«Энергияны үнемдеуге ерекше көңіл бөлу керек»

Сарапшылар әлем халқының саны 8 миллиардтан асқан кезде азық-түлік пен энергия тапшылығы туындайтынын айтады. Әсіресе мамандар алдағы уақытта энергия үнемдеуге көп көңіл бөлу керек екенін, себебі энергия алу көздері сарқылып жатқанын ескертіп, дабыл қағуда.

«Күн мен желден алынған энергия өте қымбат»

Энегия саласының сарапшысы Күнзадаш Саттықова халқымыздың саны 20 миллионнан енді асса да, еліміз энергия үнемдеу саясатын басты назарға алу керек екенін айтады. Сарапшы мұның бірнеше себебі бар екенін ескертті.

«Энергия үнемдеуді жиі айтып жүруіміздің бірнеше себебі бар. Ең бірінші себеп, тұтынушылардың қалтасына салмақ түсіп жатыр. Сондықтан да тұтынушылар өздері энергия үнемдеуге қызығушылық білдіріп, мүдделі болуы керек. Өйткені, тариф күннен-күнге қымбаттап жатыр. Энергияны үнемдеу үшін қатты отын жағып отырмыз. Біздің елімізде 37 жылу электр станциясы бар және олардың барлығы көмір арқылы жұмыс істейді. Газбен жұмыс істейтін жылу электр станциялары өте аз. Өздеріңіз білесіздер көмірден азот шығады. Көмірдің қоршаған ортаға келтіретін зияны көп болғандықтан Қазақстанның өнімдерін шетелге шығарғанда оған салық саламыз деген Париж конвецияға қол қойып қойғанбыз. Сондықтан, көмірді азайтуға бетбұрыс жасап, жаңартылған энергия көздерін ұлғайтуға күш салып жатырмыз. Нақтырақ айтсам, күн мен желден энергия алуға назар аударып жатырмыз.

Шындығын айтқанда, көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС-ның тарифтері арзан, өйткені көмір өз елімізде өндіріледі. Көмірдің энергиясы арзан болғанымен қоршаған ортаға кесапаты көп деп шектеу қойып жатыр. Көгілдір отын да сарқылатын энергия көзі, бүгін бар ертең жоқ болуы әбдене мүмкін. Сол себепті Қазақ елі күн мен желден алынған энергия көзіне басымдық береді. Бірақ күн мен желдің станцияларын шетелден өте қымбат бағаға әкеліп жатыр. Заң бойынша ерекше жағдай жасалған. Олардың энергиясы өте қымбат әрі тарифтері доллармен бекітілген. Инфляциялық процесс көбейтілгеннен кейін энергия көзі қымбатқа сатылады. Бір сөзбен айтқанда күн мен желден алынған энергия өте қымбат.

Осы күнге дейін салынған жел электростанциялары, күн панельдері жүзден асады. Олардың бағасы қымбат болған соң оның тарифі де қымбат. Тарифі қымбат болған соң қалтаға салмақ түсіп, тұтынушылар бұдан ештеңе ұтып жатқан жоқ.  Тұтынушылардың қалтасына салмақ түсуде. Бұл туралы эксперт ретінде үнемі айтып келемін. Бірақ халықпен санасып жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір жел, күн электростанциясы болса кіргізіп жатыр. Тек соларға заңды құқық беріп, бүкіл мүмкіндікті қарастырып қойған. Бірақ тұтынушылармен келісілмеген. Бұл тұста тұтынушылардың құқығын ойлап жатқан ешкім жоқ.  Осы жағы бізге қиын болып тұр. Әрине Президент көмірдің көлемін азайтуға байланысты Париж конвенциясына қол қойғаннан кейін  оған қарсы шыға алмайсың, қарсы шыққанмен қол қойылып қойған. Сол себепті біз арнайы бағдарламамен жұмыс істеп жатырмыз», – дейді сарапшы.

«Электр энергиясын Ресейден сатып алып отырмыз»

Күнзадаш Саттықова Қазақ елінің территориясы үлкен болуы электр энергиясының үнемдеуге кедергі келтіретінін айтады. Яғни, оңтүстіктен солтүстікке, шығыстан батысқа қарай созылған электр желілерінен энергия көзі жоғалатынын ескертті.

«Энергияны электр желілері арқылы тасымалдағанда көп энергия жоғалады. Осыған байланысты да тарифтің бағасы қымбаттайды. Шыны керек, оны қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейді. Сондай-ақ электр энергиясын ұрлау да көбейіп келе жатыр. Бұл да тарифтің қымбаттауына әсер етіп жатыр. Сондықтан, энергияны үнемдеуге ерекше көңіл бөлу керек. Ал оны шешу үшін ғылым мен техникаға жүгіну керек. Себебі бұл мәселе құр сөзбен шешілмейтін мәселе. Мен әр түрлі жиналыстарда, телеарнаға шыққан кезде үнемі энергетика бойынша техникаларды жаңарту керек деп айтып жүремін.  Совет үкіметі кезінде орнатылған техникалар әлі тұр. Бізге жаңа техника керек. Ал ол миллиардттаған ақшаны қажет етеді. Оны жаңарту үшін тарифке салмақ түсіп, тағы да тұтынушылардың қалтасына салмақ түседі. Мемлекет оған ешқандай субсидия бөлмейді. Сондықтан қалай болғанда да салмақ тұтынушыларға түседі.

АЭС салудың электр энергиясын үнемдеуге еш қатысы жоқ. АЭС-те электр энергиясы жоғалмайды. Электр энергиясының жоғалуы тұтынушылардың электр қондырғыларында болады. Тұтынушыларға электр энергияны желілер арқылы жібергендіктен ол көп жоғалады. Осы жұмысты қолға алу керек. Бірақ оны назарға алу үшін жаңа техника мен ғалымдармен жұмыс істеу қажет. Бұл жұмыстарды жүргізу өте қымбат тұрады. Қазіргі таңда бұл жұмыстарды жүргізуге ешқандай ақша бөлінбей тұр. Сондықтан, энергияны үш есе қымбат бағамен Ресейден сатып алып отырмыз. Егер азаматтардың қалтасы көтерсе күні бойы электр энергиясын жаға берсін. Оған ешқандай тыйым жоқ. Себебі біз үйіне барып, оған тыйым сала алмаймыз. Ал енді ақшасы жоқ болып, төлей алмайтын болса, олар ұрлап жағады. Бірақ, күндердің күнінде ұсталып, айыппұл төлейді

Еуропаның дамыған мемлекеттерінде төлемақы тұтынушының шотына ай сайын келгенде электр энергиясы тарифінің құрамы толық жазылады екен. Мысалы, 2000 теңге төлесе, «1000 теңге анаған кетті, 500 теңгесі мұнда кетті» деп анық жазылады. Бізде бұл мәселеде халық алдында есеп беру мүлде жоқ, төлемақы толық шот арқылы беріледі. Бұл қаржы қайдан пайда болғанын тұтынушылар білмейді», – дейді ол.

«Ресей арқылы солтүстік пен шығысты газдандырамыз»

Сарапшы энегрия көзі жылу энергиясы, электр энергиясы және су энергиясы болып үшке бөлінетінін айтады. Сондай-ақ ол еліміздің толық газдандыру мүмкін емес екенін ескертті.

«Шыны керек елімізде газ қоры жетіспейді. Бізде ең ірі газ кеніші Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақсай қаласындағы Қарашығанақ мұнай-газ кен орны болып саналады.  Шеңгебұлау деген станцияда ең үлкен газдың қоры бар. Бірақ Совет Одағы ыдырамастан бұрын сол жерде үлкен қала болады деп шетелден инвестициялар тартып құрылыс басталған еді. Бірақ 1991 жылы Совет үкіметі ыдыраған соң бұл жұмыстар аяқсыз қалды. Қазір ол газды Орынбордың газ зауытына айдап жатыр. Осы күнге дейін бүкіл газымыз кетіп жатыр. Өкінішке қарай бізде газды өңдейтін зауыт жоқ. Үкімет енді «Газ өңдейтін зауыт саламыз» деп жатыр. Ол газдың біржылдық көлемі 4 миллиарда куб метр болады екен. Бірақ зауыт қашан салынатынын білмеймін. Жақын уақытта газ өңдейтін зауыт салынады деп жатыр. Егер газ өңдейтін зауыт салынып, газымыз өзімізге бұйырып жатса, ол кезде Қазақстанды газбен қамтамасыз ету мүмкін. Әйтсе де шығыстағы Семей, Өскеменге, солтүстіктегі  Павлодар мен Петропавлға бұл газдың қоры жетпейді. Аталған аумақтарды Ресейдің есебінен газдандырамыз деген бағдарлама бар. Өйткені, Ресей Қазақ елі арқылы Қытайға газ өткізеді. Осының арқасында біз Ресейден газ алып, Павлодар, Петропавл, Өскемен секілді қалаларды қамтамасыз етуге болады. Үкіметтің осындай бағдарламасы бар», – дейді ол.

«АЭС-ты Ресейдің салғанын қалаймын»

Сарапшы еліміздің АЭС салғанын қолдайтынын айтады. Себебі ол АЭС бізге бүкіл Қазақстанның қажетін өтеу үшін керек екенін ескертті.

«Өйткені, жылу электр станцияларымыз тозып тұр. Қазір біз АЭС қоссақ, кейін оны тоқтату мүмкін емес. Бір рет қостың ба, ол тұрақты жұмыс істейді. АЭС елімізді электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етіп тұрады. Сондай-ақ оның электр энергиясын шетелге сатуға мүмкіндік бар. Экономикамызға, тұтыну қабілетімізге байланысты күндізгі уақыттарда пайдаланып, түнгі уақыттарда Қытай мен Өзбекстан, тіпті Ауғанстанға электр энергиясын өткізуімізге болады. Егер АЭС салынса, бүкіл елді электр энергиямен қамтамасыз ете аламыз. Қазір біз өзімізді электр энергиясымен толықтай қамтамасыз ете алмай отырмыз. Сондықтан АЭС салған дұрыс деп ойлаймын. Күн, жел электростанцияларынан қарағанда осы АЭС құрылысын жүргізген дұрыс. Оған ешқандай алаңдамайсың және ол ұзақ уақыт жұмыс істейді. Күн, жел станцияларының жұмыс істеу мерзімі бар болғаны он жыл.

Электр энергиямен жылу қазандықтарын жылытуға болады әрі бұл арзанырақ болады. АЭС-тің ол жағынан мүмкіндігі зор. Бүкіл энергиямен қамтамасыз етуге болады. Мысалы, Белоруссия АЭС салып алғаннан кейін барлық шаруаны электр энергиясына ауыстырды. Экологиялық жағынан таза, ол жағынан ешқандай қорқуға болмайды. Қазір технология жетілген. Ол жағынан Ресейдің тәжірибесі бар. Солтүстік мұзды мұхитта, Якутияда АЭС жұмыс істеп тұр. Жеке өз басым АЭС-ты Ресейдің салғанын қалаймын», – дейді Күнзадаш Саттықова.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ