Мәзір
Жаңалықтар

«Алаш азаматтары Абай мұрасын шамшырақ етті»

«Алаш азаматтары Абай мұрасын шамшырақ етті»

Биыл қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Қазақ әдеби тілінің негізін қалаған тұлғаның мұрасы жастарға қандай тәлім-тәрбие берді?

Ардагер ұстаз Ахан Бодықова ағартушы өмірден өткен бір ғасырдан астам уақыт ішінде қазақ халқы бірнеше қоғамдық формациядан өткенімен, әр дәуірде Абай мұрасына деген көзқарас та, оның атқарған қызметі де әрқилы болғанын атап өтті.

«Алаш азаматтары халқымыздың ояну дәуірінде Абай мұрасын шамшырақ етті. Абайды тану кезеңінің бастауында Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Кейін «Абай» журналын ұйымдастырған «Екеу» – Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезов бастаған алғашқы абайтанушылардың еңбегінің арқасында ақын мұрасы жинақталып, таспаға түсті. Ақынның ұлағатты сөздерінің қыз жасауымен ел ішіне кең тарағаны туралы деректер бар. Бұл – бесік тербеткен қазақ әйелдерінің де өз отауында Абай мұрасынан нәр алғанын айғақтайды.

Абай мұрасын кеңестік жүйе де өз мақсаттарына шебер пайдаланды. Дегенмен, ақынның қарасөздері мен өлеңдері сол кезеңде өз халқының көзі мен көкірегін ашуға үлкен әсер етті. Әрине, олар өз мақсаттарына лайық үзінділерді текстологиялық тұрғыдан бұрмалап қолданды. Соның кесірінен талай қандасымыз «орыстандыру» идеологиясының құрбаны болды. Ал екінші кезеңде «Абайтану дәрістерінің» негізін қалаған Мұхтар Әуезовтің жанкешті еңбегі тұтас бір буынның ұлттық санасын қалыптастырды.

Өткен ғасырдың 50–70-жылдары Абай мұрасымен сусындаған бір толқын ағалар тарих сахнасына шығып, ұлттық тәлім-тәрбиенің тамырына жан бітірді. Әсіресе, Ақселеу Сейдімбек, Мұхтар Мағауин, Тұрсын Жұртбай сияқты ағалардың тұлға болып қалыптасуына ақын мұрасы тікелей әсер етті. Менің замандастарымның ұлттық санасының қалыптасуына, кеңестік «жабық тақырыптармен» табысуына ұстазымыз Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтану» курсы ықпал еткенін жасырмаймын. Бұл – Абайдың шығысы мен исламиятқа қатысының ұзақ уақыт бойы цензура құрсауында болғанының дәлелі», – дейді ол.

Ахан Бодықова ақын мұрасының тәуелсіздік жылдарында одан әрі жандана түскенін айтады. Мәселен, Абайтану пән ретінде мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылып, арнайы республикалық орталықтар ашылды.

«Қазіргі таңда Абай мұрасы жаңа технологиялар арқылы кез келген ізденімпаз жасқа қолжетімді. Бірақ дәл бүгін қазақ қауымы Абайдан алыстап бара жатқандай бір алаң бар. Тек жас ұрпақ емес, орта буын – ата-аналардың да тәрбиесі қолдан сусып бара жатқандай. Бүгінде ақын сынаған «Бес дұшпан» біздің өмір салтымызға айналып барады. Әлеуметтік желілерде «Абай болмаған, ол – Алаш арыстарының ойдан шығарған жобасы» деген сауатсыз пікірлер көбейіп, онсыз да іргемізді сөгуге құштар күштердің қолтығына су бүрку арта түсті.

Қазіргі қазақ – Абайдың жаны ауыра сынаған ХІХ ғасырдағы қазақтан сыртқы түрі ғана бөлек секілді. Қоғам, өркениет, ғылым жағынан алға басқанымызбен, тойшылдық пен ысырапшылдық, бос мақтан мен бақталастық, дүниеқоңыздық әлі де тәлім-тәрбиеміздің қас жауы болып отыр. Абайдың қарасөздерін оқығанда, осы кеселдерден әлі толық арылмағанымыз қынжылтады.

Ғылым мен инновацияға ұмтылған, жаңашыл жастарға жол ашылып, ұшан-теңіз мүмкіндіктер жасалғаны рас. Ақын армандаған ұл-қыздарымыздың мақтан етерлік жетістіктері бар. Бірақ Абай аңсаған «Толық адам» әлі де қиялымызда ғана сияқты. Абайды тану – қазақты тану. Ендеше, алып мұхиттай мол мұрасынан тәрбиеміздің өзегіне тамшыдай болса да пайдалана білсек, ұтылмаймыз», – дейді ардагер ұстаз.