«Құс етінің 65-70 пайызы отандық өнім»

Еліміздің агроөнеркәсіп кешені саласында еңбек етіп жүрген азаматтар жетерлік. Солардың ішінде «Әулие-ата Феникс» ЖШС құс фабрикаксының директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Фарида Жүнісованы ерекше атап өтуге болады.

«Құс шаруашылығы аяғынан тұрып келе жатыр»

Фарида Амансарықызы «Әулие-ата Феникс» ЖШС-нің негізін 2010 жылы қалағанын айтады.

«2013 жылдан бастап «ҚазАгроФинанс» арқылы қаржы алып, үлке іске кірістік. Фабрика 2015 жылдың аяғы мен 2016 жылдың басында іске қосылды. 2016 жылғы 1 этапта 5000 тонна құс етін өндіруді қолға алдық. Одан кейін 2019 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие алып, 3000 тонна құс етін алатындай етіп ұлғайттық. Осы күнге дейін 8000 тонна құс етін шығарумен жұмыс істедік. Биыл енді «АКК» арқылы тағы 4000 тонна ұлғайтуға байланысты қаржы алдық. Жыл соңында 12-13 мың тонна құс етін өндіруді жоспарлап отырмыз.

Бұл бизнеске дейін Совет Үкіметі кезінде Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылында тұтынушылар одағында дүкен меңгерушісі және қойма меңгерушісі болдым. 1994 жылы аталған мекеме тарап кеткен соң алып сатарлықпен айналыстым. Сосын Павлодарға кетіп, орман шаруашылығында ағаштарды экспортқа жіберіп жүрдім. Одан кейін кірпіш зауытын іске қостым. Өкінішке қарай 2010 жылы жолдасым қайтыс болғаннан кейін елге қайттым. Павлодардың жігітіне тұрмысқа шығып, онда 15 жылдай тұрып келдім. Елге қайтқаннан кейін басқа бір өндіріс көзін ашу керек болды. Солай құс шаруашылығына келдім. Елге келгеннен кейін әртүрлі өндірістерді зерттеп, сұрастыра бастадым. Сөйтіп Мырзатайдың индейка фабрикасы болған екен, сөйтіп ПКА-ға келген екен. Оны салық мекемесі алып, аукционға қойған екен. Оның барлығын кейін білдім. Мен оны жеке тұлғадан сатып алғанмын. Негізі құс шаруашылығының аяғынан тұрғанына 50 жылдай болған ғой. Қазір үкіметтің қолдауының арқасында әрең дегенде құс шаруашылығы аяғынан тұрып келе жатыр», – дейді ол.

«Білікті мамандар жетіспейді»

Жеке кәсіпкер Жамбыл облысында құс шаруашылығын жүргізетін маман тапшы екенін айтады.

«Біздің Жамбыл облысының өзінде 2-3 маман дайындайтын колледж бар. Құс шаруашылығына тек ветеринария ғана емес, ол өндіріс болған соң механик пен электриктер керек. Бірақ ең басты мамандарды таптым. Семейдің жігіті мен Өскеменнің қызы 8 жылдан бері менде жұмыс істеп келе жатыр.  Ерлі-зайыпты азаматтар бас маман болып, шаруашылықты дамытуға күш салды. Ал ветеринарлар өзіміздің колледжді бітірген азаматтар. Бірақ соның өзінде білікті мамандар жетіспейді. Қайда кетіп қалатынын түсінбеймін. Қанша сұраныс болса да, жетіспейді. Жамбыл аграрлық облыс болғаннан кейін балаларлы алып кетеді. Бірақ Алла сәтін салып екі бала жақсы кездесті. Бізде көптеген жастар жұмыс істеді. Оларды бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Қазіргі таңда Гүлмира Жаманқұлова деген технолог жұмыс істеп жүр. Басында админстратор болып келіп, білікті маманға айналды. Фабрикадағы балалар үйретеді. Бас инженер Арман бар, Ілияс Дүйсекеев деген орынбасарым бар. Жалпы ұжымдағы азаматтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ұйымшылдығын көрсетті

Бүгінгі күні фабрикада  жалпы саны 247 адам жұмыс істейді. Жұмысшыларымның орташа айлықтары 210 мың теңге. Сонымен қатар ай сайын олардың әрқайсысына 20 киллограм ет қосып беремін. Жұмысшыларыма неге ерекше назар аударамын. Қазір менің жасым 55 жаста. Біз екі рет экономикалық дағдарысты бастан өткердік.  Әсіресе 1994 жылдары не істерімізді білмей, ала дорбаны арқалап кеткен заман болды. Сол кезде «Сауда-саттық белгілі бір уақытта ғана болады, өндіріс ашу керек» деген ой келді. Жалпы адам алдына мақсат қою керек. Сол мақсатқа жетудің көзін іздеу керек. Әрине оған білім керек», – дейді ол.

«Ресей құс шаруашылығының дамуына кері әсер етіп жатыр»

Фарида Жүнісова фабриканың өнімдері барлық өңірге сатылатынын айтады.

«Кейбір фабрикаларда өнімді сата алмайтын болса, бізге керісінше сұраныс көп. Біздің халал бағыттағы табиғи өнімімізге сұраныс жоғары. Себебі біздің етке антибиотик секілді дәрі-дәрмек қосылмайды. Өзіміздің Жамбыл облысының өзі салқын және мұздатылған өнімді өте көп алады. Одан кейін Түркістан, Қызылорда, Қарағанды облысы және Астана, Алматы,  Шымкент қалалары алады. Тіпті біздің құс етіміз Қырғызстанға да экспортталады.

Қазіргі таңда еліміз шамамен 65-70 пайыз құс етін өзі қамтып отыр. Әлі де 30-35 пайыз нарық бос жатыр. Бірақ қазір біраз фабрикалар қуаттылығын арттырып жатыр. Егер жұмыс сәтті болса, алдағы 2-3 жылда толық құс етімен қамтылады деп ойлаймын.

Шыны керек Ресей отандық құс шаруашылығының дамуына кері әсер етіп жатыр. Себебі көрші елден келетін құс еті біздікімен салыстырғанда арзан. Біз өзіміздің өнімнің сапасы мен өзіндік құны арқылы бұл қысымға төтеп беріп отырмыз. Бірақ басқа компаниялардың тауық етінің өзіндік құны 800-900 теңге болып тұр. Ал Ресей одан әлдеқайда арзан бағада яғни 700-750 теңгеден сатады. Олар үкіметтің қолдауы арқылы бағаны арзан етіп әдейі ұстап отыр. Біріншіден, Үкімет тарапынан қолдау өте жоғары, екіншіден, бидай өнімдері арзан, үшіншіден, ветпрепраттарды өздері шығарады. Барлығы арзан болғаннан кейін өзіндік құны 650-750 теңге болса, бізге қарай 700 теңгеден беріп жібереді. Сол кезде біздің құс етіміз тұрып қалады.

Ал Америкалық тауықтың квотасы болғаннан кейін олда елімізге арзан бағада келеді. Бірақ оны әсіресе колбаса цехтары алады. Сонымен қатар бюджетпен алатын мектеп, балабақшалар алады. Мен депутат болғаннан кейін оның барлығын тексеріп өттім. Біз қазір олардың барлығына тыйым салып жатырмыз. Баланың тамағы табиғи болу керек. Ал табиғи өнім Америкадан бұрын өзімізде тұр ғой», – дейді ол.

«Ешбір фабрика тауықтарын жүгерімен бақпайды»

Кәсіпкер тауыққа беретін жем жағынан мәселе бар екенін айтады.

«Бірақ бүгінгі таңда Ресейден көп жем келіп жатыр. Ресейдің бағасы өзіміздің ауыл шаруашылығынан әлдеқайда төмен. Жеткізіп беруі, НДС-ін бәрін қосқан кездегі бағасы, біздің өзіміздің тауар өндірушілерден төмен. Негізі бұларды да түсінемін. Себебі олардың өзіндік құны керемет емес. Мысалы Ресейде 1 гектар жерде қаншама өнім алады. Мысалы біздің оңтүстік облыста 1 гектардан 1-2 тонна бидай алса, ал солтүстік облыста 1 гектардан 10-12-ге дейін өнім алады. Ресейде бидай егетін жер құнарлы болғаннан кейін бізбен салыстырғанда өте көп өніп алады. Сол себепті олардың бағасы бізден арзан сатады. Былтырдан бері өзіміз жүгеріні еккізіп жатырмыз.

Біздің өндіріске мәжіліс пен сенат депутаттары келіп кетті. Сол кезде  мен біз цифрландыруға назар аударып, ауыл шаруашылығына қатысты жүгеріге мән бермей жатқанымызды айттым. Біздің құс етінің тәттілігінің себебі тауықтарға жүгері береміз. Ешбір фабрика тауықтарын жүгерімен бақпайды. Ары кетсе 1-2 күні ғана жүгері береді, ал біз 1 күннен 51 күнге дейін бидаймен бағамыз – дейді ол.

«Қазақстанда ет  бағытында 35 фабрика бар»

Фарида Амансарықызы құс фабрикасы толық цикл болу үшін бір ғана нәрсе жетіспей тұрғанын айтты.

«Біздің инкубациялық жұмыртқаны Түркия мемлекетінен алып келіп жатырмыз. Біздің ата-аналық базамыз жоқ. Көп құс фабрикалары соған тәуелді болып жатыр. Ал Еуропадан инкубациялық жұмыртқаны алып келуге тыйым салынған. Өйткені ол жақтан құс тұмауы шықты. Америкадан келемін дегенше бағасы өте жоғары болып кетеді. Сондықтан алдағы уақытта 20 мың тонна қосып, репродукторлық, ата-аналық базамызды ашып алу мақсатымыз бар. Сол кезде ешкімге тәуелді болмаймыз. Бізде өзіміздің жем шығаратын зауытымыз, инкубаторымыз, бордақы, сою алаңы бар. Одан кейін қайта өңдеу бар. Одан кейін жүні бар, сосын «мясокостный» ұн жасаймыз. Барлығы қалдықсыз. Бір ғана нәрсе ата-аналық база жетіспейді. Соны іске қоссам деген жоспар бар.

Жалпы Қазақстанда ет  бағытында шатаспасам 35 фабрика болуы керек. Сол 35-тің ішінде ірі фабрикаларының кейбіреуінде кейде ата-аналық база болып,  қырылып қалады. Негізі құс шаруашылығы өте қиын сала. Құс ауырған кезде түгел қырылып қалады. Кәсіпкерлер қаншама шығынға батады» – дейді кәсіпкер.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ