Жайық өзенінің жағасынан қару мен оқ-дәрілер табылды

Атырауда Жайық өзенінің жағасынан қару мен оқ-дәрілер табылды, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласының тұрғыны өзен жағасынан қапшыққа салынған қаруға ұқсас зат тауып алған.

«Атырау қалалық полиция басқармасының 102 желісіне 12 ақпанда сағат 12:52 шамасында шаһар тұрғынынан хабар түсті. Тұрғын Жайық өзенінің жағалауында ақ түсті қапшыққа оралған қару тәріздес зат пен оқ-дәрілерді көрген. Осыған орай жедел тергеу тобымен оқиға орнында тексеру жүргізді. Жайық жағалауынан табылған қапшықта қос ауызды тегіс ұңғылы қару мен оқ-дәрілер болғаны аныкталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабымен (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) қылмыстық іс тіркелді. Полиция қызметкерлері тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

 


ТегтерҚоғам