Парламент Таяу Шығысқа қазақ әскерін жіберуді қарауы мүмкін
19 қаңтарда парламенттің бірлескен отырысында депутаттар бітімгер күштерді жіберу мәселесін қарайды, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.
Бұл туралы бейсенбі күні сенат депутаты Ақмарал Әлназарова журналистерге мәлімдеді.
«БҰҰ айқындайтын ҚР бітімгер күштерін жіберу мәселесі көтеріледі. Тұтас алғанда бұл шешімді мемлекет басшысының ұсынысымен парламент қабылдайды. Сондықтан Конституцияның 53-бабына сәйкес осы мәселе күн тәртібіне енгізіледі» деді Әлназарова.
Депутат нақты қай елге Қазақстан бітімгер күштері жіберілейін деп отырғанын айтпады.
«Әзірге айта алмаймын. Жалпы бұл [бұрыннан] бар тәжірибе, Қазақстан өз бітімгер күштерін жіберіп жатыр… Қазір БҰҰ анықтады, ертең отырыста бәріміз бірге естиміз» деді депутат.
Өткен жылдың қараша айында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан әскерилері бітімгершілік миссиясымен Таяу Шығысқа, Голан жоталарына баруы мүмкін екенін айтқан болатын. Сенат депутаты Ақмарал Әлназарованың парламенттің бірлескен отырысында бітімгер күштерді жіберу мәселесін қараланытын айтуы тепгін емес. Демек еліміздің қарулы күштері бітімгершілік миссиясымен Таяу Шығысқа, Голан жоталарына баруы мүмкін. Бірақ Израиль мен Хамас тобы арасында арасында соғыс болып жатқан аймаққа бітімгершілік күштерін жіберу қауіпті емес пе?
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қазақ әскерінің бітімгершілікпен Голан жоталарына баруға қарсы екенін айтқан болатын. Себебі ол ең әуелі өзіміздің территориялық тұтастығымызға мән беру керек деген пікірде.
– Өткен сессияда қабылдаған заң жобасына сәйкес, шет елге қандай да болмасын әскери көмек жіберу – Мәжіліс пен Сенат депутаттарының басым көпшілігінің дауысымен қабылданатын шешім. Егер депутаттар мұндай бастамаға қарсы болатын болса, онда Үкіметтің бастамасы іске аспайтын болады. Өкінішке қарай мұндай «ыстық нүкте» әлемнің бір емес, бірнеше жерінде болып, от тұтанып жатқан жайы бар. Бұлардың қайсібәр жағына жақтасып, не болмаса бітімгерлік мақсатта Қазақстан тарапы баруға дайын емес деп білемін. Әзірге ерте. Себебі өзімізде де проблема жетіп артылады. Соғыс қимылдарынсыз-ақ азаматтарымыздан айырылып жатқан жайымыз бар. Соңғы кездердегі оқиғаларды еске алатын болсақ, Қазақстан бітімгерлік күштерін жіберуге дайын емес. Дәл қазіргі жағдайда халықаралық имиджімізді ойлайтын жағдайда емеспіз. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде бір емес, үш жерде соғыс өрті тұтанып, екеуінде әлі соғыс жүріп жатыр. Мұндай жағдайда имиджді ойлау керек пе, жоқ әлде террориялық тұтастығымызды және оны қамтамасыз ететін азаматтардың амандығын көбірек ойлаған жөн бе?! – деді депутат.