Әлеуметтік желінің жауапкершілігі болуы керек – Мейрамбек Төлепберген
Сенім мен жауапкершілік құндылықтары қалыптасқан елде өсіп-өркендеу болады. Ал біз қаншалықты бұл құндылықтарға мән беріп, оған жете назар аударып жүрміз?
«Сенім мен жауапкершілік құндылықтары өмірлік сұрақ»
Ардагер журналист Мейрамбек Төлепберген сенім мен жауапкершілік құндылықтары өмірлік сұрақ екенін айтады. Сондай-ақ ол аталған құндылықтар бір күн немесе бір мәселеге ғана қатысты емес екенін ескертті.
«Жалпы, дүниеде ең қымбат нәрсе – адамды қастерлеу. Ал адамның бойындағы жақсы қасиеттерінің ішінде ең үлкен нәрсе – сенім мен жауапкершілік. Сенімді ақындар өлеңдеріне қосады. Себебі сенімді тау қопарады деп сипаттайды. Бұл негізі рас дүние. Адам өзіне өзі сенуі керек. Лауазымды қызметте отырған яғни сенім деген нәрсені сезінетін болсаң, онда жауапкершілік өзінен өзі туындайды. Сенім мен жауапкершіліктің ара-қатынасы бұзылатын болса, онда біздің ұстанымдарымыздың да берекесі болмайды.
Біз өзіміз көп жағдайда биікте жүреміз, ал ойымыз төменде. Ол төмен болатын себебі – нарықтық қатынаста жұртшылықты алаңдататын ақша болып кетті. Өкінішке қарай ақша мәселені шешетін негізгі құндылыққа айналып кетті. Егер де бізде ақша болатын болса, сонда ақылды көрінеміз. Осындай пиғылда болған кезде біздің ішкі жан-дүниемізде адамдық болмайды деп ойлаймын. Әсіресе, әділет дегенде, әділетті басшы және әділетті тұлға деген нәрсе Жүсіп Баласағұн заманынан бері әлі күнге дейін айтылып келе жатыр. Сол X ғасырда айтылған нәрсе қазір XIX ғасырда өз шешімін тапқан жоқ. Біз әлі де осының жолын іздеумен келе жатырмыз», – дейді ол.
«Өсек пен өтірікке елең ете қаламыз»
Ардагер журналист сенім дегенді дүниені ел басқаратын адамдарға қарата айтатынымызды ескертті. Сондай-ақ ол әлеуметтік желідегі азаматтардың жауапкершілігі болуы керек екенін айтты.
«Қоғамда «Депутаттар халықтың сенімін неге ақтамайды?» деп сынап жатамыз. Сондықтан да сенім дегенді адамның адалдығына байланысты нәрсе деп ойлаймын. Ер азамат қанша жерден бай болып, мансабы бар адам болса да, егер ол адамда адалдық болмайтын болса, оны дұрыс деп есептемеймін. Қоғам олай өзгермейді. Лас дүние бір-біріне жабыса береді, кейін оны тазарту қиын болады.
Соңғы кездері әлеуметтік желіде ойымызға не келсе, соны жазатын болып алдық. Менің ойымша, әлеуметтік желінің жауапкершілігі болуы керек. Бізге дейінгі дүние жүзіндегі өркениетті елдердің тәжірибесін қарап отыратын болсақ, міндетті түрде жауапкершілік болуы керек. Егер де жауапкершілікпен қарамайтын болсақ, онда біз қоғамды бүлдіреміз. Қазақ халқының кемшілігін айтқанымыз болмаса, қазақ халқын ешкім жамандамайды. Біз қатты сенетін халықпыз. Кез келген нәрсеге құлақ түреміз. Адамзаттың жаратылысындағы бір құпия: жын шайтаннан келетін нәрсе ме екен?! Өсек пен өтірікке елең ете қаламыз. Адамды елеңдету үшін өтірік айтып, өсек айтатынымыз бар. Ал енді шынайы өмірде де, әлеуметтік желіде де тәп-тәуір жазып отыратын азаматтар бар. Қазір әлеуметтік желіні қарасаң, қазақтың бойындағы жаман қасиеттің бәрі анық көрініп тұр. Соны біз байқай алмай отырмыз.
Егер әлеуметтік желіге қатаң жауапкершілікпен қарасақ, сонда әлеуметтік желі болмысымен елге қызмет ететін болады. Ал, қазір өтірік ақпарат таратады, бір айтылған әңгімені неше түрлі етіп түрлендіреді. Әлеуметтік желіде ұятқа қалдыратын нәрсе әдебиеттің төңірегінде, ұлы адамдардың төңірегінде рушылдық пен жершілдіктің иісі аңқып тұрады. Осы жақсы ма?! Бұл жағынан қалай тәрбиелейсің? М. Әуезов айтпақшы, әдебиеттің ең зор бір міндеті адамды тәрбиелеу. Адамның санасын өзгертуі керек», – дейді ол.
Мейрамбек Төлепберген білім мен мәдениет егіз болуы керек екенін айтады. Егер адамның мәдениет деңгейі төмен болса, онда қоғамды бүлдіреді.
Назерке САНДЫБЕКҚЫЗЫ