Римде өткен Конгресс барысында Геннадий Головкин ресми түрде World Boxing ұйымының президенті болып сайланды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Оның өкілеттілігі үш жылға созылады. Айта кетейік, World Boxing - 2023 жылдың сәуірінде құрылған халықаралық бокс федерациясы. 2024 жылдың қыркүйегінде Геннадий Головкин ұйымның жаңа Олимпиадалық комиссиясының төрағасы болды. 2025 жылдың ақпанында Халықаралық Олимпиадалық комитет World Boxing ұйымын уақытша мойындап, оған боксты әлемдік деңгейде басқару құқығын тапсырды. Ал наурыз айында ХОК бокс спортын 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының бағдарламасына ресми түрде енгізу туралы шешім қабылдады.
- Мен боксқа қатысты жолдың барлық кезеңінен өттім. Спортшы болып, Олимпиада ойындарында ел намысын қорғадым. Кейін әлем чемпионы атандым. Енді міне, спорт саласында көшбасшы ретінде қызмет етіп келемін. Мен мұнда бокстың болашағы үшін жұмыс істеуге келдім. Халықаралық Олимпиадалық комитеті Olympism365 комиссиясының мүшесі әрі World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде жақсы білетінім: әділ басқару - спортшыларды және біздің спортты қорғайтын басты тетік. Бүгін біз алға қарай маңызды қадам жасап отырмыз. Біз спортшылар сенетін, Олимпиадалық қауымдастық құрметтейтін Федерацияға айналуымыз керек. Әрбір боксшы әділ әрі қауіпсіз спортта өсіп, дамыса деймін. Біз тәуелсіз боламыз, бірақ Олимпиадалық құндылықтарды құрметтеп, әділдік, теңдік және спортшыны қорғау қағидаларына сай жұмыс істейміз. Қолдау көрсетіп, сенім білдіргендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын, - деді Геннадий Головкин.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық бокс федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады.
- Бұл - Геннадий Головкиннің ерен еңбегіне берілген лайықты баға. Даңқты отандасымыз олимпиадалық спорт түрі бойынша халықаралық федерацияны басқаратын Қазақстанның алғашқы өкілі атанды, - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.