«Сиырдың терісін илеп, сүйегінен ұн жасағым келеді»
Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытып отырған азаматтың бірі «Бөрте Милка» ЖШС бас директоры Бөкейхан Әбішов. Отыз үш жастағы азамат қаймақ пен айран, сары май, құрт, балмұздақ және балаларға арнап «Бөрте Милка» йогуртын шығарып отыр. Шаруашылықты дамытуда Үкімет тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатыр және компанияның болашақта қандай жоспары бар? Осы және өзге де сұрақты жас кәсіпкер Бөкейхан Әбішовке қойдық.
– Бөкейхан Нұралыұлы, «Бөрте милка» компаниясын қашан құрдыңыз және шаруашылығыңызда қанша сиыр бар?
– «Бөрте Милка» компаниясы 2015-2016 жылдары бірінші және екінші қора құрылысын бастаған болатын. Екінші кезең яғни 2018 жылы екінші, үшінші және төртінші қораны салдық және тәулігіне 50 тонна сүт өңдейтін сүт зауытын салдық. Одан кейінгі үшінші кезеңде, нақтырақ айтсам 2024 жылдың қаңтар айы мен сәуір айының аралығында бесінші қора құрылысын бітірдік. Ең алдымен 2016 жылы асыл тұқымды ірі қараларды Венгриядан әкелген болатынбыз. Бесінші қораның құрылысы аяқталғаннан кейін осы жылдың наурыз айында тағы да 400 сиыр алып келдік. Қазіргі таңда шаруашылықта 1500-ға жуық асыл тұқымды ірі қара бар.
Венгриядан әкелінген асыл тұқымды сиырлардың ерекшелігі сүтті болып келеді. Голштин-фриз сиыр тұқымының ең көп сүт беретіні 50-60 литрге дейін жетеді. Оның ішінде 45-50 литр, 30-35 литр сүт беретін сиырлар бар. Былайынша айтқанда, орта есеппен тәулігіне 30 литрге дейін сүт береді.
– Қарапайым сүттен бірнеше өнім алуға болады. Өзіңіз басқаратын компания қандай өнім шығарады?
– Біздің компания жиырмадан астам сүт өнімдерін шығарады. Оның ішінде, бес-алты түрлі қаймақ, құрт, тұзды айран, «Бөрте таңы» деген қышқыл дәмі бар сусын, май, төрт түрлі йогурт, екі түрлі айран және сол сияқты сүт өнімдерін шығарады. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап, малдың санының көбеюіне байланысты ірі-қара малын сатумен айналысу жоспарда да бар.
– Үлкен компанияның жұмысын жүргізу үшін білікті кадр керек. Тәжірибелі маман табуда қандай қиындықтар болды?
– Қазіргі таңда «Бөрте милка» компаниясында жүзден астам қызметкер жұмыс істейді. Оның 90 пайызы жергілікті Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округі, Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындары. Жалпы, маман табу оңайға соққан жоқ. Бұл сиырлар өте нәзік, уақытында вакцинасын салып, уақытылы тұяғын алмасаң, жем-шөбін беріп отырмасаң тез ауырады. Тіпті, екі-үш күннің ішінде өліп қалуы да мүмкін. Сол себепті, ең бірінші қораны ашқан кезде Венгрия мемлекетінен бірнеше мамандарды үлкен қаражат беріп шақырып, осында жұмыс істейтін қызметкерлерді оқытқан болатынбыз.
Қазіргі таңда еліміздегі ең үлкені мәселенің бірі мықты зоотехник мамандардың, білікті ветеринарлардың болмауы. Бұл біз үшін көп қиындық туғызды. Екі-үш жыл сайын Венгриядан білікті мамандарды шақырып, қызметкерлерді оқытып отырамыз. Қазір мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саясатының үлкен бағытының бірі ауыл шаруашылыған қатты көңіл бөлу болып отыр. Өзінің тапсырмасы бойынша, өткен жылдан бері елімізде 65-70-ке жуық ірі сүт фирмасы салсын деген тапсырмасы бар. Сол тапсырмаға сәйкес біз мемлекеттін 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып бесінші қораның құрылысын бітірдік. Бірақ біздегі ең басты кемшілік білікті мамандардың болмауы болып отыр. Біз фирмалар ашып, өзімізді-өзіміз қамтамасыз етеміз деп жатырмыз. Бірақ оны жүргізетін маман тапшы.
– Шаруашылықты дамытуда Үкімет тарапынан қандай көмек беріледі?
– Үкімет тарапынан 2,5 пайызбен 2,4 миллиард қаражат алып, бесінші қораның құрылысын бітіріп алдық. Қазіргі таңда тәулігіне 12-13 тонна сүт өңдеп жатырмыз. Ал алдығы қыркүйек айынан бастап 25 тоннадан астам сүт өңдейміз деген жоспарымыз бар. Біз ең алғаш 2016 жылы «Бөрте Милка» компаниясын құрған кезде өз қаражатымыз болды және Jusan Bank-тен несие алдық. Сонымен қатар, Агрокредиттік корпорациядан төмендетілген пайызбен несие алып, өз кәсібімізді бастаған болатынбыз. Кейіннен ол қарыздардың бәрінен құтылып, Үкіметтің бағдарламасы пайда болғаннан кейін 2,5 пайызбен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы мемлекеттен қаражат алдық. Соның арқасында фермамызды бірнеше есеге үлкейтіп, мал басын екі есеге көбейттік.
– Өзіңіз жас азамат екенсіз. Ауыл шаруашылығынан басқа саланы неге таңдамадыңыз? Ауқымды істі жүргізуде кім қолдау көрсетуде?
– Мен алты жылға жуық прокуратура саласында қызмет еткенмін. Ең алғашқы жұмысымды Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында прокуратурадан бастадым. Одан кейін Қарағанды облысында бірнеше жыл және Ақмола облысында прокуратура саласында қызмет еттім. 2021 жылы әкем басқа бизнеске ауысуына байланысты мені осы бизнесті ары қарай дамытуға шақырған болатын. 2021 жылы Түркістан облысына келіп, содан бері жұмысты толық өзім жүргізіп жатырмын. Барлығымыз білеміз ата-бабамыз мал бағып, ауыл шаруашылығымен айналысқан. Әу баста өзімнің ауыл шаруашылығына аса қатты қызығушылығым болмады. Себебі, мемлекеттік қызметте болдым. Соңғы үш жылдың ішінде толық жан-тәніммен кіріп, осы ауыл шаруашылығы, сүт фермасы бағыты жылдан-жылға ұнап келе жатыр. Бұл ферманы ары қарай дамытып, келешекте өзімнің балаларыма қалдырсам деген үлкен жоспарым бар.
– Сарапшылар ЕЭАО мүше Ресей мен Беларуссияның тауары Қазақстанды басып қалды деп айтады. Көрші елдің сүт өнімі бағаны түсіріп, жұмысқа кедергі келтіріп отырған жоқ па?
– Белорусь және Ресей мемлекетіндегі геосаяси жағдайды ескерсек, оларға Еуропа елдері санкция қойып тастады. Сол үшін олар бүкіл сүт өнімдерін Қазақстан, Орталық Азияға жіберіп жатыр және Ресей сүт өнімдерінің логистикасын 100 пайыз субсидиялап тастады. Сол себепті, ол жақтан өте төмен бағада өнім келіп жатыр. Өйткені, Ресейде сиыр мен сүт фермасы өте көп. Сондықтан, сүт арзан бағада келіп, жергілікті өнімдердің өтуіне кері әсерін тигізіп жатыр. Былайынша айтқанда, алдыңғы жылдарға, соғысқа дейінгі жылға дейін салыстырғанда 20-30 пайызға сатылым төмендеп кетті.
– Әр компания болашақта өсіп-өнгенді қалайды. Өзіңіз басқаратын шаруашылықтың қандай жоспары бар?
– Болашақта үлкен және толық қамтылған кластерге айналсақ деген жоспарымыз бар. Одан кейін сүт өнімдерінің басқа да түрлерін шығару да жоспарда бар. Қазіргі таңда ең басты мақсатымыз қаражатымызды жинап, биогумс, яғни сұйық және қою биогумс шығарып, соның жұмысына кіріссек деп жатырмыз. Ірі қара мал басының көбеюіне байлынасты, бұқалардың да саны артып келе жатыр. Сондықтан алдағы уақытта бұқтырылған консервіленген ет шығарамыз. Бұдан бөлек, сиырдың терісін илейтін құрал-жабдық және сиырдың сүйегінен ұн жасайтын құрал-жабдық қойып, өнім шығаруда ойда бар. Енді бұл келесі жылға жоспарымыз. Жалпылай айтқанда сиырдан шыққан шикізатты толық өңдейтін кластерге айналсақ деген жоспарымыз бар.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ