«Рәмізтанушы мамандардың жоқтығы үлкен мәселе болып отыр»

«Рәмізтанушы мамандардың жоқтығы үлкен мәселе болып отыр»

Мемлекеттік рәміздерге ұқыпты және құрметпен қарау керек деп жиі айтамыз. Алайда мемлекеттік ту мен әнұран және елтаңбамызға қаншалықты құрметпен қарап жүрміз?

«Әр азамат мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау керек»

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Қалқаман Саринның айтуынша, Мемлекеттік рәміздер ең басты құндылық болып саналады.

«Мемлекеттік ту мен әнұран және елтаңбамыз тәуелсіздігіміздің, егемен ел екендігіміздің ерекше белгісі, мемлекетіміздің тәуелсіздігін айшықтап тұратын басты құндылығымыз. Енді осы рәміздерімізге халықтың құрметін қалыптастыру,  жас ұрпақтың санасына сіңіру, патриот етіп тәрбиелеу баршамыздың мақсат-міндетіміз. Мемлекеттік рәміздерге құрмет тәрбиеден, насихат жұмыстарының ең әуелі отбасыдан, балабақшадан, мектептен іргетасы қаланады. Бізде кейде «Мемлекеттік рәміздерді насихаттау тек қана мемлекеттік органдардың, мекемелердің, биліктің ғана міндеті» деген біржақты пікір айтылып жатады. Негізі, ол әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Қазақстан Репспубликасының Конституциясында заңмен бекітілген норма. Еліміздің әр азаматы мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға міндетті деген заң бар. Заң бар кезде мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарамау, оған ұқыптылық танытпау ол заңды бұзу, қылмыс болып саналады. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге құрмет сақталуы тиіс», – дейді ол.

«Мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін түсіндіруіміз керек»

Қалқаман Сарин әлеуметтік желі мемлекеттік, қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді талқылайтын ашық алаңға айналғанын айтады.

«Қазір үкімет әлеуметтік желідегі адамдардың пікірімен санасқан соң халықтың үні, арыз-шағымы сол жерде айтылып жатады. Әйтсе де қоғам болған соң, өмірде әртүрлі жағдайлар орын алады. Кейде туымыздың төмен немесе қисайып қалуы, матасының ескіріп, дер кезінде жаңартылмай қалауы сөз болады. Сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі жарыстарда негізгі әнұранымыз шырқалмай бұрынғы ескі әнұранымыз орындалған кездер болды. Тіпті, кейде елтаңбамыз елеусіз қалған кезде де әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, қатаң сынға ұшырап, халықтың наразылығын туғызып жатады.

Азаматтардың мемлекеттік рәмізге деген жанашырлығы дер кезінде олқылықты түзетуге мүмкіндік береді. Бұл халықтың рәміздерге деген ұқыптылығын, құрметін көрсетеді. Әр Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік рәміздерге ұқыптылықпен қарауға, өзгелерден құрметпен қарауын талап етуіне құқылы деп ойлаймын. Бұл жұмыс жалғасын табуы керек. Себебі, қоғам өзгеріп, ұрпақ алмасып, жас ұрпақ өмірге келіп жатыр. Оларға отбасыдан бастап мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін, шығу тарихын, мән-мағынасын түсіндіруіміз керек», – дейді ол.

«Орталық мамандарының жалақысын көбейту керек»

Қалқаман Саринның Геральдикалық зерттеулер орталығына басшы болып келгеніне 2 айдан асты. Осы уақыт аралығында салаға қатысты көптеген мәселе бар екенін байқаған.

«Үкіметтің қаулысымен 2021 жылы наурыз айында құрылған орталыққа небәрі 3 жыл болды. Әрине құрылғанына үш-ақ жыл болған орталықтың мәселесі көп болады. Жас сала болғандықтан оның алдында үлкен асулар, биік белестер бар. Сол жолда көптеген қиындықтардың бар екеніне көз жетіп отыр. Әрине үш жылдың ішінде орталық мүмкіндігінше үлкен жұмыстар атқарды. Біз ешкімнің еңбегін жоққа шығармаймыз.

Әйтсе де геральдист, рәмізтанушы мамандардың жоқтығы үлкен мәселе болып отыр. Менің ойымша, бұл кезегін күттірмей тез арада шешу керек мәселе. Жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, рәмізтанушыларды дайындайтын факультеттерден мамандық ашу керек. Сондай-ақ гуманитарлық салаға қатысты тарих, саясаттану мамандықтарын меңгеріп жатқан студенттердің дипломдық, магистрлық, докторлық жұмыстарына геральтикалық тақырыптарды ғылыми дәрежеде зерттеуді енгізу қажет. Яғни, халықаралық тәжірибені сараптап, тарихымызды салыстырып жазу үшін және төлтаңбаларымыз бен елтаңбаларымыздың шығу тарихын зерделеу үшін көлемді ғылыми тақырыптар жасалуы тиіс. Біздің міндет осы жұмыстың атқарылуына ықпал ету деп ойлаймын. Мамандар жоқ емес бар, бірақ, саусақпен санарлықтай аз, жоқтың қасы. Сондықтан, осыған үлес қоссақ дейміз», – дейді ол.

Сондай-ақ Қалқаман Сарин орталық мамандарының жалақысы аз екенін ескертті. Сондықтан да ол бұл мәселе министрліктің деңгейінде шешілуі керек екенін ескертті.

«Бірақ, ең маңыздысы нағыз геральдист мамандарды дайындауымыз қажет. Бұл үлкен уақытты талап ететін дүние, ел мүддесі болғаны үшін осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Әрине, бұған дейін археологтардың, тарихшы, этнографтардың, таңбатанушылардың, дизайнер, саясаттанушылардың әртүрлі пікіріне, ақыл-кеңесіне, біліміне жүгінген. Әлі де жүгініп келе жатырмыз», – дейді ол.

Орталық директорының көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Себебі білікті мамандар болмаса, рәмізтану саласын дамыту мүмкін емес…