«Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып ұлтты сақтайды»

Қазақ халқы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты қатаң сақтап, өмірінің мәніне айналдырып алған. Сондықтан да халқымызды салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпсыз елестету мүмкін емес.
«Дін имандылықты сақтайды»
Этнограф Болат Бопайұлы салт-дәстүр мен әдет ғұрыпты егемендік алғаннан кейін қайта ақырын ұстай бастағанымызды айтады.
«Өкінішке қарай оның алдында ұлттық құндылығымыз ұмытылып кетті. Әдет -ғұрып пен салт-дәстүр деген нәрсе, даналық этнографиясын, мәдениетін, тарихын, қол өнерін, жалпы дәстүрлі миәдениетін тұтас қамтитын дүние. Сондай-ақ өміріміздегі тұрмыс шаруашылығындағы барлық саласын қамтитын өте үлкен энциклопедиялық білім. Отбасынан әлеуметтік ортаға дейін, туғаннан бақиға аттанғанға дейін, шілдеханадан ас беруге дейінгі ұлтты ұлт ретінде ұстап отырған алтын тұтқа деп білемін. Басқа ұлттар мен ұлыстардан бізді өзгеше көрсететін, өзімізге тән дүние. Салт-дәстүр отбасынан бастап әлемдік ортаға дейінгі бір ұлттың өсіп жетілу барысы. Ол бізді өнер мен мәдениет және ғылым мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жақтан ерешелей түседі.
Мысалы дін ұлтты сақтамайды, имандылықты сақтайды. Ал салт-дәстүр мен әдет- ғұрып, тіл, діл ұлтты сақтайды. Себебі қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, араб мұсылман халқы болып саналады. Бірақ олардың басқаларға ұқсамайтын, тек қана өздеріне тән, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпы, тілі мен діні бар. Міне осы арқылы өз ұлтын қалыптастырады. Осы тұрғыдан алып қарағанда ұлттың өмір сүретін қаны мен жаны ата-бабадан қалған салт-дәстүр. Бүгінгі қоғамда адамдардың мінезінің бұзылуы ата-баба дәстүрінің азайып, кеміп кеткенінің белгісі деп қарауға болады», – дейді ол.
«Ұлан-ғайыр далада абақтының болмауы қайран қалдырады»
Этнограф салт-дәстүр мен әдет-ғұрып бұрынғы заманда заң деңгейінде, иман деңгейінде сақталғанын айтады.
«Қазақ халқы Сақ, Ғұннан басталған бағзы заманнан бері отбасы тәрбиесінде ата-бабасы дәстүрін ұстанғандықтан 7 атадан қыз алыспау деген ұстанымын ұмытпай, жалғастырып отырған. Осы арқылы ұлттың генетикалық тегін, яғни ұлттық дүние танымын сақтап қалғаны қайран қалдырады. Еуропа, Батыс елдерінде генетика деген бертінде пайда болған ғылым. Ал бізде бағзы заманнан бері 7 атадан қыз алыспау бар емес пе? Сол себепті қазақ халқының қанының таза болуы, қазақ арасында жұқпалы ауру болмауы, әдепсіздік, тәртіпсіздіктің болмауы, тіпті ұлан-ғайыр далада абақтының болмауы қайран қалдырады.
Менің ойымша, мұның бәрі асыл салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды мұрты бұзылмай, сақталып келуіне байланысты болды. Бір сөзбен айтқанда қазақ халқының тәрбиесінің жоғары екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда салт-дәстүр мен әдет-ғұрып ұлттық рух пен қоғамдық тәртіпті қалыптастыратын, бала тәрбиесін жақсы жағынан қалыптастыратын дүние. Сондай-ақ адамдардың барыс-келіс, жүріс-тұрыс, мәдениетінің озық ұлт екенін көрсететін бірден бір көрсеткіш», – дейді ол.
«Ата-бабаларымыз тәртіпті ырым арқылы қалыптастырған»
Көпшілік қауым салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ажырата алмай, шатасып жатады. Ал этнограф екі түсініктің жер мен көктай айырмашылығы бар екенін, сондықтан да оған бей-жай қарамау керек екенін айтады.
«Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты ырым, тыйым, ғұрып, кәде, жол және жоралғы деп сан түрлі атай беруге болады. Ғұрып дегеніміз үлкен мереке, мейрам секілді қабылданатын дүние. Нақтырақ айтсақ, ат мінгізу, шапан жабу, ақсарбас сою деген секілді дүниелер ғұрыпқа жатады. Осының ішінде ғұрып дегеніміз көне наным сенімдерден яғни, мифологиядан тұратын нанымға кіреді. Мысалы келін түскен кезде отқа май тамызып бетін сыйпау секілді дүние ғұрыпқа жатады. Мұны кейбір адамдар діни тұрғыдан қарап, отқа табыну деп есептеп жүр. Бұл қате түсінік.
Ал салтқа жалпы халық емен-жарқын атқарып жүрген той-домалақ кіреді. Ал ырым мен тыйым екіге бөлінеді. Мысалы балаға «Мына қағазды қоқыш шелегіне апарып таста. Әйтпесе жаман болады» деп айтсақ, ол тыйым болады. Сондай-ақ «Мына қағазды қоқыс шелегіне апарып таста, олай істемесең 40 күн жолың байланып жүреді» десек, онда ол ырым болады. Сондықтан да осы сөзді естіген адам ырымды жақсы атқарып, сақтанып жүретін болады. Себебі бала «Егер қоқысты шелекке тастамасам жолым байланады екен» деп есіне мықтап сақтап қалады. Ата-бабаларымыз сан ғасырдан бері үзілмей сақталып келе жатқан тәртіпті осы ырым арқылы қалыптастырған», – дейді ол.
Сондай-ақ этнограф Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қазақ тарихында орны ерекше екенін айтты.
«Қазақ халқы 22 наурыз күні яғни, күн мен түн теңелгенде оған қоса жарық пен қараңғы, ер мен әйел, үлкен мен кіші, хан мен қара, бай мен кедей теңеледі деп түсінген. Өйткені бұл ұлы жаратылыстағы ең тамаша мерекелі және берекелі күн. Өкпе-ренішті кешіріп, Ұлыс күні ұлыс істер істейтін күн. Төс қағысып, құшақтасып амандасатын мереке. Тай қазанға 7 дән салып, тілеу көже жасап, оны қыдырып ішетін күн. Жастар жағы қарияларды іздеп барып, сәлем беріп, ақ батасын алатын және бұлақ көзін ашып, ағаш егетін күн. Босағаны ақпен ақтап, сүт көп, азап аз болсын деп тілек айтатын күн. Жігіттер қыздарға айна, тарақ, иіс су секілді тағы басқа сыйлық ұсынатын мереке», – дейді ол.
Этнограф бірнеше ғасыр өтсе де үзілмей сақталған салт-дәстүрді ХХІ ғасырда жалғастыра түсу керек екенін айтады. Себебі қазақ халқының ерекшелігі осы ұлттық құндылығымызда жатыр.