Тұтынушылық кредиттің пайызы түседі

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Республика» партиясының өкілі Олжас Құспеков тұтынушылық несиенің мөлшерлемесіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.

Мәжіліс депутаты жиында баяндама жасаған әріптесі Үнзила Шапаққызы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымоваға сұрақ қойды.

«Унзила Шапаққызы, депутаттар өткен жылдың 20 қазанында халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесі бойынша өткен Парламентік тыңдауда тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін төмендету туралы мәселе көтерді.

Казіргі уақытта мөлшерлеме деңгейі уәкілетті органның, яғни Агенттіктің нормативтік қаулысында белгіленеді. Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық кредиттер бойынша қолданыстаты мөлшерлемесі – 56 пайыз. Микрокредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме шамамен 311%-ды, ал тиімді мөлшерлеме 1300 %-ды құрайды.

Мөлшерлемені азайту халықтың шамадан тыс кредит алуының төмендеуіне ықпал ететін факторлардың бірі болар еді. Үнзила Шапаққызы, осыған байланысты, қаралып отырған заң жобасында жылдық тимді сыйақы мөлшерлемесін азайту көзделген бе? Егер көзделген болса, қаншалықты мөлшерде азаяды? Осы мәселе бойынша Агенттік Төрағасының да пікірін білгім келеді», – деді ол.

Үнзила Шапаққызының айтуынша, жұмыс тобының отырыстарында бұл мәселе депутаттардың тарапынан да көтерілген.

«Өзіңіз атап өткендей бүгінгі күні тұтынушылық кредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі деңгейін уәкілетті орган яғни Қаржы нарығын реттеу агенттігінің нормативтік қаулысы арқылы шешіледі. Бұл бойынша депутаттар өздерінің пікірлерін ортаға сала отырып ортақ пікірге келген болатын. Осы пікір бойынша Ұлттық банк пен агенттіктің бірлескен нормативтік актілері арқылы ставка мөлшерлемесін анықтау ұсынылып отыр. Осыған байланысты тұтынушылық банктың кредиттерінің мөлшерлемесін 56-дан 42 пайызға, микрокредит бойынша 56-дан 50 пайызға төмендету бойынша ұсыныстар енгізді. Қазір бұл норма Үкіметтің қорытындысында жатыр», – деді ол.

Ал Мадина Ерасылқызы бұл мәселені жұмыс тобы аясында қарастырғанын ескертті.

«Әрине банктік кредиттер мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін төмендету керек. Енді заң қабылданғаннан соң біз агенттік және Ұлттық банкпен бірлесіп сондай шешімді қабылдайтын боламыз», – деді ол.