Мәзір
Қоғам

«БІР АДАМ ҒАНА ТІРІ ҚАЛАДЫ, ТӨРТ АДАМ ТАБЫЛМАЙДЫ». ЖУРНАЛИСТ ҚАУІПТІ БОЛЖАМ АЙТТЫ (ВИДЕО)

«БІР АДАМ ҒАНА ТІРІ ҚАЛАДЫ, ТӨРТ АДАМ ТАБЫЛМАЙДЫ». ЖУРНАЛИСТ ҚАУІПТІ БОЛЖАМ АЙТТЫ (ВИДЕО)
Коллаж

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында болған бір отбасының оқиғасы дүйім жұртты дүрліктірді. Өкінішке қарай, Мақсот Қарабалин мен оның әйелі Нәсіп Бақытқызының денесі 7 қаңтар күні өз үйлерінен табылды. Ал олардың қыздары Мейрамгүл мен Ақбаян және ұлы Наурыз аман-есен  табыла ма? Белгілі тележурналист Гүлмира Әбіқай өзінің бұл сұраққа қауіпті болжамын айтты.

ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНДАҒЫ ҚЫРҒЫН ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Гүлмира Әбіқай 2 қаңтар күні төрт адамның жоғалғаны туралы олардың туған-туыстарынан үш адам хат жазғанын айтады.

«Мақсот ағамыздың қарындасы Әсилә Мұқанғалиеваның айтуынша, Наурыз шамамен шілденің аяғында, тамыз айының басында Ақтауға жұмыс істеуге кеткен. Міне, сол кезде бұл оқиғаның ұшы басталған. Яғни ол тамыз айынан бері бес ай бойы ешкімге көрінбеген. Бірақ WhatsApp желісі арқылы «Аман-есенмін, малды сата беріңдер» деп жауап беріп тұрған.

Қарашаның басында әке-шешесі мен қызы жоғалып кеткен кезде Наурыз «Қызды емдетуге алып кеттік, міне, дәрігерге кірдік, міне, дәрігерден шықтық» деп жазып отырған. Әдетте қолында телефоны бар, өзіне жауап бере алатын адам видео арқылы хабарласуы керек. Адам қатты ауырып, төсек тартып жатқанда немесе жүруге мүмкіндігі болмаған кезде ғана біреумен сөйлесе алмауы мүмкін.

Жалпы айтқанда, біреудің екінші біреудің телефонын пайдаланып жауап беруі дұрыс емес. Әсилә апайға «Бес ай бойы көрінбей, байланысқа шықпаған адамға қатысты күдік туған жоқ па?» десем, «Соңғы кездері қыздары ауырғалы олар ары-бері жүре беретін” деп жауап берді.

Өздеріңіз видеодан байқасаңыздар, отбасы мүшелері еті тірі, пысық адамдар емес. Әлбетте, денсаулықтарына байланысты зейнетақы алады. Бірін-бірі сүйреп жүрген дімкәс отбасы», – дейді тележурналист.

«ЖОҒАЛҒАН АДАМ 4-ЕУ ЕМЕС, 6-АУ БОЛЫП ШЫҚТЫ»

Гүлмира Әбіқай кейін жоғалған адамдардың саны төрт емес, алты болып шыққанда қатты таң қалғанын айтады.

«Бір күннен кейін Әсилә апай маған: «Гүлмира, сіз төрт адам жоғалды деп жазыпсыз. Рахмет. Бірақ төрт адам ғана емес, алты адам жоғалды ғой», – деп айтты. «Тағы кім жоғалды?» деп сұрағанымда, отбасының кенже қызы Ақбаян мен күйеуі Сұлтанның да жоғалып кеткенін айтты. «Құдай-ау, мұны неге әу баста айтпадыңыздар? Олар қашан жоғалды?» десем, «Олар да сол қараша айында жоғалып кетті» дейді. «Олар да адам ғой, неге іздемейсіздер?» деп қамықтым.

Өкінішке қарай, кеше іздеу жарияланғанға дейін оларға өз туыстарына іздеу салмаған. Бір шаңырақтан жалғыз ұлымен бірге келіні жоғалып жатыр. Бір күн емес, он күн емес, екі айдан аса уақыт өткен. Артында бес баласы қалып отыр. Ана дегеніміз орталыққа жүгіріп барып, жылап, дабыл қағатын кез емес пе?

Осы кезде полициядан ресми түрде төрт адамның жоғалғанын білдік. Әу баста менде «Оларды құлдыққа алып кетті ме екен?» деген ой болды. Негізі Қазақстанда заң бойынша құлдық деген ұғым жоқ. Бізде құлдық болмайды. Бірақ бірден төрт адамның жоғалып кетуі мүмкін емес қой. Сол кезде «Төрт адамды бірдей қайда алып кетуі мүмкін?» деген сұрақ ойыма сап ете қалды», – дейді ол.

 

«СҰЛТАН ҚАНДАЙ КҮЙЕУ БАЛА БОЛДЫ?»

Тележурналист еліміздің батыс аймақтарынан, яғни Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал өңірлерінен Сириядағы соғыс ошағына кеткен азаматтар көп болғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, аталған аймақтан келген 100 хаттың 30 пайызы діни мәселеге байланысты болған. Ал осы істе басты күдікті болып отырған Сұлтан Сәрсемалиевтің дін жолын ұстанатыны белгілі болып отыр.

«Әсилә апайдан «Сұлтан қандай күйеу бала болды?» деп сұрадым. Апайдың айтуынша, Сұлтан 10–11 жыл бұрын Ақбаянды алып қашып кеткен екен. Біз бен сіз тұрмақ, оның туған-туыстары мен айналасындағы адамдардың өзі Сұлтанның бейнесін толық сипаттап бере алмай отыр. Себебі олар оны тек сырттай көрген, не өтіп бара жатқанда, не келген кезде төмен қарап амандасып кететін болған.

Бұл оның мінезі ме, әлде «Сезікті бұрын секірер» дегендей, әу бастан бет-жүзін жасырып, адамдардан алшақ жүріп, бір нәрсеге дайындалғаны ма – бұл полицияның құзырындағы мәселе. Жалпы ол туғаннан сондай тұйық па еді, әлде кейін өзгерді ме? Әлде арнайы бір мақсатпен әккі әрекетке барып, қылмыс жасауға дайындалды ма? Мұның бәрін полиция мен психологтар тексеруі керек. Зерттейтін мәселе көп», – дейді тележурналист.

«АҚБАЯН «КЕЛМЕҢДЕР» ДЕП АЙТТЫ»

Бір қызығы ең жақын туыстарының бірі Әсилә Мұқанғалиеваның өзі Сұлтанның түр-тұлғасы мен мінез-құлқын нақты айта алмайды.

«Сұлтанныңң түрін бәріміз фотороботтан көрдік қой. Ал Әсилә апай «Ол ешқашан бізбен бірге отырыста болған жоқ. Алғашында алып қашып кеткен соң құда болып бір-ақ рет келді, одан кейін араласпадық», – дейді ол. Мен «Құдағиыңыз сіздерді кінәлап жатыр ғой» десем, «Біз барайық» десек, Ақбаян «Келмеңдер, келмеңдер» деп айтатын. Шынын айтсақ, қызымызды төртінші баласын босанған кезде бір-ақ рет көрдік. Ал бесінші баласын босанғанын тіпті көрмедік. Себебі Ақбаян «Келмеңдер, енем мен Сұлтан солай айтты» деп жолатпады», – дейді.

Әлбетте, Ақбаянның өзі солай айтқан соң, қыздың төркіні жақындамаған. Бір қызығы, ең жақын туыстарының өзі күйеу баласының түрі қандай екенін есіне сақтай алмай, мінезін білмей отырса, оны көршілері мен өзге адамдар қайдан білсін?

Шынында да, томаға-тұйық, ешкіммен араласпайтын отбасы болғаны айтылады. Дәл осындай отбасына қатысты адамдар мен учаскелік полиция күдікпен қарауы керек емес пе?» – дейді ол.

 «АТЫРАУ ХАКЕР» АЛАЯҚ ПА, АҚ-АДАЛ ЖАН БА?

Гүлмира Әбіқай Атыраудағы қайғылы жағдайға байланысты видео түсірген «Атырау хакер» аккаунтының иесі өзіне хабарласқанын айтады.

«Дәл сол видеоны әлеуметтік желіге жариялағаным сол еді, маған жүздеген адам хат жазды. Олар «Ойбай, әпке, сізді құрметті журналист ретінде сыйлайтын едік, кімді салып жатырсыз? Оның кім екенін білесіз бе?» дейді.

…Сол сәтте маған Коста-Рикадан шетелдік нөмір арқылы «Сәлеметсіз бе, бұл мен – «Атырау хакермін» деп жазды. Әңгімеміз қаңтардың 4-і күні болды. Даусы жас баланікі сияқты.

«Сіз мені әлеуметтік желіге салыпсыз. Мен туралы дезинформация тарап жатыр, жұрт мені жаман ойлап қалуы мүмкін» деді. Мен оған: «Ал сіз қандай жақсылық жасадыңыз? Мына чаттағы ондаған адам өтірік айтып отыр деп ойлайсыз ба? Бір-екі адам болса бір жөн», – дедім.

Ол «Мен сізге дәлелдерімді жіберемін» дегенде мен: «Маған сіздің дәлелдеріңіз қажет емес. Менің сіз туралы жазу немесе айту жоспарым жоқ. Қазір маған керегі – осы оқиғаның мән-жайын білу ғана», – деп жауап бердім. Жас бала «Қазір мен шетелде қашып жүрмін, басқа жақтан хабарласып тұрмын» деді. Болған жайттың бәрін айтпай-ақ қояйын. Бірақ оның телефон нөмірі менде бар, байланыстамыз. Кейін оның үстінен алаяқтық бабы бойынша төрт қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат шықты.

Содан бері 3–4 күн өтті. Егер оған шынымен халықаралық іздеу жарияланған болса, полиция менен телефон нөмірін сұрар еді. Бірақ ешкім хабарласқан жоқ. «Мен не істеймін? Біреудің нөмірін алып, өзім жүгіріп бармаймын ғой», – дейді тележурналист.

Әйтсе де Гүлмира Әбіқай егер «Атырау хакер» арнайы видео жарияламағанда, бұл іс қалың жұртқа беймәлім болып қалуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан атыраулық отбасының ісінің резонансқа айналуына «Атырау хакер» видеосының ықпалы болғанын айтты.

ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ ҚАУІПТІ БОЛЖАМ ЖАСАДЫ

Қазіргі таңда көпшілікті «Мейрамгүл мен Наурыз және Сұлтанның әйелі Ақбаян аман-есен бе?» деп алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, Гүлмира Әбіқай өзінің пессимистік болжамын айтты.

«Егер мен көріпкел болсам, мән-жайды толық айтар едім. Бірақ қазір көріпкелдердің өзі әртүрлі болжам жасап жатыр. Елдің бәрі «Көріпкелден сұраңыз» деген соң, әлемге аты белгілі көріпкелдермен де байланыстық. Болжам сан алуан. Ал жеке пікірімді сұрасаңыз, бір адам ғана тірі қалады, төрт адам табылмайды деп айтар едім», – деді ол.