Мәзір
Мәдениет

«Балам болғанда ғой, мен де үш бөлмелі пәтер алар едім». Оралхан Бөкей Айманмен неге айырылысты?

«Балам болғанда ғой, мен де үш бөлмелі пәтер алар едім». Оралхан Бөкей Айманмен неге айырылысты?
Ашық дереккөз

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай жазушы Оралхан Бөкейге байланысты естелігінде Айманның қалай қаза тапқанын жазады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

***

...Қарашаның бір кешінде театрға бардым. Спектакльден соң Оралхан Бөкейді көріп қап, сәлем беріп ем, жанына сымбатты, аялы жанарлы, шашын түйген ажары ашық келіншек келіп, қолтығынан ала берді: «Мына сұлу келіншек – менің әйелім. Аты – Айман. Көзін қарашы, көрдің бе, қандай аялы, жуылған мойыл сияқты. Мұндай аялы көз Алматының келіншектерінде жоқ», – деді сондай бір масаттанып. Ор-ағаңның бірінші Алматыда, Сейфуллин көшесінің бойында пәтерде тұратын кезі. Аялдамаға шығарып салдым. Сөйтіп, аяулы Айман жеңешеммен де таныстым.
 Қыс айларында Ор-ағаңның «Ұйқым келмейді» атты ұзақ әңгімесі жарияланды. Кәнігі оқырмандар: Оралхан өзінің басындағы уайымын жазған десті. Қандай уайым? Үй алды. Құттықтап барып ем: «Балам болғанда ғой, мен де үш бөлмелі пәтер алар едім», – дегені. Жүрегім шым ете қалды. Айман жеңешемнің аялы жанары мұңға толып тұратыны елестеді. Терезеге көзі жасаурай қарайды. Менің көзімнен де бір тамшы жас мөлт ете қалды. Орнымнан күбірлей қоштасып, сыртқа шыға бердім... Өмір кіл мұңнан тұрмайды ғой. Көңілді, күншуақ сәттер де көп болды. Алайда сондай шақтарда Ор-ағаңның дауысын шығарып қарқылдап күлгенін естімеппін. Ақырын ғана мырс етіп, ішінен күледі екен.
 Мен Жазушылар одағынан Ғылым академиясына ауысқандықтан да кездесу де сиреген кез. Ор-ағаңның Қырымға кеткенін білемін. Әлдебір жұмыспен бірінші мамыр мерекесі қарсаңында одаққа кіріп бара жатқанымда қарсы алдымнан Айман жеңешем шыға келді. Қуана амандасып ем: «Мына кісі менің папам. Соны дәрігерге қаратып жүрмін. Кіре кетейінші деп келіп ем...» – деді де, кенет үлкен жанары жасқа емес, сондай бір өкінішті мұңға толып кетті. Үлкен кісінің жағдайы үмітсіз болды ма екен деген оймен: «Жазылып кетеді. Алаңдамаңыз. Аға келген соң бәрі де реттеледі», – дедім албырап. «Ағаңды енді көрмеймін... Қош», – деді де әкесін қолтықтап сыртқа беттеді. Төбе құйқам шымырлап кетті. Әлібектен, Дидахметтен мардымды жауап алмадым. Тек Қуанышбай аға ғана: «Қиын боп тұрғаны рас. Оралхан ағаңның өзі демалысын бітірмей, мерекеден соң келеді. Соған дейін шыда...», – деді телефоннан. Шынымен, ақсақал үмітсіз бе, әлде... Бір тікеннің жүрекке қадалғаны рас еді.

Таңертеңгі: «Одаққа тез жет. Айман жеңгеміз оқыс қазаға ұшырапты», – деген хабар есеңгіретіп тастады. Қуанышбай ағаның: «Екі-үш күн болды, Айманның қасындамыз», – деген дауысы қатты алаңдатып еді. Мерекеден соң Айман жеңгем қызметке, ол кісі үйіне кеткен. Содан кейін Айман жеңгем пайғамбардың ақ жолынан адасып, ажал баспалдағына аттапты…

Қалихан ағаның бөлмесіне кірсем, Қал-аған, Әлібек, Дидахмет, Несіпбек төртеуі үрпиісіп отыр: «Үйдің есігі берік. Сені күтіп отырмыз інісі деп. Есігін ашайық…», – деді Қал-аған. Несіпбек одақта қалды. Төртеуімізді көршісі Сайымжан Еркебаев қарсы алды. Кілтті менің қолыма берді. Бөлме сол қалпы. Жүгіріп Ор-ағаның жазу бөлмесіне бардым. Ашық, ақ қағаздың бетіне: «Ораш! Қош бол, Ораш! Бақыт тілеймін. Мен саған толық бақыт сыйлай алмадым. Ораш! Не істедің? Рас па? Қош, Ораш. Енді мен саған жоқпын.
Қош. Айман», – деген мазмұндағы жазуды оқыдым.

Қал-ағанды, Әлібекті, Дидахметті сол бөлмеге шақырып оқып бердім де, хатты Қалихан ағаға ұсындым (ол хат кейін прокурордың тергеу ісіне тіркеліпті). Төртеуіміз сол бетінде Ленинград көшесінің бойындағы №4 емхананың мәйітханасына бардық. Қайран аймандәйлі Айман жеңеше! Кезекші хирургке жолығып едік: «Емханаға келгенде есі кірді. “Бәріне де өзім жазықтым. Ешкімді кінәламаңдар”», – депті.  Аман алып қалудың мүмкіндігі болмапты.

Ертеңінде еңіреп Оралхан ағаның өзі жетті. Мұны көріп, дауысын естіген адам, оны жеткізуге «ботадай боздады» деген сөздің аздық етерін мойындар еді. Содан бастап Ор-ағаң қабақ көтеріп қана амандасып, жақын сырласуға бармай, мені шеттете бергендей болды. Бастапқыда түсінбедім. Соңынан естідім. Үйленіпті. Айхан келді дүниеге, Айжан келді дүниеге... Кеңсесіне барғанымда әйнектің астынан Айман жеңгешемнің суретін көретінмін. Шығармашылық туралы айтсақ та ашылып кетпей, тұйықталып жүрді...

Шындығын айтсам, Оралханның балалары Айхан мен Айжан бізді жатырқап өседі-ау деген ой ешкімнің қаперіне кірмеп еді. Сағыныш пен мұңға аңсары басылмаған ғұмырдың ырқарына нысанасындай болып олар да ер жетті. Ұзақ ғұмыр, толық бақыт берсін.

P.S. Жазба Әсет Ақмолданың инстаграм парақшасынан алынды.