«Дін қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын жоққа шығармайды»
![](https://alashorda.kz/wp-content/uploads/2024/09/novyy-proekt-2024-02-28t161959.275.jpg)
Этнограф Болат Бопайұлы әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің мән-мағынасы терең екенін айтады. Сондай-ақ ол қазір атқарылып жатқан салт-дәстүрдің барлығы бағзы заманнан қалғанын, бірнеше ғасырлардан бізге жеткен дәстүрдің өңін өзгертпей келуінің әдебі мен мәдениеті бар екенін ескертті.
«Дін имандылықты, салт-дәстүр ұлтты сақтайды»
1915 жылы «Айқап» журналында Бақытжан Қаратаев бастаған топ «Сот ісін шариғат жолымен жүргізейік» десе, Әлихан Бөкейхан бастаған |алаш арыстары әдет-ғұрыпты бірінші орынға қояды. Шариғат жолымен әдет-ғұрыптың қандай айырмашылығы бар.
«Қазақтың әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері, ырым-тыйымдары заң болған. Тіпті әдет-ғұрыпты дінмен байланыстырып алды. Себебі қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан тәртіп-тәрбиесі болған. Ал салт-дәстүр мен діннің шығатын жері әдептен шығады ғой. Кейін бізге дін келгеннен кейін қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының барлығы 100 пайыз бірдей болған. Дін де, салт-дәстүр де адамгершілікке үндеп, жақсылыққа шақырып, үгіттейді. Дін мен салт-дәстүр имандыққа шақырады. Сондықтан, дін мен дәстүр екеуі бір нәрсе. Дін қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын ешқашан жоққа шығармайды. Қазіргі заманда ұлттың ұлт болуы, ұлттық кодты, ерекшелікті сақтау, ұлттық идеяны қалыптастыруда салт-дәстүрдің атқаратын қызметі ерекше. Дін имандылықты сақтайды, салт-дәстүр ұлтты сақтайды. Мысалы, өзбек те, қырғыз да, араб та иманды ұлт қатарына жатады. Салт-дәстүрімен өзінің ұлттық кодын сақтап, айқындап тұрады. Ұлттың рухын оятып, идеясын сақтауда салт-дәстүрдің атқаратын қызметі өте өзекті», – дейді ол.
«Үлкенге құрмет көрсетіп, бас ию, Аллаға серік қосуға жатпайды»
Тәуелсіздің алғаннан кейін кейбір діни ағымдар салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты терістей бастады. Діни ағым өкілдері салт-дәстүрді мен әдет-ғұрыпты неге жаратпады?
«Шыны керек соңғы жылдары фанатизмге салынған салафизм сияқты ұшқары діншілдер пайда болды. Біз демократиялық ел болғаннан кейін зайырлы ұстаныммен жүреміз. Бұл талап Ата заңымызда бекітілген. Ал Әбу Ханифа мазһабы қазақтың салт дәстүрі мен салт-дәстүріне қарсы келмейді. Егер Аллаға серік қосса, діннің қағидаттарына қарсы әрекеттерді шектейтіні рас. Бірақ, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыпымыздың 95 пайызы шариғат жолын шектемейді. Бірақ имамдардың айтқан әңгімесімен ұлттың тарихын, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпын, идеологиясын теріске шығарады деп айта алмаймыз.
Мәселен беташар дәстүрі ерекше дәстүр. Той мәдениетінде, келін түсіруде үш негізгі міндет бар. Біреуі ақ бата алу болса, екіншісі беташар жасау Бұл екеуі дінге қайшы келмейді. Бұл дәстүрді келіннің келген жердегі қайын атасы мен қайын енесі, туған-туыстарының атын атап, таныстыру болыпс аналады. Келін жаңа отбасымен танысқан соң, қайын жұртының атын атамайды. Бұның барлығы ақылдылық, ибалылық, имандылыққа әкелетін өте маңызды нәрсе. Үлкенге құрмет көрсетіп бас ию, еш уақытта Аллаға серік қосуға жатпайды», – дейді ол.
«Әлеуметтік желіден әртүрлі мінезді жұқтырып жатырмыз»
Этнограф мінез тума және жұқпа мінез деп екіге бөлінетінін айтады.
«Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен. Ата-бабаларымыздан қалған мінез жомарттық, кеңдік, даналық, шешендік барлығы салт-дәстүр, мәдениетіміз арқылы сіңген. Бұл жеті атадан жалғасқан дүние. Екінші мінез, оқыған кітап, көрген сериалдан, мектептен жұқтырып алған мінез. Оның жағымды және жағымсыз жағы бар. Адамға зиян келтіретін, болмаса ұлттың дәстүріне қайшы келетін мінез ол жағымсыз болып саналады. Қазіргі кезде интернет заманы болғандықтан адамдар әлеуметтік желіден әртүрлі мінезді жұқтырып алып жатыр. Өкінішке қарай біздің өзіміздің салт-дәстүрімізді бұзып жатыр. Мысалы, тұсау кескен балаларыдың алдына қамшы сияқты заттарды қойып, баланың болашағын болжау сияқты нәрселердің барлығы дәстүрге жат нәрсе», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ
![](https://alashorda.kz/wp-content/uploads/2024/01/alash_orda_tiktok_1.png)