«Елімізді 100 пайыз газдандыруға 20 жыл керек»
Еліміз қашан 100 пайыз газбен қамтамасыз етіледі? Сондай-ақ «Сарыарқа» газ құбыры солтүстік Қазақстан облыстарына неге жетпеді? Осы және өзге де сұрақтарды мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовке қойдық.
– Ресми дерек бойынша елімізде газдың 3,8 трлн текше метр көлеміндегі қоры бар екен. Газ өндірісінің 81 пайызы үш ірі жоба, яғни Қарашығанақ, Қашаған және Теңізге тиесілі. Газды қауіпсіз және тиімді өндіріп, ішкі нарықтың қажеттіліктеріне қалай өтеуге болады?
– Еліміздегі газ қоры 3,8 триллион текше метр болса да, қазіргі өнім жетіспей жатыр. Яғни, оны жүз жыл бойы асықпай шығара бересіз. Бірақ бізге газ қазір керек, сондықтан да ол дефицит болып отыр. Оған қазіргі өнімнің күші жетпейді. Мысалы жердің астында 100 текше метр жатса, олар күніне тек 1 текше метр шығарып жатыр. Бірақ қазіргі таңдағы газды тұтыну 2-3 текше метр, сондықтан газ дефицит болып жатыр. Бізге оны көтеру керек, көтерудің жолы газ шыққан кезде газ зауыты мен оны жеткізетін қор керек.
– Бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2025 жылға қарай елімізде газ тапшылығы болуы мүмкін деген еді. Ал QazaqGaz Басқарма төрағасының орынбасары Арман Қасенов елімізде 100 жылға жететін газ қоры бар дейді. Бұл екі азаматтың қайсына сенуге болады?
– Бұл жерде Болат Ақшолақовтың «газ тапшы болады» дегені дұрыс. Қазірдің өзінде тапшы, импорт алып жатырмыз. Ал Арман Қасеновтың айтқан сөзі олардың нұсқасымен аз өнімді жүз жылға дейін жеткіземіз. Оның сөзінің де қайшылығы жоқ. Бұл жерде Қазақстаның ең үлкен мәселесі қазіргі шығарып жатқан өнімнің ішкі нарықты қамтамасыз етпеуінде болып отыр.
– Еліміздің солтүстігі мен шығыс аймағын газдандыру мәселесі жиі көтеріледі. Алайда бұл мәселе түпкілікті шешілген жоқ. Қысы қатаң аймақты газдандыру жұмысы неге кешеуілдеп кетті?
– Солтүстік және шығыс аймағында табиғи газ жүргізілмеген. Сол себепті ол жақ көмірге әлі күнге дейін тәуелді болып отыр. Газдандыру жобасы басында Астана арқылы «Сарыарқа» құбырымен қамтамасыз етіледі деген алғашқы жоспар болған. Бірақ уақыт өте келе Астанаға «Сарыарқа» құбыры келгенімен газдың жеткіліксіздігінен елордаға толық газ келген жоқ. Ал Астанаға келмеген газ басқа өңірлерге жеткізілмей отыр. Оған себеп газдың тапшылығы, негізінен қордың көп болуы жердің астындағы қорға байланысты, ал оны дұрыс шығара білу екінші мәселе, яғни шығаратын өнімнің төмен болуы. Сондықтан бұл жерге басқа да жобалар ұсынылып жатыр. «Сарыарқа» газ құбырына көптеген қаржы жұмсалды. Бірақ ол сол күйінде қалды. Сондықтан, газдың қорының қанша көлемде екенін алдын ала біліп алу керек еді.
– Үкімет Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарын Ресей арқылы газға қосуды жоспарлап отыр екен. Қазіргі таңда «QazaqGaz» және «Газпром» компаниялары Ресей Федерациясына тиесілі газ құбырының мүмкіндігін пысықтап жатыр. Үш облысты газдандырамыз деп Ресейге тәуелді болып қалмаймыз ба?
– «Сарыарқа» газ құбыры өз функциясын атқара алмағандықтан Үкімет сол газды солтүстік көршіден тарту жобасымен жұмыс істеп жатыр. «Газпром» өте белсенді, Еуропаға шығып кетпеген газды басқа нарыққа бұру, сол жақты қамтамасыз етумен айналысады. Мысалы, жақында Өзбекстанға газ тасымалдау бойынша келісім-шартқа қол қойды. Қазіргі таңда Қытаймен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазақстанға ол газ құбыры келгеннің өзінде де, еліміз үлкен транзит болып қалады. Павлодар, оңтүстік, солтүстік, шығыс жақтан тартылған құбыр ары қарай Қытайға өтеді. Құбырды салғанда өз-өзін ақтау үшін үлкен етіп салады. Бірақ белгілі бір мөлшерін бізге тастап кетеді. Сондай бір мақсатта салу бәлкім оларға тиімді болады. Ал тек Қазақстанға салатын болса ол үлкен қаражатты талап етеді және өзін өзі ақтамауы мүмкін. Сондықтан Үкімен оған келісе қоймайды. Халықтың қалтасына ауыр тиеді немесе оны Үкімет субсидиямен жауып отыруы керек болады.
Бұл сұрақтың екінші жағы да бар. Алғашқыда «Сарыарқа» газ құбыры тәуелсіз болу мақсатында салынған. Енді солтүстік көрші елден газ келетін болса, өз газымызды өзіміз шығара алмай, басқа сырттан келген газға тәуелді болып қаламыз. Ол қазір арзан көрінгенмен уақыт өте келе тәуелділік қымбатшылыққа алып барады. Сонымен қатар, біз өз газымызды өңдемегеніміз үшін солардың қойған тарифіне келісіп отыра береміз.
– Үкімет отырыстарында Премьер-Министр Олжас Бектенов Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен елдің орталығы мен солтүстік-шығысы әлі де болса газдандырылмағанын айта келіп, бұл шаруа қашан іске асатынын сұраған болатын. Министрдлің сөзінше, бұл шаруаның екі бағыты бар. Біріншісі – «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының екінші, үшінші көздерін салу керек екенін айтқан екен. «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры елімізді газдандыруда қаншалықты үлес қосты?
– Бұған дейін айтқанымдай «Сарыарқа» газ құбыры Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстанды газбен толық қамтамасыз ету керек болған. Сонымен қатар, төрт этаптан тұру керек болған. Бірақ, қазіргі таңда бірінші этаптың газы толмай жатыр. Сондықтан өзін ақтамаған газ құбыры деп айтуға болады. Бұл жерге көп қаржы жаратылды. Ол жердегі ақша мемлекеттің Бірыңғай зейнетақы қорынан түсті. Бұл қаражаттың есебінде ешкім жасап жатқан жоқ, кеткен ақша кетті. Бірақ, ол газ құбыры өз функциясын толықтай атқарып жатқан жоқ.
– «Сарыарқа» газ құбыры демекші, Астананың іргесіндегі көптеген ауылдар әлі газға қосылған жоқ. Мысалы былтыр Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжанов бірнеше ауылға биыл газ келеді деп еді, енді ол келер жылға қалыпты. Үкімет жеке сектордағы үйлерді газдандырып үлгере алмай жатыр ма, жоқ әлде газ қоры аз ба?
– Жаңа айтып өткенімдей мәселе мемлекеттік баланста тұрған газ қорында емес. Қазіргі газ-кен орындарындағы шығып жатқан өнімнің аздығында және газ зауыттарының жетіспеуінде. Кен-орын компания иелерінің газ өнім шығаруға құлшыныстарының аздығында, себебі «ҚазақГаз» газ алатын кен орындарынан өте арзан бағада алынады. Өз құнына 10 пайыз ғана қосып береді. Ол кен орындары үшін тиімсіз. Сол үшін олар жаңа ұңғыма қазып, газды шығарып «ҚазақГаз»-ға сатқанша, ол газды жер қабатына айдап жіберу немесе электр тоғын өндіру үшін ГТС-терге жіберіп жатыр.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар еліне жасаған сапарында «Бейнеу–Бозой–Шымкент» желісі мен «Ақтөбе-Қостанай» желісінің екінші кезегін салу жобаларын Power InternationalHolding компаниясымен бірлесіп іске асыру туралы келісімдерге қол қойылған болатын. Бұл келісімнің елімізлі газдандыруда қаншалықты маңызы бар?
– «Бейнеу–Бозой–Шымкент» желісі мен «Ақтөбе-Қостанай» желісінің екінші кезегін салу жобалары бар құбырға қосымша құбыр салу және соны толықтыру маңызды. Бірақ ол жоба қашан басталады және қаржы қашан бөлінетіні туралы ақпарат егжей-тегжей талқыланбады. Сондықтан бұл сұрағыңызға жауап бере алмаймын.
– Қазіргі таңда еліміз қанша пайыз газдандырылған және көгілдір отынмен 100 пайыз қамту мүмкін бе?
– Қазір нақты еліміздің қанша пайызы газдандырылығанын нақты айта алмаймын. Бірақ шамамен 50-54 пайыздай газдандырылған. Ай сайын олар ақпарат айтып отырады. Бірақ басым көпшілігі газдандырылмаған өңірлер. Олардың ішінде Орталық, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары кіреді. Олардың газдандырылмаған себебі газ қорының, құбырдың жоқтығы және оған жіберетін газдың аздығы. Сонымен қатар, бұл бағытта жұмыстың өте баяу жүруі. Менің ойымша, елімізді 100 пайыз газбен қамту үшін кемінде 20 жыл кететін болар. Қазақстанды толық газдандыруға 10 жыл жеткіліксіз.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ