Мәзір
Қоғам

Державинск қаласына Кенесары ханның аты берілгені жалған – Әкімдік (ВИДЕО)

Державинск қаласына Кенесары ханның аты берілгені жалған – Әкімдік (ВИДЕО)
Коллаж

Ақмола облысы әкімдігі Жарқайың ауданына қарасты Державинск қаласына Кенесары ханның аты берілгенін терістеді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Бұған дейін Facebook әлеуметтік желісінде Гүлмира Сарбасова атты азамат «Державинск қаласы Кенесары болып өзгертілді!» деп жазған еді. Аталған жаңалыққа 1 800 адам лайк басып, 300-ден астам адам пікір білдіріп, сүйінші сұраған екен.

Осы жаңалыққа байланысты Ақмола облысы әкімдігіне хабарласып, мән-жайды білдік. «Жарқайың ауданы әкімдігінің аппараты хабарлайды: Державинск қаласы қазіргі таңда ресми түрде атын өзгерткен жоқ.

Аудан әкімдігі қала атауының өзгеретіні туралы тараған ақпараттың жалған екенін ескертеді» - деп жауап берді.

Естеріңізде болса, 2023 жылдың маусым айында Державинск қаласын Қазақтың соңғы ханының атымен атауға байланысты тыңдау өткен болатын.  Нақтырақ айтсақ Державин қаласының атауын өзгерту үшін дауыс берушілерге 321 бюллетень берілген. Оның ішінде 192 адам қалаға Кенесарының есімі берілуін қолдаса, 125 адам қарсылық танытқан. Қалған 4 бюллетень жарамсыз деп танылған. 

Әйтсе де арада 3 жылға жуық уақыт өтсе де, Хан Кенеге қаланың аты берілмей келе жатыр. Бұған солтүстіктегі көршінің ықпалы немесе жергілікті биліктің қалаға Кенесары ханның атын лайық көрмей отырғаны себеп болуы мүмкін.

Шынын айтсақ қазақтың даңқты ханына 7 мыңға жетер-жетпес халқы бар қаланың атын беру лайық емес. Оның үстіне Астанадан 482 шақырым жерде орналасқан қала әбден тозып кеткен. Тұрғындары Астанаға үдере көшкен ауыл секілді «қалаға» Хан Кененің атын беру дұрыс па? Мәселен жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа Жамбыл облысы, Советтік қайраткер Дінмұхаммед Қонаевқа Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының аты берілген. Патшалық Ресеймен соғысып, ерлікпен қаза тапқан ханға ауыл деңгейіндегі «қаланың» атын бергеннен бермеген дұрыс шығар.