«Нормализация» елесі: Соғыстан кейін Ресейді не күтіп тұр?
2026 жылдың көктемінде ресейлік саяси дискурста күтпеген жерден «нормализация» термині қайта жаңғырды. Бұл ұғым әдетте халықаралық қатынастардағы шиеленістің басылуын білдірсе, посткеңестік кеңістікте оның ішкі саяси мағынасы тереңірек: 1968 жылғы Чехословакиядағы «қалыпқа келтіруден» бастап, Горбачевтың «лениндік нормаларға оралуына» дейінгі мән-жайды білдіреді. Бүгінде бұл сөз Ресейдің болашағы туралы екі түрлі: Кремльге жақын және эмиграциялық ортадағы сараптамалық орталықтардың арасындағы пікірталастың мінберіне айналды https://ru.themoscowtimes.com/2026/04/01/prizrak-normalizatsii-a191480.
Конституцияға оралу ма, әлде «психотерапия» ма?
Наурыз айында «Кремлевский безбашенник» телеграм-каналында жарияланған мақаласында саясаттанушы Илья Гращенков «нормализацияны» конституциялық нормаларға қайту ретінде сипаттады. Бұл ұсыныс «Новых людей» партиясының шектеулерге қарсы күрес, азаматтық құқықтарды қорғау сынды сайлауалды науқанымен сәйкес келеді. Алайда, Кремльдегілер бұл бастамаға қатысты екі түрлі пікірде. Бір жағынан, «конституцияға оралу» тым радикалды естіледі, өйткені бұл әкімшіліктің қазіргі бағытына жанама сын болуы мүмкін. Сондықтан Гращенков кейін бұл ұстанымына қайта қарап, «нормализация» дегеніміз – институттарды емес, соғыстан шаршаған қоғамның психологиялық күйін қалыпқа келтіру екенін айтуға мәжбүр болды.
Бұл көзқарасты президент әкімшілігінің өкілі Борис Раппопорт та қуаттады. Оның айтуынша, алдағы Дума сайлауында политтехнологтар «психотерапевт» рөлін атқаруы керек. Қоғам әрі-сәрі күйге түсіп, салық жүктемесі мен шектеулерге қарсы наразылық артып келеді. Бұл тұрғыда нормализация – билік пен қоғам арасындағы шиеленісті басудың бір тәсілі, жұмсақ авторитаризмге оралу ниеті болып табылады.
Эмиграциядағы «Қалыпты ел» жобасы
Эмиграциядағы ресейлік оппозицияның өкілдері де «нормализация» концептісін өзінше қайта құруға әрекеттеніп жатыр. Экономист Андрей Яковлевтың жетекшілігімен «Платформа нормализации: возвращение будущего» атты сараптамалық топ құрылды. Олардың пікірінше, Ресейдің болашағын тек «жағдайы тұрақтанған елге» айналу тұрғысынан ғана елестетуге болады. Бірақ бұл жол оңай емес: алдымен Украинадағы соғысты тоқтату керек, одан кейін элитаның бір бөлігі (соғыстан шығын шеккен топтар) билік басына келіп, «ыңғайлы авторитаризмге» оралуды ұсынуы мүмкін.
Дегенмен, бұл жобаның да өзіндік әлсіз тұстары бар. Саясаттанушы Кирилл Рогов «коалиция өзгерісінің» әлеуметтік базасы әлі қалыптаспағанын мойындайды. Соғыстың жалаң бенефициарлары мен одан зардап шеккен топтар арасындағы аражік өте айқын емес. Халықтың басым бөлігі –саясатсызданған «батпаққа» белшесінен батуда. Егер Ресей ауыр жеңіліске ұшырамаса, онда элитаның жас буыны бұрынғы билік моделін сақтап, соғысты «қателік» ретінде ғана ел-жұртқа танытуы әбден мүмкін.
«Қалыптылықты» іздеу жолында
2026 жылдың басында Ресей қоғамының «соғыстан шаршауы» мен «бейқалыптылық» сезімінің күшеюі арасында терең қайшылық бар. Бұл бір жағынан – биліктің қоғамдық тұрмыстың барлық саласын «қауіпсіздендіруі», екінші жағынан – жекелеген адамдардың әдеттегі өмірге деген сағынышы. Дәл осы сағыныш «нормализация» сөзін бүгінгі таңда күн тәртібіне шығарып отыр.
Бірақ бұл ұғымның астарында әркімнің жеке-жеке өз мүддесі тасаланған. Кремльге жақын саясаткерлер оны «психотерапия» ретінде қолданып, жүйенің асыл өзегін сақтап қалғысы келсе, эмиграциядағы сарапшылар бұған керісінше «коалиция өзгерісінің» туындап отырған ұрымтал сәтін қапы жіберіп алмауға тырысады. Бірақ айналып келгенде бәрі бір ғана нәрсеге «Ресейдің жарқын болашағына» бас шұлғи келіседі. Солай десек те, осы бір «қалыптылыққа» апарар жол картасы әлі ешкімнің қолында жоқ.