«Қазақ халқының жақсылығын қалай естен шығарамыз?»

Елімізде 2016 жылдан бері 1 наурыз күнін Алғыс айту күні ретінде аталып өтеді. Осыған орай «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы мен «Қазақ» радиосы «Мың алғыс» жобасын жетінші рет ұйымдастырды. Түркістан қаласының тұрғыны Яша Кошалиоғлы аталған жобаның құрметті қонағы болып, марапатталды.

Қазақ елінің бірлігі мен тұрақтылығының нық болуы елімізде өмір сүретін халықтың ауыз бірлігіне байланысты. Тағдырдың жазуымен елімізге келген азаматтар қазақ халқының қамқорлығын көргенін айтып, өз алғысын білдіріп жатады. Солардың бірі һәм бірегейі түрік диаспорасының өкілі – Яша Кошалиоғлы десек, қателеспеген болар едік. Оның «Абай» теларанасының «Шаңырақ» бағдарламасында айтқан сөзі әлеуметтік желіде кең таралып, көпшіліктің жылы пікірін алған болатын.ъ

«Бір күні бір бала жылап тұрған екен. Оны қазақ кісі өтіп бара жатып көріп, «Әй, мына бала неге жылап жатыр?» десе, әлдекім «Бұл бала жетім, ешкімі жоқ» деп жауап беріпті. Сол баланы қазақ кісі үйіне алып кеткен екен. Үйіне апарған кезде түнде ұйқыдан тұрса, екі баланың үстінде жапқан көрпесі өз баласының үстінде жатыр екен. Бала болып, айналған кезде екінші түрік баланың үсті ашылып кеткен екен. Сонда шал өзінің баласының үстінен алып, ана баланың үстін көрпемен жауыпты. Сонда әйелі «Сен не істеп жатырсың?» деп ренжісе, «Біздің құдай берген алты баламыз бар. Біреуі өлсе, бесеуі қалады, тағы біреуі өлсе, төртеуі қалады. Әй, мынаның ешкімі жоқ қой. Мынаның тұымы құриды ғой» деп айтқан екен. Қазақ халқының осындай жақсылығын қалай естен шығарамыз? Соншалықты кеңдігі мен кереметтігін қалай ұмытамыз? Қазақ халқының нанын қалай таптап кетесің?» деп кемсеңдеп жылаған болатын.

«Қазақтардың жақсылығын ұмытушы болмаңдар»

Яша Кошалиоғлы бұл әңгімені әкесі өзі 4-5 сыныпта оқып жүрген кезде шәй үстінде айтып бергенін ескертті. Сондай-ақ ол әкесінің қазақ халқының қиын күндерде қол ұшын бергенін үнемі әңгімелеп беретінін айтты.

«Шаңырақ» бағдарламасында айтқан оқиға қай жерде болғанын нақты білмеймін. Ол оқиға Түркістан қаласы немесе Сарыағаш ауданы, тіпті Шымкент қаласында болуы мүмкін. Бірақ әйтеуір әкемнің сол әңгімені маған айтып бергені есімде сақталып қалыпты. Бұл кезде мен 13 жаста едім. Әкем «Құдайға шүкір қазақ халқының мейрімділігінің арқасында жағдайымыз түзелді. Қазір міне дастарханда жейтін нанымыз бар. Ел қатарлы тіршілігімізді жасап жатырмыз. Осында біз үстімізде киім болмай, жалаң-аяқ, жалаң бас келген болатынбыз. Қарнымыз ашып, арып ашып жеткен болатынбыз. Нан, ет, май, сүт секілді азық-түлікті ол кезде мүлде ойлаған жоқпыз. Осындай қиын күндерде өзінің нанын беріп, бізді аман-есен алып қалды. Сондықтан да қазақтардың жақсылығын еш уақытта ұмытушы болмаңдар» деп бізге өсиет айтып кеткен болатын», – дейді ол.

«Сталин өлгеннен кейін қатаң бақылау жұмсарды»

Яша Кошалиоғлы әке-шешесінің 1944 жылдың қараша айында Сталиндік репреция кезінде жер аударылып Қазақстанға келгенін айтады.

«Жалғыз түрік халқы емес, шешен, балқар, ингуш, неміс және кәріс секілді бірнеше этнос өкілі жүк пойызымен жер аударылған. Жол бойында өлген адамдарды солдаттар жолшыбай пойыздан лақытырып жіберіп ортырған. Ата-бабаларымыз жолда арып, ашып әзер жеткен. Қазақстанға келген жүк пойызы ең әуелі Қызылорда облысында халықты тастаса, одан кейін Шымкент қаласы, Түркістан облысының Сарыағаш ауданы мен Жамбыл облысының Меркі ауданы, сонымен қатар Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылына дейін жүріп, халықты тастай берген. Менің аталарым Түркістан қаласында тұрақтап қалған екен. Жалпы саны Қазақ еліне 200 мыңға жуық түрік, 500-600 мыңға жуық шешен келді.

Мен өзім 1952 жылы Түркістан қаласында дүниеге келдім. Сталин қайтыс болған 1953 жылға дейін жер аударылып келген халықты арнайы комендатурада ұстаған. Ол қайтыс болғаннан кейін қатаң бақылау жұмсарып, аздап болса да еркіндік берілген», – дейді ол.

«Әкем Қазақстанда, ал әпкесі Қырғызстанға жер аударылды»

Яша Кошалиоғлы әке-шешесі өзі тұрып жатқан жерде қайтыс болғанын айтады. Сондай-ақ ол бір әпкесінің Қырғыз еліне кетіп, бауырынан көз жасып қалғанын жеткізді.

«Әкемнің үлкен әпкесі Қырғызстанның Ош қаласында жер аударылса, әкем қарындасы екеуі Түркістан қаласында тұрақтаған. Қателеспесем үлкен әпкем 1951 жылы Қырғызстанда тұрмысқа шыққан. Әкем өзінің туыс ағасының әйелі яғни жеңгесінің 2 бала, 4 қызымен бірге Түркістан қаласында қалады. Олар баракта тұрып, әкем май зауытында жұмыс істеген.

Қырғызстанда тұратын әпкесі мен оның балаларын әкем 1953 жылдан кейін тауып, қайта қау ұшады. Елден сұрастырып жүріп, «Сенің әпкең ана жерде, інің мына ауылда» деп жүріп әзер тапқан ғой. Әкемнің әпкесі мен жездесі және Әбдіман деген ұлы Ош қаласында тұрып, сонда қайтыс болды. Кейін  Әбдіманның ұлы мен қызы Түркістан қаласына көшіп келіп, жиендермен кездестік.

Ал өз әке-шешемнің 5 бала яғни екі інім, екі қарындасым болды. Өкінішке қарай інілерім мен бір қарындасым қайтыс болса, бір қарындасым Мәскеуде тұрады. Ал өзімнің үш ұлым бар», – дейді ол.

«Адам сойып жейді»

Түрік ақсақалы жаңадан көшіп келген халықты қазақтар қабылдамасын деп әдейі қаңқу сөз таратқанын айтады.

«Әке-шешелеріміз қазақ еліне келгенде «Жер аударылып келген халық адам сойып жейді» деп, қазақтарды әдейі қорқытқан ғой. Бір күні азан шақырып, құран оқып отырған адамдарды көріп «Мыналар өзіміздің мұсылман халық екен. Мұсылман адамдар адам жейме?» деп әке-шешелерімізді жылы қабылдап, азық-түлігін бөліп берген екен. Осыдан кейін жергілік халық – қазақтармен тіл табысып, күнімізді көре бастадық.

Түркістан қаласында май шығаратын зауыт болған. Сол жерге барып жұмыс істеген адамға жалақы ретінде 400 грамм нан береді екен. Әкем «Сол нан үшін зауытта жұмыс істеп, ақырын-ақырын жергілікті жерге үйрене бастадық» деп айтып отыратын. Ұзын сөздің қысқасы, қазақ халқының арқасында аман қалдық», – дейді ол.

«Әскердегі досымды 52 жылдан кейін көремін деп ойлаған жоқпын»

Яша Кошалиоғлы «Қазақ» радиосы ұйымдастырған «Мың алғыс» жобасында Шешенстаннан келген досмен кездесті. Ақсақал 52 жылдан кейін әскердегі досын көремін деп ойламағанын айтады.

«Мен әскери досым Сұлтан Ахматовты Қазақстанға келіп, менімен кездесетінін білген жоқпын. Маған тосынсый жасайын деп досымның келетінін айтпаған ғой. Сондықтан да үш ұйықтасам түсіме кірмеді. Әскерде бірге болған жолдасымды арада 52 жыл өткенде көремін деп ойлаған емеспін. Әскерде темекі шегетін бөлмеде әңгімелесіп отырғанда «Ұлтың не?» деп сұрап едім «Шешенмін» деп жауап берді. «Ааа, шешен болсаң Грозный қаласынан екенсің ғой?» дедім. Ол «Иә, Грозныйданмын. Бірақ Қазақстанда Шымкентте дүниеге келгенмін. Ал сен қай жақтансыз?» деп сұрады. Мен «Түркістаннанмын. Екеуміз жерлес екенбіз ғой» деп құшақтасып, ақыр аяғында екеуміз дос болып кеттік. «Мың алғыс» жобасында 52 жыл көрмеген досымды көріп, қуанғаннан жылап жіберіппін. Қуанғаннан көз жасымды тоқтата алмай, әзер өзімді ұстадым. Қазір екеуміз Ақмола облысына қарасты Есіл қаласында баламның үйінде отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, 1991 жылдан кейін Шешенстанда екі рет соғыс болып, әбден қиналды. Досымның сол соғыстан аман қалып, көріп отырғаныма дән ризамын», – деді ол.

Сөз соңында Яша Кошалиоғлы Түркістан қаласында орыс, грек, өзбек, әзербайжан, татар, башқұрт және ұйғыр халқы секілді әр түрлі диаспора тұрып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол қазақ халқының мейрімділігінің арқасында жүздеген ұлыс қиын-қыстау күнде аман қалып,  қазіргі таңда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанын ескертті.  Сол себепті ақсақал өз отбасының болашағын Қазақ елімен байланыстыратынын  тілге тиек етті.