, халық жадындағы қасіретті қайта тірілтуге әрекет етіп жүрген болатын. Бұл – сол уақыт үшін аса қауіпті тақырып еді. Өйткені ол ұмытуға тиіс тарихтың бетін ашу еді.

Осындай әрекеттердің бәрі оның тағдырына әсер етпей қалған жоқ. Ақыры ол Арқалықтан қуылды. Бірақ бұл қуғын – оның жеңілісі емес еді.        Жанкелді сол дәуірдегі «соқыр» интеллигенцияның бірі болудан бас тартты. Ол өзгелердің көзін ашуға тырысты. Оның бойындағы азаматтық батылдық, саяси сергектік пен тарихи әділеттілікке деген ұмтылыс – саяси-экономика маманын өз уақытының алдыңғы қатарлы ойшылдарының деңгейіне көтерді.

Жанкелді Ерденұлының сол кезеңдегі әрекеті – жай ғана жеке көзқарас болып қалмады. Бұл – Тәуелсіздікке бастар жолдағы рухани күрестің нәтижесіна айналды.

Ол – сол кезде ағысқа қарсы жүзіп, ұлт үшін сөйлегендердің бірі болды. Ал тарихта дәл осындай адамдар ғана ұмытылмайды. Мұндай ағысқа қарсы жүзетін тұлғалар көп болмайды. Олар көбіне жалғыз жортады, бірақ олардың даусы уақыт өте келе ұлттың үніне айналады.

Ол ашық саяси күрес жолын таңдады

1987 жылдан бастап Жанкелді Ерденұлының өмірі жаңа бір кезеңге қадам басты. Бұл – енді тек ғалымның, ұстаздың немесе ұйымдастырушының жолы емес, бұл – ашық саяси күрес жолы еді.

Ол Целиноградқа қуылып келгеннен кейін уақыттың тынысын дөп баса білді. Ел ішінде әлі де үрейдің салқыны сейілмеген, ал шындық айту әлі де қауіп төндіретін кезең болатын. Бірақ ол бұл жолы да үнсіз қалуды таңдамады. Керісінше, қоғамдағы қозғалыстың алдыңғы шебінен табылды. «Невада–Семей», «Тіл және мәдениет», «Азат», «Қазақстан халық конгресі», кейін «Өрлеу» сияқты сол кезеңдегі ұлт тағдырына бей-жай қарамаған ұйымдардың бел ортасында жүрді. Бұл ұйымдар – жай ғана қоғамдық бірлестіктер емес, олар тәуелсіздікке ұмтылған халықтың алғашқы саяси үнінің көрінісі еді. Ал сол үнді күшейтуге атсалысу – нағыз азаматтық ерлік болатын.

Жанкелді сол күрестің тек қатысушысы ғана емес, ұйымдастырушысы да болды. Ақмола қаласындағы төрт қоғамдық институтты біріктірген «Парасат» қоғамының саяси жетекшісі ретінде ол өзінің сүйікті ісі елдің тарихи жадын оятуға бағытталған істердің басында тұрды. Ақмолада 1990 жылдан 1993 жылға дейін Желтоқсан көтерілісіне арналған митингілерді ұйымдастыруға белсене қатысуы – оның сол тарихи оқиғаға деген құрметі ғана емес, оны ұлт санасында мәңгі қалдыруға деген ересен әрекеті еді.

Ол тоталитарлық жүйенің шындығын ашық айтып, оның зардаптарын халыққа түсіндірді. Аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін митингілер өткізу, қала зиратында сенбіліктер ұйымдастыру, ас беру – бұл тек рәсім емес, бұл ұлттың жоғалған жадын қайта тірілту, әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы нақты әрекеттер болатын.

Бұл істердің әрқайсысы сол кезең үшін үлкен батылдықты талап етті. Өйткені өткенді ашу – кеңес жүйесін одан әрі әшкерелеу деген сөз еді. Ал жүйеге қарсы тұру – әркімнің қолынан келе бермейтін іс екенін қайталап айтқымыз келеді.

Жанкелді Ерденұлының бұл қайсарлығы оның рухани тамырымен де байланысты еді. Ол – қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлінмен туыстық жақындығы бар адам. Есенберліннің азаттық рухын оятқан шығармалары, тарихи әділеттілікті көркем тілмен жеткізген еңбектері оның дүниетанымына терең әсер етті. Сол шығармалардағы еркіндікке ұмтылған рух, тәуелсіздікке деген сағыныш Жанкелдінің өз өмірлік ұстанымымен үндесіп жатты. Сондықтан да оның күресі кездейсоқ емес еді. Бұл – саналы таңдау, ішкі сенімнің көрінісі болатын. Ол үшін тәуелсіздік – жай ұғым емес, ол – күреспен келетін қасиетті құндылық еді. Сол жолда ол әлі күнге дейін сөзбен де, іспен де қызмет етуде.

Жанкелді Ерденұлының сол жылдардағы қызметі – жай ғана қоғамдық белсенділік емес. Бұл – ұлттың ояну кезеңіндегі нағыз азаматтық ерлік, рухани батырлықтың көрінісі.

Тарихта ерлік тек майданда жасалмайды. Бейбіт кезеңдегі ең үлкен ерлік – шындықты айту, тәуелсіздік үшін ашық күресу.

Ол мықты ұйымдастырушы да болды

Ұйымдастырушы болу – мінберден шешен сөйлеу ғана емес. Ол – әртүрлі ой мен көзқарасты, әртүрлі мүдде мен бағытты бір арнаға тоғыстырып, оларды ортақ мақсатқа жұмылдыра алу. Ең қиыны – осы мақсатта түзелмейтінді де түзей білу, оны айтылған пікірге иландыра білу, ақырында соңыңнан ерте білу. Жанкелді Ерденұлы осының бәрін сөзбен емес, нақты істерімен дәлелдеген тұлға болды.

Оның тәуелсіздікке бет бұрған жылдары облыстық телеарнадағы «Ұлағат», «Хроника великого джута» сияқты авторлық хабарлары – жай ғана тележоба емес, халық санасын оятуға бағытталған рухани алаң еді. Ол эфир арқылы ақпарат таратып қана қоймай, өткеннің ақиқатын бүгінмен жалғап, көрерменнің көкірегіне ой салды. Бұл – ұйымдастырушылықтың бір қыры: сананы біріктіру, ойды бағыттау еді. Осылайша оның шынайы болмысы күрделі кезеңдерде айқын ашылды.

Ақмоладағы түрлі күштердің қақтығысы тұсында ол тек бақылаушы болып қалмады. Славяндық «Лад» қоғамы мен атаман Богаевский бастаған казак қозғалыстарының қысымына қарсы тұруы – оның батылдығын ғана емес, ұйымдастыра отырып қорғай білетін қабілетін көрсетті. Бұл – жай пікірталас емес, ұлт мүддесін сақтауға бағытталған табанды әрекет еді.

Сонымен бірге, ол тек қарсыласумен де шектелмеді. Нағыз ұйымдастырушы қақтығысты тереңдетпейді, керісінше, оны шешудің жолын табады. Жанкелді Ерденұлы да осы жолды таңдады. Қаладағы әртүрлі этностардың – поляк, украин, беларус, неміс, шешен-ингуш, кәріс орталықтарын біріктіріп, ортақ келісім кеңістігін қалыптастыруы – оның ұйыстыра білудегі қабілетінің дәлелі еді.

Ол адамдарды мәжбүрлемеді, ол иландыра білді. Осы ұстанымның нақты көрінісі – «Azamat Times» газетінің жарыққа шығуы болды. Бұл басылым әртүрлі ұлт өкілдерінің үнін тоғыстырған, қоғамдағы диалог мәдениетін қалыптастырған ортаға айналды. Бұл – қағаз жүзіндегі бастама емес, шынайы ұйымдастырушылық еңбектің жемісі еді.

Жанкелді Ерденұлы жастарға да ерекше үміт артты. «Ақмола жастар қауымдастығын» құрып, оған бағыт-бағдар беруі – оның тек бүгінді емес, ертеңді ойлағанының белгісі. Ол жастарды соңынан ертті, бірақ соқыр сеніммен емес, саналы жауапкершілікпен жетеледі. Осының бәрін сараласақ, оның ұйымдастырушылық болмысы айқын көрінеді: ол – адамдарды жинай білді, ол – сендіре білді, ол – қорғап та, біріктіре де білді. Нағыз ұйымдастырушы – айқаймен емес, сеніммен жетелейді. Жанкелді дәл сондай тұлға болды. Ол үшін ұйымдастырушылық – қызмет емес, бұл – ұлтқа қызмет етудің бір жолы еді. Сондықтан да оның әрбір ісі – сөздің емес, нақты әрекеттің салмағымен өлшенетін өмірлік өнеге болып қалды.

Ол жеке басының мансабынан ұлт мүддесін жоғары қойды

Жанкелді Ерденұлының азаматтық болмысы мен саяси ұстанымы оның Ақмола облыстық Кеңесінің халық депутаты болған жылдарында айқын көрінді. Бұл – ел тағдыры таразыға түскен, әр сөз бен әр әрекеттің салмағы ауыр кезең еді.

Сол уақыттағы ең бір маңызды, әрі тарихи әділеттілікті талап еткен мәселелердің бірі – Ақмола атауының тағдыры болатын. Жердің аты – жай ғана белгі емес, ол – халықтың тарихы, жадын сақтайтын рухани таңба. Ал сол атаудың өзгертілуі – тұтас бір кезеңнің, тұтас бір дәуірдің бұрмалануы еді. Депутат Жанкелді осыны терең түсінді. Сондықтан да ол бұл мәселеде үнсіз қалуды ар санады.

«Ақмола аты қайтарылмай, елге қайтпаймыз!» – деген ұранмен Алматыға барып, аштық жариялаған топтың басында тұруы – оның жай ғана депутат емес, шындық үшін күресе білетін азамат екенін көрсетті. Бұл – сол кезең үшін аса батыл, тәуекелге толы қадам еді. Өйткені шовенизмнің «жалынан ұстатпай» тұрған заманы болатын.

Тарихи әділеттілік үшін аштық жариялау – өз өміріңді, денсаулығыңды қауіпке тігу деген сөз. Ал ондай қадамға тек ішкі сенімі берік, ұстанымы мықты адамдар ғана бара алады. Жангелді үшін бұл – тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, өткенге жасалған қиянатқа қарсы тұру болатын. Жанкелді дәл осы тұста өзінің шыншылдығын, турашылдығын, және ұлт мүддесін депутаттық мүддеден жоғары қоя білетін азамат екенін айқын дәлелдеді. Кейін Ақмоланың бас қалаға айналуы – тарихтың үлкен бетбұрысы болды. Бірақ сол үлкен өзгерістің алдында оның тарихи атауының қайтарылуы – рухани тұрғыдан аса маңызды қадам еді. Ал сол істің басы-қасында болып, күресті ұйымдастыруда депутат Жанкелдінің болуы – оның депутаттықты ел игілігіне жұмсай білгендігінің бір айқын көрінісі.

Ол қай қызметте (проректор, декан, кафедра меңгерушісі, ұйым жетекшісі) болмасын әруақытта шындықты таңдады. Ол әділеттілікті құп көрді. Ол ең алдымен тарихтың дұрыс айтылуы мен жазылуын қалады. Сондықтан да оның бұл әрекеті – ең алдымен ұлттың рухын қорғаған азаматтың ісі. Осындай сәттерде адам тұлғасы толық ашылады. Жанкелді Ерденұлы дәл сондай сәттерде жеке басының мансабынан ұлт мүддесін жоғары қойып жүрді.

Ол әрқашан стратегиялық тұрғыдан ойлады

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары – ел тағдыры таразыға түскен, болашақтың бағыты айқындалатын күрделі кезең еді. Сол уақытта алысты болжай білетін, ұлттың ертеңіне алаңдайтын санаулы азаматтар ғана шын мәніндегі стратегиялық тұрғыдан ойлай алды. Жанкелді Ерденұлы – сондай көреген саясаткерлердің бірі болды.

Ол бір нәрсені ерте түсінді: қазақ өз жерінде аз болса, тәуелсіздік те толыққанды болмайды. Бұл – жай статистика емес, бұл – ұлттың тағдырына тікелей әсер ететін шындық еді. Сондықтан да ол демографиялық мәселені жай ғана көші-қон емес, мемлекеттіліктің тірегі ретінде қабылдады.

Осы ұстаным оны 1-Дүниежүзілік қазақ құрылтайына алып келді. Бұл құрылтай – әлемге тарыдай шашылған қазақтың басын қосып, тарихи Отанына бет бұрғызған ұлы бастамалардың бірі еді. Жанкелді Ерденұлы бұл мүмкіндікті тек қатысушы ретінде емес, нақты іске айналдыра білген азамат ретінде пайдаланды.

Құрылтайдан кейін ол біртоп қандастарымызды арнайы Ақмолаға алып келіп, екі күн бойы түрлі мекемелерді аралатты. Бұл – жай ғана таныстыру емес еді. Бұл – оларға жаңа өмірге жол ашу, сенім беру, «сендер бұл елге керекcіңдер» дегенді іс жүзінде дәлелдеу болатын.

Сол кезеңде сырттай қарсы пікір білдірмесе де, іштей тосқауыл қойғысы келетін, «жат» көзқарастағы адамдар да аз болмады. Осындай жағдайда Жанкелдінің бұл әрекеті – тек түпкі ойды жүзеге асырудың дайындығы ғана емес, рухани батылдықтың да көрінісі болды. Оның басты мақсаты дұшпан пиғылдыларға ашық түрде сес көрсетіп, қазақтың өз жеріне оралуына кедергі келтірмеу керектігін білдіру еді.

Оның бұл еңбегі нәтижесіз қалған жоқ. Сол қандастарымыздың бірқатары облысқа көшіп келіп, жаңа өмір бастап, елдің бір бөлшегіне айналды. Бұл –шын мәнінде, ұлт тәуелсіздіктің іргесін бекітуге қосылған нақты үлес еді.

Жанкелді Ерденұлы үшін саясат – мінберден сөз айтып көзге көріну емес, сол сөзді – ұлттың болашағы үшін нақты әрекетке айналдыру болатын. Ол тәуелсіздіктің тек жариялаумен шектелмейтінін, оны сақтау үшін демография, бірлік, ұлттық тұтастық қажет екенін терең түсінді. Сондықтан да оның бұл қадамы – жай ғана көші-қон мәселесіне араласу емес. Бұл – ұлттың санын емес, салмағын арттыру жолындағы саналы әрекет еді. Осындай алыстан болжау – нағыз саясаткерге тән қасиет еді. Ал Жанкелді Ерденұлы дәл сол қасиетті өз ісімен дәлелдей білді.

Сондай-ақ, 2009 жыл – Қазақстан тарихында ұлт болмысы мен мәдениеті үшін шешуші маңызы бар кезеңдердің бірі болды. Сол кезде Назарбаев билігі «Қазақстандық ұлт» атты доктринаны енгізуге әрекет жасап, қазақ ұлтының ұлттық ерекшелігін біртіндеп жоюға бет алғандай қауіпті қадам жасады. Кейбір зиялы қауымға жататын азаматтар сақтық жасап, үнсіз қалды. Олардың қатарынан Жанкелді Ерденұлы жиркене қашты.

Ол сол кезде тек саяси белсенді емес, тағыда ұлт тағдырын стратегиялық тұрғыда ойлайтын азамат ретінде әрекет етті. Қазақ ұлтының болашағын ойлаған сана-сезіммен М. Шаханов бастаған ұлтшыл топқа қосылып, бірге әрекетке кірісті. Бұл – сөзбен ғана емес, нақты күреске бару, ұлттың мәдени және тарихи ерекшелігін сақтап қалу жолындағы стратегиялық қадам болып есептелді.

Нәтижесінде, Назарбаев билігі қазақ ұлтын «жайлап жою» идеясынан бас тартуға мәжбүр болды. Бұл жеңіс – стратегиялық масштабта ойлай білетін азаматтар тобының батырлығы мен батылдығының жемісі болды.

Рухани кеңістіктің жанашыры

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары – тек саяси немесе экономикалық бағытты айқындау кезеңі ғана емес, сонымен бірге рухани кеңістіктің де қайта қалыптасу уақыты еді. Сол тұста көпшілік дін мәселесіне саяси тұрғыдан мүлде немқұрайлы қарады. Ал Жанкелді Ерденұлы бұл саланың болашақ үшін қаншалықты маңызды екенін ерте түсінген санаулы саясаткерлердің бірі болды.

Ол дінді тек сенім мәселесі ретінде емес, қоғамдық тұрақтылық пен ұлттық болмыстың маңызды тірегі ретінде қабылдады. Сондықтан да 1995 жылдың 25–26 шілдесінде Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Қазақстанның қоғамдық дамуындағы ислам ілімінің рөлі» атты халықаралық мәдениеттану конференциясын ұйымдастыруы – жай ғана ғылыми шара емес, стратегиялық маңызы бар қадам еді.

Бұл жиынға Түркиядан келген Халифа Алтай, сол кездегі астана Алматыдан келген Ратбек қажы, ақмолалық Файзулла имам сияқты елге белгілі дін қайраткерлерінің қатысуы оның деңгейін айқындап қана қоймай, көтерілген мәселелердің өзектілігін көрсетті. Жанкелді Ерденұлы бұл конференция арқылы қоғамда дінге қатысты сауатты көзқарас қалыптастыруды, оның шынайы мәнін түсіндіруді мақсат етті. Баяндамаларды кітап етіп шығару арқылы ол бұл ойлардың тек бір сәттік емес, ұзақ мерзімді рухани мұраға айналуына жол ашты.

Оның көрегендігі әсіресе бір мәселеде айқын байқалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жастардың шетелдік діни оқу орындарына жаппай ағылуы басталған кезде, бұл үрдістің болашақта қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін ол алдын ала сезді. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қазақ жастарын кез келген мұсылман еліне емес, тек сунниттік, ханафиттік бағыттағы елдерде білім алуға жіберу қажеттігін талап етуі – үлкен саяси әрі рухани жауапкершіліктің белгісі еді.

Бұл – жай ұсыныс емес, бұл – елдің діни тұтастығын, ішкі тұрақтылығын сақтауға бағытталған нақты ұстаным болатын. Өйткені дін мәселесіндегі бейберекет бағыт – қоғам ішінде алауыздық туғызуы мүмкін екенін ол ерте түсінді.

Жанкелді Ерденұлы дінге немқұрайлы қарауға болмайтынын, оның қоғам өміріндегі орнын дұрыс айқындау қажет екенін сол кезеңнің өзінде батыл айтты. Ол үшін дін – тек жеке сенім емес, ол – ұлттың рухани қауіпсіздігінің бір бөлігі еді.

Ұлт қайраткері деңгейіне көтерілу

Жанкелді Ерденұлының саяси жолы – жай ғана қызмет сатыларынан тұратын өмірбаян емес, ол – ұлт мүддесіне адалдықтың біртіндеп кемелденіп, қайраткерлік деңгейге көтерілуінің айқын көрінісі.

Оның әрбір қадамы, әрбір таңдауы – жеке басының емес, халықтың тағдырымен өлшенді. Саясатты ол мансаптың баспалдағы емес, ұлт алдындағы аманатқа адал қызмет етудің жолы деп түсінді. Сондықтан да оның күресі – көзге көрінетін жеңістерден гөрі, ішкі беріктік пен ұстанымның тазалығымен бағаланады.

«Халық рухы» партиясын құруға қатысуы – осы ұстанымның нақты көрінісі еді. Бұл – билікке жетудің амалы емес, ұлттың рухын тірілтуге, қазақтың мүддесін алдыңғы қатарға шығаруға жасалған шынайы талпыныс болатын. Партия тіркелмей қалды. Бірақ бұл жеңіліс емес еді. Өйткені ол күрес арқылы қоғамда ой қозғалды, жастардың санасында ұлттық жауапкершіліктің ұшқыны тұтанды. Кейде ең үлкен жеңіс – нәтиже емес, оятылған сана болады.

Мәжіліс Парламентіне төрт мәрте үміткер болып, өтпеуі де – оның жолын тоқтата алмады. Керісінше, бұл әрекеттер оның қайсарлығын айқындай түсті. Ол үшін депутаттық мандат – мақсат емес, құрал ғана еді. Негізгі мұрат – халыққа үн жеткізу, ұлттық ойды тірілту, әділдікке шақыру болды. Ол мінберге шықпаса да, халықтың сөзін халықтың өзіне жеткізген азамат болды.

Жанкелді Ерденұлының тұлғасын биіктететін басты қасиет – оның шыншылдығы. Ол ешқашан өзін алға шығарған жоқ, еңбегін саудаламады, өткенін дабыра қылған жоқ. «Өзін өзі мақтаған, өлімнің аз-ақ алды» дегенді өмірлік ұстанымына айналдырып, әрдайым үнсіз еңбек етіп, тік жүруден қайтқан жоқ. Оның жолы – айқайсыз ерлік, жариясыз адалдық жолы.

Оның саяси, қоғамдық, ғылыми және рухани қызметі бір арнаға тоғысып, оны біртіндеп ұлт қайраткері деңгейіне көтерді. Бұл атақ оған берілген елдің атағы – ол оны өз еңбегімен, өз ұстанымымен, өз өмірімен дәлелдеді. Сондықтан оның ғұмыры – тек бір адамның өмірі емес, бұл – ұлтқа қызмет етудің шынайы мектебі. Міне, осылайша ол уақыттың ағымымен емес, ұлттың санасымен бірге биіктеген қайраткерге айналды.

Ұстаздық пен ақсақалдық кезең

Жанкелді Ерденұлының ғұмыры – бір дәуірдің шежіресі ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани сабақ. Оның өмір жолына көз салғанда, біз тек өткенді емес, бүгінді де, ертеңді де көреміз.

Бүгінде ол Туран-Астана университетінде дәріс беріп, жас буынға білім мен өмір тәжірибесін үйретіп жүр. Сонымен қатар, «Ақ Орда» астаналық ақсақалдар қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде қоғамдық өмірдің бел ортасында жүруі – оның өмірлік миссиясының әлі де жалғасып жатқанын аңғартады. Бұл – қызмет емес, ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жалғасы.

Ыбырай Алтынсарин атамыздың сөзі ешқашан ұмытылмайтын әр дәуірдің келешегіне арналған даналық сияқты: «Біз надан боп өсірдік, иектегі сақалды. Біз болмасақ сіз барсыз, сіздерге бердім батамды!». Бұл сөз Жангелді Ерденұлының аузынан қайталанғанда – өткенге өкініш емес, болашаққа сенім болып шығады. Сол сенім оның бүкіл ғұмырымен үндесіп жатыр. Ол да кейінгі буынға өзі үлгермеген, қолы жетпеген істі  аманат етеді. Оның батасы – жастарға бағытталған үнсіз үндеу: білім ал, ойлан, елге қызмет ет, бірақ өз болмысыңды жоғалтпа, жағымпаздық пен екіжүзділіктен аулақ бол, дейді.

Марапаттары – оның болмысының қарапайымдылығы мен адалдығының  көрінісі ғана. Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына арналған медаль мен Ф. Тейлордың алтын медалі – Жангелдінің қоғам мен ғылымдағы еңбегіне берілген бағалар. Бірақ оның шынайы биігі – бұлардан да жоғары еді.

Дегенмен, адамның ең үлкен байлығы – оның артында қалдырған ізі болса керек. Жанкелді Ерденұлы үшін сол із – ең алдымен ұлт үшін еңбек етуі мен тәрбиелеген ұрпағы, студенттерге берген білімі, осының бәрі жаққан шырағы. Екі ұл, төрт қыз өсіріп, немере мен жиеннің ортасында отырған абыз тұлға үшін бұл – өмірдің ең әділ таразысы. Бұл – еңбектің қайтарымы, тағдырдың сыйы.

Оның ғұмыры – күреспен басталып, кемелдікпен жалғасқан, ал бүгінде – парасатқа айналған жол. Сондықтан Жанкелді Ерденұлының өмірі – жазылған тарих қана емес, тірі үлгі, тірі өнеге. Міне, осындай ғұмыр ғана ұлт жадында өшпей, ұрпақ санасында жаңғырып отырмақ. Жанкелді Ерденұлының ғұмыры – тек тарих сахнасындағы белсенділік емес, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан рухани және әлеуметтік миссияның көрінісі.

Болат Төлепберген,

Ерлан Күзекбай, 

Астана қаласы

Abai.kz