Мәзір
Қоғам

Ұлттық қордан қараша айында $600 млн сатылды

Ұлттық қордан қараша айында $600 млн сатылды
Қазақстан Ұлттық Банкі

Қараша айының қорытындысы бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 512,57 теңгеге дейін 3,3%-ға нығайды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Қазақстан Ұлттық банкіне сілтеме жасап. 

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа  күндік көлемі бір айда 271 млн АҚШ долларынан 280 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,6 млрд АҚШ долларын құрады.

Қараша айында Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларына валюта сатылды, бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 10,7%-ын немесе күніне шамамен 30 млн АҚШ долларын құрады. 

Күтілетін фискалдық түсімдерді ескере отырып, Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне қарай Ұлттық Банк  желтоқсанда республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларынан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.  

 Айналау операциялары  аясында қарашада 475 млрд теңге алынды. Желтоқсанда  осы мақсатта 475 млрд теңге валюта сату  жоспарда бар.

Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ теңестіру тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. 

Ұлттық Банк қарашада валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.

Өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату нормасы шеңберінде валюталық түсімді сату көлемі шамамен 390 млн АҚШ долларын құрады.

БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес 40% астам екенін ескере отырып, Ұлттық Банк қарашада зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ.  Желтоқсанда да валютаны сатып алу жоспарланбайды.

Транспаренттілік қағидаты шеңберінде Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін қолайлы бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.