«Ұлттық киімдерге сұраныс артып келе жатыр»

Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы Ақмола облысына 1,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Аталған қаржыға 265 жаңа жұмыс орны ашылып, 250-ге жуық азаматқа несие беру жоспарланған. Несиенің орташа мөлшері 4,8 миллион теңгені құрайды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл мен шағын қалалардағы азаматтарды несиелендіру үшін ең оңтайлы жоба болып отыр. Осы бағдарламасының арқасында Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылының тұрғыны Марипа Туслан өз кәсібін ашып отыр. Ісмер үкіметтен жеңілдетілген несие алып, өзінің тігін цехына қажетті құрал-жабдық сатып алғанын айтады.
«Кәсібімді одан әрі дамытқым келді»
«Әу баста «Ауыл аманаты» бағдарламасын естіп, әкімшілікке барып, мән-жайды білдім. Әкімшіліктегі азаматтардың ақыл-кеңесі арқылы үйімді кепілдікке қойып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 5 миллион теңге көлемінде несие алдым. Құжат мәселесіне келсек, кепілдікке қойған үйіңді дұрыс бағалану үшін біраз жүгіруге тура келеді. Құжат мәселсін шешуге бір ай уақыт кетті. Бірақ құжат өткеннен кейін ешқандай қиын болған жоқ.
Аталған қаржыға тігін цехыма қажетті құрал-жабдық сатып алып, жұмысымды одан әрі жандандырып жатырмын. Тігін цехының мақсаты ұлттық киімді заманауи үлгіде тігіп, азаматтарға ұсыну. Бір сөзбен айтқанда сырт киімдерді заманауи үлгіде тігіп, шығарып жатқан жайым бар. Өзім тігетін шапандар бренд болғандықтан оның бағасы 100 мың теңгеден жоғары. Мен арасында футболка мен көйлектерге тапсырыстар қабылдап, өзімді қаржыландырып отырған үйдегі кәсіпкер әйелмін. Біздің шапандардың өзгелерден артықшылығы тігісі жақсы, қалай болса солай тіге салатын шапан емес. Сондықтан өзім айына 4-5 шапан тіге аламын. Негізі бір шапанды 3-4 күнде тігіп бітіремін, ал қолым жүрсе 1-2 күнде дайындап қоямын.
Жалпы өзім тігінмен бала кезден айналысып келе жатырмын. Колледжде оқу бітіріп, университет те білімімді одан әрі жалғастырдым. Жоғары оқу орнында алған білімімнің арқасында үй жағдайында, кішкене бутиктерді жалға алып өзімнің жеке кәсібімді бастадым. Әу баста көйлек тігіп, киімдерді қысқартып жүргенмін. Кейін кәсібімді одан әрі дамытқым келді.
Тігін саласында жұмыс істеп жүргеніме 25-30 жылдай болды. Егер «Тігін үйренемін» дейтін жастар болса, оларды ерінбей, жалықпай үйретер едім. Қазіргі таңда өзім тәлім-тәрбие берген шәкірттерім де бар. Негізі тігін тігуге қызығатын жастар бар. Бірақ қаражат жағы аз болған соң бұл салада тұрақтап қалғысы келмейді», – дейді ол.
«Ескі үйімді тігін цехына айналдырдым»
Марипа Туслан «Ауыл аманаты» жобасы секілді бағдарламаның болғаны халыққа өте пайдалы екенін айтады. Әйтсе де ол 5 миллион теңге тігін цехына қажетті шығынды толық жаппайтынын ескертті.
«Бір қарағанда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша алған 5 миллион теңге көп ақша сияқты болып көрінуі мүмкін, бірақ бизнесті толық аяқтан тұрғызуға бұл қаржы жеткілікті емес. Мысалы қазір заман талабына сай шығып жатқан технологиялардың пайдасы зор. Кейбір машиналар өзі матаны пішіп, әп-сәтте киімді тігіп береді. Егер қолыңда қомақты қаражат болса, қажетті маталарды көтерме бағамен арзанырақ сатып алуға болады. Сондықтан да тігін саласында қомақты қаржының болуы өте маңызды.
Әйтсе де ең негізгі құрал-жабдықтарымды сатып алып, кәсіп бастауға үлкен көмек болғанын айтып өткен жөн. Бұған дейінгі шағын кәсібімді үлкейтіп, біршама жетістікке жеттім. Мен қазір Қараөткел ауылындағы өз үйімді тігін цехы ретінде құрып, сонда жұмыс істеп отырмын. Себебі арнайы орын жалдау қалтаға салмақ салады. Мысалы ауылда цех жұмысын жүргіземін деп вагон жалдасаң оның құны 50-60 мың теңге көлемінде. Ал Астанада тігін цехын ашу тіптен қымбат. Үйімнің жанында ескі үйімді тігін цехына айналдырып, сол жақта тігінмен айналысамын. Жолдасым үнемі қолдау білдіріп отырады. Жаңа үйімізді салып біткеннен кейін, ескі үйді босатып берді», – дейді тігінші.
«Фабрика ашуға үлкен көлемде қаражат керек»
Тігінші соңғы жылдары заманауи үлгідегі ұлттық киімдерге сұраныс артып келе жатқанын айтады. Әйтсе де ол бұл саланың дамуы үшін қомақты қаржы қажет екенін ескертті.
«Біз ұлттық құндылығымызды арттырып, тілімізді дамуына үлес қосу үшін қазақтың шапаны мен жекеттерін заманауи үлгіде тігеміз. Ұлттық киімді күнделікті өмірде киетіндей етіп шығарғаннан кейін тапсырыстар жеткілікті. Әйтсе де тігін цехына арнайы жұмысшы алу жағы біраз мәселе болып тұр. Өйткені мен барлығын істеп үлгермеймін, ал жұмысшы алайын десем, оны қаржыландырып отыру керек. Сол жағы кедергі болғанымен әзірге бір өзім жұмыс істеп жатыр. Негізі менің арманым жұмысшылар алып, үлкен өндіріс орнын ашу. Қазіргі таңда Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы аса дамымай отыр. Болашақта жеңіл өнеркәсіпті дамытуға үкіметтен көмек болса, ұлттық киім шығарудың саны мен сапасын арттыратын едік.
Жалпы тігін саласы іш киімнен бастап сырт киімге дейін кете береді. Адам дүниеге келгеннен бастап киім киеді. Өкінішке қарай біз барлық киім-кешегімізді Қытайдан сатып алып жатырмыз. Жеңіл өнеркәсіп өзіміздің елімізде қарқынды дамыса, нұр үстіне нұр болар еді. Менің алдымда киім-кешек тігуді үлкейтсек деген мақсат бар. Ал тігін фабрикасы етіп ашсақ тіпті керемет болар еді. Бұл істі атқаруға тәжірибем жетеді деп ойлаймын. Бірақ жұмысшы алу керек және ол жұмысшылардың тәжірибесі болуы маңызды. Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып та көрдім. Әйтсе де оған қаражат жағын оңтайлы шешу керек. Шетелдік мамандар тектен-текке тәжірибе алмаспайды, оған арнайы жоспарың болуы керек. Біздің қайткенменде қолымыз қысқа, фабрика ашуға үлкен көлемде қаражат керек», – дейді ол.
«Ауыл аманаты» аясында 299 кооператив қаржыландырылды
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың айтуынша, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру басталды. Бағдарлама жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие беруді көздейді, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін шағын несие мерзімі – 7 жылға дейін. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 9,2 млн теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 29,5 млн теңге).
Айта кету керек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өңірлерде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде әрекет етеді, олар бағдарлама қатысушыларының неғұрлым жеңілдетілген шағын несиелерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бағдарламаны іске асыру аясында 2023 жылы 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінді.
Қаражаттың негізгі бөлігі – 70%-ға жуығы Жамбыл (24,1 млрд теңге), Түркістан (19,8 млрд теңге), Ақтөбе (16 млрд теңге) және Алматы (8,3 млрд теңге), облыстары үшін қарастырылған. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың басым бөлігі – осы облыстарда, сондай-ақ олардың ішінде еңбекке жарамды адамдар қатарынан бола тұра, бірде-бірі жұмыспен қамтылмаған отбасылар байқалады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, бүгінгі таңда 82,4 млрд теңге сомасына 13,2 мың шағын несие берілді. Бұл ретте 4 облыста қаражаттың игерілмеуі байқалады. Ақтөбе облысында 11,1 млрд теңге (69,5%), Ұлытау облысында 1,6 млрд теңге (46,1%), Алматы облысында 2,8 млрд теңге (33,3%), Жамбыл облысында 3 млрд теңге (12,6%) игерілмеген.
«Жалпы шағын несиелеу бағдарламасы ауыл тұрғындарының негізінен мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытынын көрсетті. Мәселен, мал шаруашылығы саласына берілген шағын несиелердің жалпы көлемінен 79%-ы, өсімдік шаруашылығына 4,1%-ы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлеріне 16,9%-ы бағытталды», – деді Ербол Тасжүреков.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ