Мәзір
Қоғам

«Торғай көтерілсе, Жаңаөзен мен Қаңтардан да жаман болады» – Айбек Қалиев (ВИДЕО)

«Торғай көтерілсе, Жаңаөзен мен Қаңтардан да жаман болады» – Айбек Қалиев (ВИДЕО)
Ашық дереккөз

Қыркүйектің 8 күні Жангелдин ауданының мәдениет үйі мен Арқалық қаласының әкімдігінде  «Орталық-Батыс» көлік дәлізіне байланысты жиын өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Аталған жиында торғайлықтар "Орталық-Батыс" көлік дәлізінің Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы емес, Ұлытау облысы арқылы жүргізілетіне наразылықтарын білдірді. Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль жолдары комитеті Төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр мен Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов қатысқан жиында белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев сөз сөйледі. Нақтырақ айтсақ ол «Орталық-Батыс» көлік дәлізі Торғай арқылы емес, Ұлытау облысымен кететін болса, оның салдары «Жаңаөзен мен Қаңтардан да жаман болады» деп өткір мәлімдеме жасады.

“Он шақты күннен бері Орталық-Батыс жолының төңіріндегі әңгіме Торғай елін толқытып тұр. 1916 жылы Әбдіғапар, Амангелді, Кейкі бастаған ерлері қазақ елін азаттыққа жеткізем деп атқа қонды, Ахаң, Жақаң бастаған алаш қайраткерлері де азаттық жолына барын салды. Осы бабаларымыздың қанымен, жанымен келген тәуелсіздік Торғайға не берді? Ештеңе! Керісінше кеңес заманында салыстырмалы түрде жақсырақ тұрмыс кешкен Торғай тәуелсіздік дәуірінде тоз-тозы шығып, тұрғындарының басым көпшілігі тарыдай шашырап тарап кетті. Астана үшін құрбандыққа шалынып, облысы жабылды. Биліктен көңілі қалып біткен Торғай елінің үмітін Ұлттық құрылтайдағы президент сөзі оятып еді. Бірақ оны Орталық-Батыс жолының бағыты өзгеріп, Ұлытау-Сексеуіл арқылы өтеді екен деген қауесет су сепкендей басып тастады. Арқалық-Торғай-Ырғыз бағыты арқылы өтетін жолды Ұлытаулық бірнеше азамат балама жол бағытын ұсынып, бұрып әкетпекші екен деген әңгіме де жүр. Оларды да түсінеміз, облысы жабылған кезеңде Жезқазғанның да жүдеп кеткені жасырын емес. Біз Астанадан Ұлытауға төте жол салынғанына қарсы емеспіз, оны қолдаймыз да, бірақ ол жол Орталық-Батыс күрежолының есебінен емес, бөлек салынуға тиіс. Ұлытау мен Торғай ежелден тамырлас, қаны да, жаны да бір ел! Орталық-Батыс жолын бұрып әкетуге тырысып жүрген азаматтар екі елдің арасына от салып жатқанын түсінуі керек! Бұл жол Торғай елінің соңғы үміті! Ертеңгі президент жолдауында мәселе оң шешіледі деген үміттеміз. Торғай қарыз болса Аллаға қарыз шығар, бірақ тарихқа қарыз емес! Азаттық жолында ғазиз бастарын құрбан қылған бабаларымыз үшін тәуелсіздік Торғайға қарыз, ендеше сол қарызды қайтарып, тарихи әділеттікті орнату президенттің қолында! Мына бөлісіп отырған постта бәрі егжей-тегжейлі сарапталып анық дәлелденген” - деп жазды Айбек Қалиев.

Биыл наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық-Батыс» көлік дәлізінің құрылысы басталатынын мәлімдеген болатын.

- Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президентің айтуынша, бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді.

Президенттің тапсырмасынан кейін Үкімет 14 маусым күні «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталғанын хабарлады. Салтанатты шараға ҚР көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысқан болатын. Сәтжан Аблалиев бұл жобаның еліміздің көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірлер арасындағы байланысты арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. Ал Құмар Ақсақалов болса, сапалы логистикалық желі облыстың оңтүстік өңірлерінде шағын және орта бизнесті дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі болатынын ескертті.

Құрылыс жұмыстары бір уақытта екі нүктеде – Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Жанкелдин ауданына қарасты Торғай ауылында басталды. Құрылыс «Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша жүргізіліп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы 865 шақырымды құрайды. Аталған жаңа жол дәлізі еліміздің орталық бөлігін батыс өңірлермен тікелей байланыстырмақ. Сонымен қатар ол Қазақстанды Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) шығуға мүмкіндік береді. Жаңа бағыттың арқасында Астана мен Ырғыз арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады.

Жиында торғайлық азаматтар «Орталық-Батыс» көлік дәлізін Ұлытау облысы арқылы емес, Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы жүргізуді талап етті. Себебі халық аталған жолдың Торғай халқы үшін өте маңызды екенін, сол себепті олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасын Үкімет орындауы керек екенін тілге тиек етті.