«Жасыл экономиканы дамытуға жақсы көзқарас керек»

Қазіргі таңда әлемде жасыл экономика қағидаттарын дамыту өзекті болып отыр. Ал елімізде жасыл экономиканы дамытуға байланысты қандай жұмыстар атқарылды? Жалпы жасыл экономика қағидаттары дегеніміз не?

«Елімізде жаңартылатын энергия көздерін тұтыну 5 пайызды құрап отыр»

«Байтақ» жасылдар партиясының орталық аппаратының басшысы Бекберген Керейдің айтуынша, Қазақстан 2013 жылы экономиканы мұнай мен қазба байлықтарына тәуелді етпеу мақсатында жасыл экономиканы дамытуға ден қойған.

«Басты мақсатымыз Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасының қағидаты болды. Жасыл экономиканы дамытып, оның міндеттерін іске асыру Қазақстанның біршама заңдарының өзгеруін талап етті. Жасыл экономика мен қоршаған ортаны қорғау еліміздің стратегиялық жоспар саясатының 7 бағытын қамтиды.

Біріншіден, бұл экономиканы декорбанизациялау және қалдығы аз экономиканы дамыту. Қазір Совет үкіметінен қалыптасқан «қоңыр» экономика жалпы қоршаған ортаға деген мәселенің кері әсерін байқап отырмыз. Жалпы статистикалық мәліметіне қарайтын болсақ, әлем бойынша дамыған 50 елдің қатарына кіруге мүмкіндік болмай тұр. Мысалы, Париж келісімі шеңберінде міндеттерді алып, түрлі тиісті құжаттар қабылдадық. Былтыр Президентіміз Қ.К.Тоқаев Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекітіп, шығындарды азайту мәселені көтерді. Бұл жасыл қаржыны дамыту, оны есепке алу және жасыл технологияларға инвестициялар тартуды талап етеді. Біздегі көкейкесті мәселе су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттырып, суды үнемдеуді ынталандыру мен қорғау болып отыр.

Қазіргі таңда жақсы дамып жатқан жаңартылатын және баламалы энергия көздерін дамыту және өзіміздің дәстүрлі энергия көздерін жетілдіру. Елімізде жаңартылатын энергия көздерін тұтыну 5 пайызды құрап отыр. Қазіргі кезде оның бағасы да тиімді болып келе жатыр. Мысалы, соңғы 100 мегаваттық аукционда жаңартылатын энергия көздерінің 1 киловатт құны 9 теңге дейін төмендеді. Мұны мен Қазақстанның жетістігі деп білемін. Тағы бір бағыт бұл биоалуандықты сақтау. Қазақтың қоршаған ортасын, тауын-тасын, орманын, жан-жануарын сақтау мәселесінде биоалуандықты сақтау негізгі проекттердің бірі. Ең басты мәселе Қазақстанда тұрмыстық қалдықтардың 22 миллиард тоннаға түзілуі, ал сол қалдықтарды кез келген мемлекетке апаратын болсақ, сол мемлекет көміліп қалатыны хақ. 22 миллиард тонна қалдықтарды жою, оларды утилизациялау бағытында қарқынды жұмыс істеуді талап етеді», – дейді ол.

«Су ресурстарының инфоқұрылымдарын дамыту үшін инвестиция тарту керек»

Бекберген Дүйсенбайұлы «Байтақ» жасылдар партиясы осы 7 бағыттың ішіне су ресурстарын тұрақты пайдалануын бірінші кезекке қоятынын айтады.

«Өйткені су ресурстарын пайдаланудың тиімділігі өте төмен. Мысалы ағымдағы тарифтік жүйе, әсіресе ауыл шаруашылығындағы тарифтерді қайта қарауды талап етеді. Сондықтан ауыл шаруашылығында пайдаланатын шығындар мен амортизациялық аударымдарды өтеуді қайта қарау керек.

Ең басты мәселе суды үнемдеуді ынталандыру, ол тек ауыл шаруашылығында ғана емес, өндірістерде де, жалпы тұрмыстық жағдайда да суды үнемдеуді ынталандыруымыз қажет. Осы бағытта насихаттау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Суға қатысты инфоқұрылымдарға инвестициялардың болмағаны бізді ойландырады. Сол себепті, су ресурстарының инфоқұрылымдарын дамыту үшін инвестиция тарту керек. Су ресурстарын басқарудың инфоқұрылымдары ескірген, талан-таражы болып тоналған. Осы бағытта біздің есебіміз бойынша нақты ақпараттық деректер базасының болуын қалаймыз. Бұл мемлекеттік су кадастры деп аталады. Қазіргі уақытта Мәжілісте жаңа Су кодексі пысықталуда, бұл норма да талқыланатын болады.

Келесі бағыт, тұрақты және жоғарғы өнімді ауыл шаруашылығын дамыту. Бұл жерде кез-келген ауыл шаруашылық өнімдерінің тиімділігін 2-2,5 пайызға дейін арттыруға атсалысуымыз керек. Бұл бағытта өнімдерді қайта өңдеуді қолға алғанымыз жөн, ауыл шаруашылығына қатысты болғаннан кейін су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға баса назар аударуымыз керек. Жер бізге жеміс бергендіктен оның құрғауы мен сарқылуына жол бермеу керек. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы органикалық өнім өндірісінің сертификациялануын қолға алуымыз керек және мамандандырылған зертханалардың дамуын қолға алу қажет», – дейді ол.

«АЭС салу – тиімді жол»

Сондай-ақ Бекберген Керей энергияны өңдеу және энергия тиімділікті арттыру маңызды екенін айтады.

«Бұл жердегі ең басты мақсат – энергияны үнемдеу жіне энергия тиімділігін арттыру. Ол үшін ынталандыру тетіктерін құруымыз керек, бұл қаржылық қолдау, салалық жеңілдіктер және мемлекеттік энергетикалық тізілімді кеңейту. Осы саланы қатаң реттеу шараларын қабылдау, басшылардың жауапкершілігін күшейту және нормативтерді қайта қарау керек.

Тағы бір бағыт бұл электр энергиясын дамыту, бұл жерде энергия үнемдеу технологияларын енгізу, жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамыту, баламалы энергия көздерін дамыту маңызды болып отыр. Бұл елімізде қызу талқыланып жатқан АЭС-ке тікелей қатысты дүние. Біз әлем бойынша бірінші уран өндіруші болып отырмыз. Себебі біз осы атом энергиясын дамытып жатқан мемлекетке уранымызды беріп отырмыз. Бірақ энергия тапшылығы жыл сайын 5 пайызға өсіп отыр. Бұл жердегі тиімді жол – АЭС салу. Бұл мәселе бойынша Қазақстан делегациясы СОР-28 саммитіне қатысып келді. АЭС салу климаттың өзгеруіне төтеп беретін жолдың бірі. Президентіміздің айтуы бойынша халық өз таңдауын жасау керек, бірақ осы бағытта үлкен жұмыс атқаруымыз керек. Ел ішінде үрей бар, АЭС десе кезіндегі қырып-жоятын атоммен салыстырады. Бұл төмен байытылған уран түрін бейбіт жағдайда қолданылатынын айтып, халыққа дұрыс ақпарат беруіміз қажет», – деді ол.

«Халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру керек»

Бекберген Дүйсенбайұлы қалдықтарды басқару жүйесіне ерекше назар аудару керек екенін айтады.

«Бүгінгі таңда елімізде 22 миллиард тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналып отыр. Соның 15-17 пайызы ғана қайта өңделіп, сұрыпталып ішінен пайдалы заттар алынады. Бұл да үлкен қаржыландыруды талап етеді. Қоқыс сақтайтын полигондардың экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес еместігі тағы бар, бірақ оның әрі кетсе 15 пайызы ғана заңдастырылған. Мысалы елімізде 5000 қоқыс полигоны болса, оның 500-ге жуығы ғана заңдастырылған. Ал қалғандары заңдастырылмаған немесе экологиялық-санитарлық нормаларға сай емес.

Тағы бір бағыт ауаның ластануын азайту керек. Бұл жерде экологиялық кодекстің қауқарсыз екенін көріп отырмыз. Осы бағытта Экологиялық кодексті қайта қарауды талап етеді. Бұл мәселе бойынша Қазақстанның экологиялық стандарттарын қайта қарауды ұсынып отырмыз. 2021 жылы қабылданған Экологиялық кодекстің «ластауушы төлейді» деген қағидаты бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, ол қатаң бақылауға алынуы тиіс.

Парниктік газдардың шығарындыларын азайту үшін бізге энергия тұтынуды азайтуымыз керек. Ол дегееніміз – энергия тиімділігін арттыру, энергия сыйымдылығын төмендету, электр энергиясын неғұрлым таза өндіру керек.

Сонымен қатар, жаңартылған энергия көздері, яғни таза өнімге көшуіміз керек. Бүгінгі таңда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 5 пайыз, ал 66 пайызы қазіргі таңда жылу энергия станцияларын көмір жағу арқылы алып отырмыз. Бірақ оның зардабы орасан. Президенттің «2 миллиард ағаш отырғызамыз» дегені ол сол партник газдарын азайту мақсатында айтылған болатын. Бірақ қаншалықты құзырлы органдар мен әкімдіктердің осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқаны бізге беймәлім.

Бұдан бөлек, еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін экологиялық білім беруді тоқтатпай, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру керек. Экологиялық білім беру климаттың өзгеруі, биоалуантүрлілікті сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды тұтыну, өндіріс және т.б. сияқты тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібінің маңызды аспектілерін қамтуымыз қажет», – деді Бекберген Керей.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ