Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ернар Оразбайдың айтуынша, өңірдегі негізгі өнеркәсіп кәсіпорындары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«Өнеркәсіп саласының негізін 42 кәсіпорын (оның ішінде 16-сы – ірі, 26-сы – орта) құрайды. 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында Жамбыл облысының өнеркәсіп кәсіпорындары 355,5 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2025 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексінің 117,6%-ды құрағанын көрсетеді.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде 54,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 113,3% болды. Ал өңдеу өнеркәсібінде 227,0 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 121,5%-ға жетті.
Өнеркәсіп өнімінің өсуіне бірқатар салалардағы өндіріс көлемінің артуы ықпал етті. Атап айтқанда, химия өнеркәсібінде – 115%-ға (110,9 млрд теңге), тамақ өнеркәсібінде – 114,9%-ға (25,4 млрд теңге), құрылыс индустриясында – 235%-ға (24,8 млрд теңге), ал машина жасауда – 124,5%-ға (5,6 млрд теңге) өсім байқалды.
Өндіріс көлемінің артуы өңделген тауарлар экспортының да ұлғаюына әсер етті. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында шикізаттық емес тауарлар экспорты 311 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,3%-ға артты», – деді ол.
Ернар Айдарұлының айтуынша, экспорт көлемінің өсуі негізінен химия өнеркәсібіндегі экспорттың 111,6%-ға (243,9 млн АҚШ доллары), тамақ өнеркәсібінде 164,3%-ға (39,6 млн АҚШ доллары) және құрылыс индустриясында 118,2%-ға (20,8 млн АҚШ доллары) артуы есебінен қамтамасыз етілген.
«Өңірде кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылай қолдау көрсетілуде. 2026 жылдың екі айының қорытындысы бойынша екінші деңгейлі банктер тарапынан шағын және орта бизнес субъектілеріне жалпы сомасы 47,4 млрд теңге көлемінде несие берілді.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Жамбыл облысының кәсіпорындарына арналған арнайы каталог әзірленіп, ол республиканың ірі кәсіпорындарына, облыстық әкімдіктерге және өңірлік кәсіпкерлер палатасына жолданды.
Бұдан бөлек, 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған, жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 инвестициялық жобадан тұратын кеңейтілген пул қалыптастырылды. Бұл өңірдегі инвестициялық саясаттың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді», – деді ол.