Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев өзінің Айбар жайлы күнделігінде аянышты жайды жазады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
15-ноябрь 1973-жыл.
Менің үйіме лаң кірді. Немен тынары белгісіз. Бәрін де бүлдірді Айбар. Шын уайым, шын қайғы осылай болады екен-ау.
***
18-ноябрь.
Айбар осыншама оңбағандыққа барып, осыншама сарсаңға салады деген үш ұйықтасам түсіме кірмейтін. Байғұс балам-ай, қисайта салса, құрдымға кетейін деп тұрғаны есіне кіріп те шықпайды. Балалығы дейін десем, қулық-сұмдық өмірлік мәселелердің бәрін де түсінеді, бәріне де жетік сияқты. Ұстаздары, сөз жоқ, баламды түсінбейді. Оларды Айбар, Айбарды олар түсінбеушіліктің ақыры осыған әкеп соқты. Ақырының немен тынары белгісіз. Соры қайнап, өмірі сорлылықпен өте ме, қайдам?!
Екеуміз бір-бірімізді түсінеміз. Сол түсінігі түйсігін қазір оятса ғой, кейін кеш боп кетеді. Мұны енді не істеймін, нендей айласын табам?!
***
21-ноябрь 1973-жыл.
«Сызат алды дегенше, сына берді десеңші».
Тәңірің түбін берсін, біздің семьяға сызат түсті, оны әкелген – менің кіші ұлым Айбар. Біз де, әрине, кінәліміз ғой. Ақымақтың айтқанын орындап, тым шолжаңдатып жібердік. Меніңше бізден де гөрі екі есе кінәлі мектебі, мұғалімдері. Балам сол мектепке барғаннан қуғын-сүргінге ұшырады. Отырса опақ, тұрса сопақ деп, жолдастарына, бүкіл мектепке Айбарды жеккөрінішті етті. Саумалдап тәрбиелеудің орнына, он екіде бір гүлі ашылмаған баланы үсті-үстіне жазаның астына алды. Ақыры бала ашынды, ашынды дағы, тіптен бағынуды қойды. Ақыры осыған әкеп соқты.
Амалым таусылып, Айбарымды ол мектептен құтқардым. Енді қайтем, қайда жіберем, білмеймін... Нағашылары қабылдай ма, жоқ па?! Қабылдар еді-ау, Айбар үйреніп қалған әдетінен арыла ма, жоқ па?! Қалайда Айбарды қалада ұстап болатын емес. Кеше тергеуде болып қайттым. Жұмада жымысқы іс қылған жолдасымен беттестіреді, не болары белгісіз. Тәлкекке салған тағдыр-ай!..
***
24-ноябрь 1973-жыл.
Кеше Айбар түрмедегі досымен беттесті. Бала ақылды бала екен, Айбарды сатпады. Бәрін де өз мойнына алуға даяр. Айбар да өзі қатысқан қылмысын жасырмай мойындады. Сонымен, тергеудің алдындағы іс тыныштықпен анықталған тәрізді.
Айбар бұрынғы мектебіне оралғысы жоқ, әбден мезі болған. Қайда, кімге барып орналасады, әзірге белгісіз...
27-ноябрь 1973-жыл.
Айбардың ісі аяқталған жоқ. Заңшылар исполком жанындағы комиссияға тапсырамыз дегенді шығарып отыр. Олары не демекші? Аларын алып, айыбын тағып, баламды қолыма берсе екен. Айбарды ауылға аттандырсам ба деген ем, одан да түк шықпады. Ісі аяқталғанша осында болуы шарт екен. Баламды үгіттеп, бүгін мектебіне жібердім, не деп, қалай қарсы алып жатыр екен жыланкөз апасы.
7-декабрь 1973-жыл.
Жұмыссыз жүргеніме жаңа жылда бір жыл толады. Қайтіп, қалай жан бағып жүргеніме таңданам.
Айбардың ісі аяқталған жоқ. Соның салдарынан басқа да жағдайлар бар, мен қазір мырза қамаудамын.
18-декабрь 1973-жыл.
Балам Айбар оңалып кетсе, әзірге бақыт маған сол. Кеше Совет ауданының исполкомында ісі қаралып, бір жылдық шарт пен 30 сом штраф салып, мектебінде қалдырды. Шешесі барды, менің арызым қатысты. Ақымақ директор (қатын), оның итарышылары шаруабай жасап бағыпты. Қарғамдай бала не істеді екен оның.
Мендегі шаруасы не еді наданның?!