«Театр көбейсе, түрме азаяды»

Театр – ұлттық руханияттың қасиетті ордасы. Бұл сөз режиссер, Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемировтың пікірі. Ал қазақ халқының рухани құндылықтары театрда қалай көрініс тапқан?

«Ұлттық рух – ұлттық сана мен мәдениет арқылы сақталады»

Асхат Маемировтың айтуынша,  рух деген көшпенді халықта ең биік категория. Сондықтан да ол Ұлы даланы мекен еткен ата-бабаларымыз үшін рух бәрінен биік болғанын ескертті.

«Рух дегеніміз – адамның жан дүниесіндегі ар-ождан, өмірлік мақсат-мұраттар, ұлтқа тән құндылықтар. Сондықтан бабаларымыз «Ұлттық рухын жоғалтқан елдің ертеңі жоқ» деп аманат етіп отырған. Ал, ұлттық рух дегеніміз – ұлттық сана мен ұлттық мәдениет арқылы сақталатын баға жетпес құндылық, қазына. Ал, бұл қазынаның тамырында бірінші кезекте біздің мәдени құндылықтарымыз, ұлттық сана дегеннің барлығы жатыр.

Кейінгі уақытта рухани құндылықтардың әлсіреп бара жатқаны жиі айтылып жүр. Бұл негізсіз емес. Себебі, ұлттың рухани иммунитеті жалпы көшпенді халықта болуы керек. Ал, енді оны қоректендіріп отыратын үлкен бір тағылым, өнеге бар. Ол тағылымның өзегінде ұлттың ар-ұяты, тәлім-тәрбиесі, өнегесі жатыр. Ұлы далада ең бірінші кезекте отбасылық институт үлкен мәнге ие болған. Отбасылық институттың ең басты тірегі ата мен әже, әке мен ана, бала мен келін, немере деп білемін.

Осы бір ұрпақтар сабақтастығы ортасында міндетті түрде рухани құндылықтардың жалғасып отыруы әрқашан өзекті болған. Ең бірінші, халықтың алдындағы әрбір азаматтың өзінің мұраты, абыройы, міндеті бар. Сондықтан осы ұлт алдындағы парызды әрбір азамат орындауы тиіс. Ол бірінші кезекте ұлттың  ана тілін уызынан жару, яғни сол тіл арқылы бітетін жыраулар поэзиясы, фольклор, этнография секілді небір біздің мәдени жәдігерлеріміздің барлығы сол ұлттық рухани құндылықтардың нәр беретін негізгі тамыры. Сондықтан тамырының мықты болуына қазақ халқы ерекше көңіл бөлген», – дейді ол.

«Рухани құндылықтарды бірінші орынға қоямын»

Режиссер  адамның шыққаны тегі үлкен мәнге ие екенін айтады. Яғни, ол текті әулет деген кезде әр әулеттің өзінің ұстанымы болатынын ескертті.

«Ол жетімді жебеу, қайырым жасау, мейірім төгу, жағдай жоқ міскін адамды демеп жіберу, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған елдің осындай рухани құндылықтарының түп-тамыры мыңжылдықтардан бастау алады.

Материалдық құндылық қазақ үшін ең басты нәрсе болмаған. Жан сарайын рухани құндылықтармен нұрландырып отырған халық өзі көшіп-қонып жүреді. Алтайдан басталып Ұрымға дейінгі аралықта көшіп-қонып жүргенде материалдық құндылықтарды қайтеді. Сондықтан, біздің бабаларымыз үшін ең бір адами абсолюттің шыңы – рух саналған. Рухани иммунитет – бабаларымыздың сөздерімен, жыры, аманаты, ән-күйіміз, бүкіл дәстүрлі мұраларымызбен, тарихи ескерткіштерімізбен жалғасып отырады. Осылардың барлығын бойына сіңірген адамның бойында ұлттық намыс, ұлттық мінез болады.

Ал, ұлтқа қызмет ететін адам өзінің мінезі арқылы жүреді. Ұлт руханиятына өлшеусіз қызмет етеді. Мен үшін жеке азамат, тұлға ретінде басқа бақыттан гөрі рухани құндылықтар өте маңызды. Ұстаз ретінде шәкірттерді тәрбиелеу кезінде де, әулетімде де  рухани құндылықтарды бірінші орынға қоямын. Біздің алып мемлекетіміз шағын отбасылардан құрылғандықтан әрбір отбасыда рухани құндылықтар салтанат құруы тиіс. Сондықтан өзімнің жүрген жерімде рухани құндылықтардың дәнін санаға сіңіруге тырысамын», – дейді Асхат Максимұлы.

«Театр діннің де үлкен функциясын атқарған»

Асхат Маемиров театрдың ең бірінші кезекте атқаратын функциясы – рухани құндылықтарды дәріптеу екенін ескертті.

«Театрдың эстетикасы, танымдық-тағылымдық әлемі, философиясы, көзқарастардың қақтығысы өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ, ең бірінші кезекте театр осы бір рухани-әлеуметтік институттың да жүгін атқаруы тиіс. Себебі, ежелгі Грек театрларынан бастап театр тіпті діннің де үлкен функциясын атқарған. Ежелгі Гректерден бүгінгі күнге дейін жеткен «театр көбейсе, түрме азаяды» деген тәмсіл бар. Ол ауыспалы мағынасында да, тура мағынасында да солай. Себебі, ежелгі Грек далаларында да, Рим театрларында да қойылым болып жатқан кезде түрмелердің есігі ашылып, адамдар сол жерге барып рухани сусындайтын болған. Яғни, театр бар жерде қылмыскер болмайды деген наныммен өмір сүрген.

Театрдың қазіргі күнге дейін өміршең өнер болып, тұғырынан түспей келе жатқанының ең басты себебі, театрдың тамырында рухани құндылықтар жатыр. Менің өзімнің қойылымдарым «Абай-Тоғжан», «Гауһартас», «Шәмші» болсын, қазіргі отбасылық тақырыптарды арқау еткен «Қоштасқым келмейді…», «Махаббат жағалауы», «Қара шекпен» секілді қойылымдардың барлығында да ең бірінші кезекте рухани адамзаттық және ұлттық құндылықтар арқау етілген. Көрерменмен рухани диалог жасау арқылы осы рухани құндылықтардың сәулесін адамның жүрегіне құю. Сондықтан, мен үшін театр рухани орданың міндетін атқарады», – дейді ол.

«Ұлттық идентификация жүріп жатыр»

Асхат Маемиров басқаратын Музыкалық жас көрермендер театры қазақ халқының рухани құндылықтарын дамытуға айрықша қызмет етіп жатыр. «Гауһар тас», «Қоштасқым келмейді» секілді қойылымдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

«Расында да, біз театрды қасиетті руханияттың шаңырағы деп есептейміз. Үлкен сахна кеңістігінде ұлттың рухын қозғайтын, күш-қуат беретін сарқылмайтын қазынаның барлығы сахналық формалар, эстетикалық стильдер арқылы көрерменнің жүрегіне жол тауып жатады. Сондықтан, қазіргі жағдайда әсіресе, «Гауһартас» қойылымы арқылы ұлттың рухани нәріне сусындаған жастарды көремін. Ұлттық идентификация жүріп жатыр. Біз соңғы 30-40 жыл ішінде жаһанданудың бел ортасында жүрдік қой. Жаһандану мәдениетін ұрпақ өз бойына сіңірді. Бірақ, белгілі бір кезеңде ұрпақ өзінің тамырына оралады. Мысалы, ұлттық киім киюді өмір сүру салтына айналдырып келе жатыр. Қалалық үйлерде қамшы ілінбейтін. Қазір қамшы да ілінетін болды. Бұлардың барлығында ұлттық намыс та, таным да және ұлттың өмір сүру салты да бар. Театр ең бірінші кезекте осы бір құндылықтарды дәріптеуі тиіс.

Еуропаға театрмен барған кезде «Қыз Жібек», «Абай-Тоғжан» қойылымын сахналаған кезде ең бірінші кезекте ұлттың рухани құндылықтарын, мінезін, ар-ұятын тани түседі. Мен ұлттың ары деген сөзді тегіннен тегін айтып отырған жоқпын. Әлемде әртүрлі өркениеттер, мәдениеттер бар. Сол мәдениеттің ішінде қазақтың да ұлттық мәдениеті бар. Ал, ұлттық мәдениеттің өн бойында рухани кодымыз бар. Біз жаһанданудың ішінде жұтылып кетпей ұлт ретінде сақталып қалу үшін театрлар өзінің күн тәртібінде ұлттық-рухани құндылықтарды қалай дәріптей аламыз деген дүниелер міндетті түрде болуы керек. Өнердің қай түрі болмасын олардың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды, бірегейлікті дәріптеу болуы керек», – дейді ол.

«Театр – ұлттық руханияттың қасиетті ордасы»

Әңгіме соңында Асхат Максимұлы әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетовты еске алды.

«Асқар Сүлейменовтың кезінде көрнекті театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовке берген қолтаңбасы бұл күнде қанатты сөзге айналып кетті. «Өзін де, ұлтын да сатпаған Әзекеңе» деп қолтаңба қалдырған. Сондықтан ұлтына қастандық, сатқындық жасамаған адам – рухы биік адам. Яғни, өзіне сатқындық жасамаған адам ұлтына да сатқындық жасамайды.

1992 жылы атақты академик, түркітанушы, әдебиеттанушы, ғалым Рахманқұл Бердібай ағамыз Анкарада өткен үлкен түркітілдес халықтардың симпозиумына қатысып, «көзқаман» деген сөзді айтады. Яғни, мәңгүрт адам болады. Оны адамдардың қолымен жасалып, оның санасын, тегін, есімін, тілін, дінін ұмытады ғой. Сондықтан, ол адамды «мәңгүрт» дейміз. Ал мына «көзқаман» деген, мінберге мінген кезде «Елім, жерім» деп ал, шымылдықтың артында адам баласының бойын шымырлататын, ұлтқа деген қастандық пен қатыгездіктің түр-түрін жасайтын адам. Осы сөзді айтқанда түрік ағайындар «Мына «көзқаман» деген дәл айтылған сөз екен. Түрік әлемінде де көзқамандар бар ғой» деп шу ете түсіпті. Сондықтан, ең бірінші кезекте қазақ қоғамында рухани көзқамандар, рухани мүгедек адамдар болмаса екен. Себебі, адамға тән саулығы қымбат, бірақ рух, жан саулығы ең басты нәрсе. Осы театрда жүрген кезде ұлттың рухани шынығуы үшін арнайы спектакльдер қоямын. Бұл биік пафостан, патетикадан туған сөз емес. Бұл менің қазіргі уақыттағы азаматтық ұстанымым. Театр – ұлттық руханияттың қасиетті ордасы. Театр – ұлттың рухани ағзасын зерттеп, зерделеп, елеп отыратын үлкен бір институт, бұл қоғамдық мінбер», – деді ол