«Қоршаған ортаны қорғауды әр бір азамат өзінен бастау керек»

Соңғы жылдары қоршаған ортаның ластануы бұған дейін кезеңдермен салыстырғанда күрт артты. Мысалы пластик құтыларды кез-келген жерге лақтырып, тұмса табиғатқа орасан зиян келтіріп жатырмыз. Ал пластиктен жасалған зат жүздеген жылдар бойы шірімей, өзен суларды ластап жатыр. Біз қоршаған ортаны осы және өзге де зиянды құбылыстардан қалай қорғаймыз?

«Халық сауда үйлеріне барғанда целлофан пакеттерді қолданбауы керек»

«Байтақ» жасылдар партиясы атқарушы хатшысы Нұрлан Көптілеуов қоршаған ортаны қорғау жалғыз мекеменің, не жеке адам мен қандайда бір партияның мойнындағы іс емес екенін айтады.

«Қоршаған ортаны қорғау бұл табиғи орта, жеке адам топтары, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік мекемелердің бірігіп атқаруы тиіс кешенді шаруасы. Егер жеке адамды алатын болсақ, қандай да бір азамат таңертең тұрып, қарапайым қолданыстағы әрекет тісін жуудан бастайды емес пе? Адамдар тісін жуып жатқанда, көбінде суды ысырап қылады. Әр адам ай сайын төлеп отырған коммуналдық шығынына қарап, экологияға не пайда, не зиян алып келгенін көруге болады. Сондай-ақ көп жағдайда подъездер де, лифтілер де жарықты жағып қояды. Бір подъездде үш лифті болатын болса, адамдар үшеуінде басып шақырып, бірақ біреуіне ғана кіреді. Бұның барлығы еленбейтін нәрсе секілді көрінгенімен, бұл қоршаған ортаның әлсіреуіне алып келеді. Бұқара халық суды, энергияны үнемдеу керек және сауда үйлеріне барған кезде целлофан пакеттерді қолданбауы керек. Мысалы, Қазақстанда 20 миллионнан астам адам болса, соның 12 миллионы  18 жастан асқан ақыл-есі дұрыс, саналы адам болып саналады. Сол 12 миллион адамның жартысы күн сайын дүкенге барса, 6 миллион целлофан пакет болады. Егер 1 миллион адам матадан тігілген, көп қолданылатын пакет пайдаланатын болса, қоршаған ортаның ластануының алдын алады.

Елімізде 4  миллиард өндірістік қоқыс жиналған. Полигондарда 100 миллиардтан астам қоқыс жатыр, бірақ ол қоқыстарды қайта өңдеуге мүмкіндік бар. Аталған қоқыстар зауыттардан, кен орындарынан, шахталардан пайда болған қоқыстар. Қазір жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды алып жатыр, бірақ керісінше жердегі 100 миллиард қоқысты қайта өңдеумен айналысса тиімді болар еді. Тек оны қайта өңдеу үшін жаңа технологиялар керек. Өндірістік қалдықтарды жер қойнауы ретінде ережеде қалып кеткен, яғни мұны қолданғаның не, жер қазбасын пайланғаның не айырмашылығы жоқ. Егер осы екеуінің  аражігін ажырататын болса, бұл қоқысты өңдеуге қаншама инвестор дайын тұр. Оларға мүмкіншілік жоқ. Кентау қаласында 150 тонна өндірістік қоқыс жатыр. Кентау қаласындағы қаншама пайдалы қазбаларды пайдаланған, соның қалдығы топыраққа үгітіліп сақталып тұр. Ал оған  инвестор 90 миллиард қаржы құйып, қалдықтарды өңдеуіне болады. Бірақ оған кедергі болып жатқан осы ереже, яғни қоқысты өңдеу, пайдалану жер қазба байлығын пайдаланумен бірдей саналады. Кішкентай күнделікті әдеттерімізден бастап мемлекеттің қоршаған ортаға деген қарым-қатынасынан осындай жағдайға келіп отырмыз», – дейді эколог.

«Мемлекеттік жүйеде қоршаған ортаны қорғауға байланысты түсінік жоқ»

Сондай-ақ Нұрлан Болатұлы Маңғыстау облысында мемлекеттік және банк қызметкерлерінің басын қосып 60 адамның көшет егу акциясын ұйымдастырғанын айтады.

«Өкінішке қарай акция аясында 60 адамның ішінен 2 ғана адам көшетті дұрыс егуді біледі, ал қалған 58 адам көшетті қалай алу, орнын қалай таңдап, отырғызу керек екенін мүлдем білмейтін болып шықты. Бұл енді жоғары білімі бар, қызметтегі азаматтар, ал енді қарапайым азаматтарға қалай айтамыз. Сонымен қатар тұтынуда проблема бар, ол жеке адамдар ретінде және экологиялық Кодекс дұрыс жұмыс атқармайды. Экологиялық Кодекс жасалғалы бері инвестициялық салықтар пайда болды. Ол жергілікті бюджетке түседі.

Мысалы Кентауда «Қаз Ойл Энерджи» Түркістан облысының бюджетіне бірнеше миллиард инвестициялық салық төлейді. Сол қаржыны қоршаған ортаны қорғау мақсатында қорғап жатыр ма, әлде басқа жаққа жұмсап жатыр ма деген сұрақ пайда болады. Кім қоршаған ортаға залал келтіреді, содан түскен қаржыға қоршаған ортаны қалпына келтіру керек. Бірақ Атырау әкімдігі ол төленген салықтың бірнеше бөлігін көше тазалауға, басқа да әлеуметтік жұмыстарға төлеп жатқанын білеміз. Мемлекеттік жүйеде қоршаған ортаны қорғауға әлі нақты бір түсінік жоқ», – дейді ол.

«Жасылдар партиясы ретінде утильалымды қолдаймыз»

Эколог қоршаған ортаны қорғауды әр бір азамат өзінен бастау керек екенін айтады. Егер азаматтар жауапкершілікті сезінсе, тұмса табиғатты қаз қалпында сақтап қалуға болады.

«Мен өз отбасымды суды үнемдеуді, мүмкіндігінше қоқысты сұрыптауды, биологиялық қоқысты ажыратуды үйреттім. Осындай үрдістерді балаларымызға үйретуіміз керек. Барлығымыз ауылда өстік, онда биологиялық қалдық деген атымен болған жоқ. Себебі тамақ қалдықтарын есік алдымыздағы итке беретінбіз.  Ал қалада қазір олардың барлығы тұрмыстық қалдықпен бірге сұрыпталмай шығарылады. Оны үйден ерінбей сұрыптау қажет. Жеке адамдар көбінде жауапкершіліктен жалтарып, мойынындағы міндетті мемлекетке ысырып тастағанды жақсы көреді. Бұл әдетті балабақшадан бастап, мектеп табалдырығында қалыптастырып, жоғарғы оқу орнында одан сайын жалғастыруымыз керек. Өкінішке қарай біздің елде экологиялық сауаттылықты арттыруға байланысты нақты бір кешендік шаралар жоқ. Дамыған елдегідей балабақшадан бастап қоршаған ортаны қорғауға  арналған нақты методикалық әдістер орнатылған сабақ енгізу керек. Біз жеке адамдарға жауапкершіліктің бәрін арта алмаймыз, қоршаған ортаны қорғауға үйретуге мемлекет жағдай жасау қажет.

Бізде қоршаған ортаны қорғауға байланысты заң қабылданады, бірақ түсіндірме жұмыстары жасалмайды. Қазіргі утильалымның өзі үлкен дау болып жатыр. Біз жасылдар партиясы ретінде утильалымды қолдаймыз. Ол тек белгілі топтар көрсетіп жатқан автоөндіріске байланысты емес, ол экологиялық ахуалды жақсартуға байланысты болуы қажет. Бірақ адамдар ескі көлік арқылы қаншама адамды улауға қаншалықты моральдық құқығым бар деген сұраққа жауап беру керек. Дәл осы сияқты қоқысты тастағанда, суды, энергия көзін ысырап еткенде ойлануы қажет», – дейді Нұрлан Болатұлы.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ