АҚШ әскери күштері Иран аумағындағы нысандарға жаңа соққылар сериясын жасады. Бұл туралы АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) жариялады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«АҚШ Орталық қолбасшылығының күштері Бас қолбасшының бұйрығымен Ирандағы бірнеше нысанаға қосымша қорғаныс мақсатындағы соққылар жасай бастады. Бұл шабуылдар Иранның негізсіз және жалғасып жатқан агрессиясына жауап ретінде жүзеге асырылуда», — деп мәлімдеді қолбасшылық.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Иранның кем дегенде 6 ауданында жарылыстар болған.
Әскери дереккөздерге сілтеме жасаған Axios порталының мәліметінше, шабуыл жасалған барлық нысандар Иранның оңтүстігінде орналасқан. Олардың қатарында әуе қорғанысы жүйелері, радарлар және ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару мен бақылау бөлімшелері болған.
Бұған жауап ретінде Иран АҚШ-тың Бахрейн мен Кувейттегі әскери базаларына соққы жасағанын мәлімдеді.
«Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) Әуе-ғарыш күштері мен Әскери-теңіз күштері екі толқыннан тұратын операция жүргізіп, Аль-Салем, Ахмад әл-Жабер және Шейх Иса әуе базаларындағы 18 маңызды америкалық әскери нысананы соғып, жойды», — деп хабарлады Press TV телеарнасы.
Оның ішінде Бахрейндегі АҚШ базасында байланыс антенналары мен Patriot әуе қорғаныс жүйелерінің радиолокациялық құралдарына шабуыл жасалғаны айтылады.
Осыдан кейін Иран Ормуз бұғазын барлық кемелердің өтуі үшін жабатынын мәлімдеді. Бұл туралы Иран армиясының «Хатам әл-Анбия» орталық штабының мәлімдемесін Tasnim агенттігі жариялады.
Құжатта бұғаз арқылы қозғалыс кез келген кеме түрі үшін, соның ішінде мұнай танкерлері мен сауда кемелері үшін де тоқтатылатыны айтылған. Ормуз бұғазы арқылы өтуге әрекет жасаған кез келген кеме шабуыл нысанасына айналатыны ескертілген.
Мұнай экспортына шектеу қойылуы мүмкін деген қауіп нарыққа бірден әсер етті.
Таңертең Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін шамамен 95 АҚШ долларына дейін көтерілсе, WTI (West Texas Intermediate) маркалы америкалық эталондық мұнайдың бағасы 92 АҚШ долларына дейін өсті.