«Қаракөл қойының терісі алтынмен бірдей бағалы болып тұр»

Ата кәсіп саналатын мал шаруашылығы елімізде ақырын болса да дамып келе жатыр. Әсіресе ауыл шаруашылық саласын дамытуға қолайлы Жамбыл облысында төрт түлікті бағып жатқан азаматтар баршылық. Солардың бірі Керімбай Оязбекұлы атындағы ЖШС басшысы Берік Қасымов.
«Қаракөл тұқымын сақтап қалу үшін жұмыс істейміз»
Талас ауданына қарасты Қызыләуіт ауылының азаматы Берік Қасымов мал шаруашылығынан бөлек егін шаруашылығына назар аударады екен. Себебі ол төрт түлік малдың жем-шөбін қамдау үшін дәнді дақылдарды өсіру маңызды екенін ескертті.
«Мал шаруашылығының ішінде асылтұқымды қаракөл қойын өсіреміз. Жамбыл облысы бойынша қаракөл қойын асырайтын тек Қызықәуіт ауылы ғана десем қателеспенген болар едім. Біздің ұзын саны үш мың басқа жуық қаракөл қойымыз бар. Жылда қошқар әкеліп, қолдан ұрықтандырамыз. Енді асыл тұқымды қойды Румыния, Молдовадан әкелсек деген жоспар бар.
Ал егін шаруашылығы саласында жоңышқа, жүгері, бидай егеміз. Қойға жем-шөп, мал азығын дайындаймыз. Жалпы саны 1000 гектардай шабындық жеріміз бар. Суармалы жеріміз 400 гектар болса, жайылымдық жер 43 мың гектар. Соның ішінде елдің пайы бар, оларға шаруа қожалығы тарапынан көмектесеміз. Бұдан бөлек үш бірдей су қоймамыз бар. Сол суларды суармалы жерлерге, шабындықтарға пайдаланамыз.
Шаруашылықта нақты 15 адам жұмыс орнымен қамтылған. Олар қойшылар, ал қалғаны маусым бойынша жұмыс істейтіндер тракторшы секілді әр түрлі мамандық иелері. Қой шаруашылығы да оңай шаруа емес. Біз қаракөл қойының етінің арзандығына қарамастан жұмыс істеп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда қаракөл тұқымын сақтап қалу мақсатында жұмыс істейміз. Ал плюске шығу үшін жақсы қозыларды әкеліп, оларды сыртқа Еуропаға сатқымыз келеді. Бірақ оған еңбек ету керек. Біз қазіргі таңда малымызды шетелге сатуға талпынып жатырмыз», – дейді ол.
«Шопанды ерте зейнетке шығару керек»
Берік Қасымов қойшылардың күрмеуі шешілмеген мәселесі шаш етектен екенін айтады.
«Біздің өзекті мәселе – қойшылардың ешқандай мәртебесі жоқ. Өкінішке қарай қойшыларға ешқандай жағдай жасалмаған. Қазір мал басына 300 теңгеден беріп, қойшыны әзер ұстап жатырмыз. Оларға 200-300 мың теңге айлық дым емес, кемінде қойшыға 500 мың теңге айлық беру керек. Өйткені, қойшылар малды бір өзі емес, жанұясымен бірге барады. Олардың барлығы көп балалы болғанымен жастардың қой бағуға шамасы келмейді. Ал жастар жағы тұрмыстық жағдай жасалмағандықтан тракторшы болғысы келмейді. Барлығы айналып келгенде жалақы мәселесіне тіреледі. Осы мәселені 2018 жылдан бастап көтеріп келе жатырмыз.
Бір салада тапжылмай шопан болып жұмыс істеген азаматты ерте зейнетке шығарып, бала-шағасын арнайы интернатпен қамтамасыз ету өте күрделі мәселе. Бұрынғы Совет үкіметі кезіндегідей бірнеше мектеп интернаттары жоқ, бір-ақ интернат бар. Оның өзі бүкіл облысқа аз болып тұр. Сол себепті мен балаларды интернатпен қамтамасыз ету мәселесін көтергенмін. Қойшының баласы интернатты бітіргеннен кейін арнаулы колледждер мен жоғары оқу орындарында грантқа түсіп, жұмыспен қамтылуы керек.
Жастарды біз жұмыспен қамтығаннан кейін Үкімет тарапынан арнайы субсидиялау керек. Біз айлық төлесек, мемлекет тарапынан қосымша ақша бөлінсе, жастарға мотивация болады деп көп жерлерге айтып жүрмін. Үйленген жастар отбасымен келгеннен кейін жақсы айлық алса, оның қызығушылығы жоғары болады. Егер Үкімет осы мәселені шешсе, қылмыс, ұрлық болмайды. Жастар үлкен қалада квартирада тұрады. Кейбіреулер ақша табу үшін амалсыздан ұрлық жасайды. Істі болған жастардың әке-шешелері «Егер ауылда жұмыс болса, балам қалаға барып сандалмас еді» деп жылап келеді», – дейді ол.
«Қойшының баласы қойшы болмауы керек»
Шаруа қожалық басшысы ұснысы жоғары жақтан қолдау таппай жүргеніне қынжылады.
«Менің ұсынысыма барлығы «Бұл айтқаныңыз дұрыс болды» деп шығарып салды. 2018 жылдан бері айтып келе жатқан мәселе 6 жылдан бері шешімін тапқан жоқ. Мәжіліс депутаттардың құлағын жауыр қылдық. Бізге шопан табу үлкен мәселе болып отыр, себебі аз айлыққа ешкім жұмыс істегісі келмейді. Егер қойшыларға жағдай жасап, шопан деген мәртебені алып берсек күрделі мәселенің бір түйіні шешілер еді.
Шопан күндіз-түні қойдың соңында жүргендіктен оған ешқандай демалыс берілмейді. Мысалы балықшы жел тұрғанда демалады, егінші жауын жауғанда демалады, ал қойшы ешқашан демалмайды. Бұл туралы барлық басшы-қосшыға айттық. Қазір көптеген ауыл шаруашылықтары тиімсіз болғаннан кейін малдарын сатып жатыр. Өзбекстан сияқты көрші мемлекеттер малдарды шертіп жүріп алып кетіп жатыр.
Үкімет қойшыларға артық ақша бермей-ақ қойсын. Мысалы малшы менікі секілді шаруа қожалықтарына ресми түрде тіркелсе, 25 жыл еңбек өтілі арқылы зейнетке шықса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар қойшылардың балалары мектеп-интернатпен қамтамасыз етілгені маңызды. Себебі қойшылар шаруашылыққа бала-шағасымен келсе, малдың берекесі кетіп, қой бағылмайды. Совет Үкіметі кезіндегідей қойшылардың балаларына арналған интернат ашылып, малшылардың балаларына арнайы грант бөлінуі керек. Сол кезде ата-ана баласының әлеуметтік жағдайына уайымдамайды. Қойшының баласы қойшы болмай, басқа да мамандықтарды оқуы қажет», – дейді ол.
«Қаракөл қойларының бағасы өзін-өзі ақтамай тұр»
Берік Қасымов үкімет тарапынан ауыл шаруашылық саласына көңіл бөлініп жатқанын айтады. Сондай-ақ өзі басқаратын шаруа қожалық Қызыләуіт ауылына бірнеше әлеуметтік нысан салып бергенін ескертті.
«2018 жылдан бастап құжаттарды жинап, салықтарды жауып, 2,5 миллион және одан бөлек қой басына 4 миллион субсидия алдық. Қосымша екі шаруашылық ашып, шетелден 112 бас асыл тұқымды сиыр алып келдік.
Қызыләуіт ауылында бір спорт зал, бір монша салып бердік. Алдағы уақытта балабақша саламыз деп жоспарлап отырмыз. Бірақ құрылтайшылар спорт зал, монша, балабақша және қосымша супермаркет саламыз деп уәде еткен. Балабақшадан бөлек сүт фирмасын ашсақ деп едік. Бірақ бұл мәседе қаражатқа тіреліп тұр. Басында Үкіметтің 2,5 пайызбен несие береміз деген. Кейін оның көлемі 6 пайыз болып кетті. Несиені алты пайызбен алсақ, ол ақтамайды деп одан бас тарттық.
Қазіргі таңда қаракөл қойларының бағалары өз-өзін ақтамай тұр. Базарда аталған қойдың бағасы 30-35 мың теңгеден аспайды. Біз оны болашақта елтірі ретінде пайдалансақ деп жоспарлап отырмыз. Қазір Өзбекстан тері өндірісімен қарқынды түрде айналысып жатыр. Сондай-ақ Англия, Африка, Румынияда қаракөл терісі жақсы дамып жатыр. Елімізде елтірі 16 мыңнан басталады. Совет үкіметі кезінде қаракөл терісі Қазақстан бойынша Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысында қарқынды түрде дамыған. Шыны керек қаракөл қойының терісі алтынмен бірдей бағаланған екен. Қаракөл қазір Атырау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облысында бар. Бұрында кәрі қойдың ішіндегі қозыны тууына 10-15 күн қалғанда сойып терісін алатын, оның бағасы тіпті қымбат болады. Қаракөл қозысының терісі бағалы, бірақ қазір өзі арзан болып тұр. Бірақ оның еті жеңіл, дәмді болады», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ