Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры Экология министрлігімен бірлесіп, «Семей орманы», Іле-Алатау ұлттық паркі және елорда жасыл белдеуі аумақтарында ауқымды көгалдандыру бағдарламасын жүзеге асырады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
16 қыркүйекте Тимур Құлыбаевтың Halyk қоры мен Экология және табиғи ресурстар министрлігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Halyk орманы» жобасы аясында қорға 1 млрд теңге инвестиция салынды. «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты, Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі және елорданың жасыл белдеуі аумақтарына 4 миллионнан астам ағаш пен көшет отырғызылатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында табиғат туралы атап өткен болатын. Нақтырақ айтсақ президент «Қоршаған ортаға ұқыпты, жауапты әрі жанашырлықпен қарау – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс» деген еді.
«Halyk орманы» жобасы Мемлекет басшысы айқындаған міндеттермен үндесіп, «Тaza Qazaqstan» ұлттық тұжырымдамасын жүзеге асыруға үлес қосады. Қор бастамасы – табиғатты аялау мен жауапкершілікке негізделген бағыттың жалғасы.
Басты міндет – экологиялық тұрғыдан осал аймақтарда жаңа орман алқаптарын құру, өрттен зардап шеккен экожүйелерді қалпына келтіру, биоалуантүрлік пен экологиялық тепе-теңдікті сақтау.
Бұл жоба кейінгі жылдардағы қайғылы оқиғалар аясында ерекше маңызға ие. 2023 жылғы маусымда «Семей орманы» табиғи резерваты аумағында Қазақстан тарихындағы ең алапат орман өрті болды: 60 мың гектардан аса орман өртенді. Бұл жағдай орман алқаптарын қалпына келтіру мен экологиялық апаттардың алдын алу шараларын күшейтудің қаншалық маңызды екенін көрсетті.
Жоба аясында халықаралық және қоғамдық ұйымдармен әріптестік орнатылып, еріктілер ашық онлайн-платформа арқылы тартылады. Сонымен қатар
отырғызылған аумақтарда экологиялық мәдениетті насихаттау үшін арнайы стелалар орнатылады.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бұл – еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы жолындағы стратегиялық бастама.
Әлем бойынша көгалдандыру климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырылады. Жаңа ормандар биоалуантүрлікті сақтап қана қоймай, Жердің «оттектік тепе-теңдігіне» де үлес қосады. «Halyk орманы» жобасын жүзеге асыра отырып, Қазақстан жаһандық экологиялық қозғалысқа сүбелі үлес қосады.
«Halyk» қоры Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметованың айтуынша, Қазақстанның табиғи байлығын сақтау аса маңызды.
«Halyk орманы» – бұл экологиялық қауіпсіздік пен ел болашағына салынған инвестиция. Біз мемлекетпен және қоғаммен күш біріктіріп, ұлт пен болашақ ұрпақтың саулығы үшін еңбек етіп келеміз. Бұл жоба – келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыздың бірі. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, Қазақстан табиғатын қорғауға жасалған маңызды қадам. Қордың қолдауы мен қоғамның белсенділігі арқасында еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарта аламыз деп сенемін».
«Halyk орманы» жобасы – қордың жүйелі экологиялық жұмысының жалғасы. 2025 жылғы көктемде «GreenAct» экочелленджі іске қосылып, азаматтар мен ұйымдардың үздік экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталды. Жобаға елдің жетекші компаниялары мен белсенділері қатысып, ондаған тың идея ұсынды.
Бұған дейін қор GreenAct аясында мыңдаған қазақстандықты біріктірген экологиялық акциялар өткізген болатын. Іле-Алатау ұлттық паркінде Ұлы Отан соғысының батырларына арнап 3 500 шырша, ал Алматының Орталық саябағында алма ағаштары отырғызылды. Бұл шаралар экологиялық мәдениетті дамыту мен тұрақты даму қағидаттарын дәріптеудің маңызды қадамына айналды.
«Halyk» қоры волонтерлер мен табиғатқа бейжай қарамайтын барлық азаматты «Halyk орманы» жобасына қосылуға шақырады. Әрбір адамның қолдауы елдегі жасыл аймақтардың артуына және экологияны сақтауға жеке үлес қосуға мүмкіндік береді.