«Су мәселесін жергілікті кеңестер арқылы шешу керек»

«Судың да сұрауы бар» деген сөз жиі айтылса да, бұл сөздің қаншалықты маңызды екенін әлі де болса дұрыс түсінбеген сияқтымыз. Ал сарапшылар болса алдағы уақытта кейбір мемлекеттер су үшін қақтығысуы мүмкін екенін айтады. ХХІ ғасырдың бел ортасында су тапшылығы болып, жағдай күрделене түсе ме?

«Суды тиімді пайдалануға тырысуымыз қажет»

Әлемді айтпағанның өзінде елімізде суға байланысты мәселелер туындай бастады. Мысалы былтыр бас қаламыз Астанада ауыз су болмай, әрі-сәрі күй кештік. Ал биыл көктемде еліміздің бірнеше аймағын топан су басып, «Су тапшылығы болады» деген сөз жалған ба?» деген ойға қалдық. Шын мәнінде елімізде су мәселесі бар ма?

Инженер-гидротехник Аманбек Рамазанов елімізде су тапшылығы бар екенін жасырмайды. Мұның себебін сарапшы еліміздегі өзендердің шетелмен байланысты болуымен түсіндіреді.

«Елімізде көптеген шекаралас өзендер бар. Нақтырақ айтсам, Ертістен бастап Іле, Шу, Талас, Сырдария секілді өзендердің бастауы шетелмен тікелей байланысты. Ал өзімізбен көршілес кейбір мемлекеттерде су тапшылығы байқалып отыр. Мысалы биыл Жайық өзені тасып, Батыс Қазақстан облысының халқын алаңдатты. Өзіңіз білесіз биыл Ресейде су қоймалары жарылғаннан кейін тасқынның зардабы бізге жетті. Бұған дейін Ресей су қоймаларында суды ұстап тұрғаннан кейін бізде су тапшылығы болатын. Сондықтан да шетелден келетін судың аз болып жатқанын естен шығармаған жөн. Осының салдарынан бізде су тапшылығы болғаны белгілі. Ал соңғы 10-15 жылдан бері біздің елде суды пайдалану көлемі көбеюде. Сол себепті Қазақстанда су тапшылығы үлкен проблемаға айналып жатыр.

Су тапшылығын оңтайлы шешу үшін көршілерімізбен келіссөздер жүргізу керек. Бірақ қай ел болмасын, ол ең бірінші өзінің территориясындағы суды өзі пайдалануға тырысады. Мысалы Ауғанстан Кош-Тепа каналын салып, Әмударияның суын өзіне көптеп бұрып жатыр. Бұл жағдай Өзбекстан мен Түркіменстанға айтарлықтай зардабын алып келеді. Әмударияның бізге қатты әсері болмаса да көршілес мемлекетте су проблемасы болғаннан кейін оның зардабы бізге тиеді.

Ал Сырдария өзеніне келетін болсақ, өзбектер суды өзі пайдаланады. Сол сияқты Қытай да Іле мен Ертіс өзендерін өздеріне бұрып, көлемді суды өз қажетіне жаратып отыр. Әр ел ойына келгенін істей бермес үшін мемлекет аралық келіссөздер жүргізу керек. Бұл жұмыстар белгілі бір деңгейде жүргізіліп те жатқан шығар. Бірақ біз бұл тұста суды тиімді пайдалануға тырысуымыз қажет. Сондықтан қазіргі кезде суды тиімді пайдалану ең негізгі мәселе болып тұр», – дейді Аманбек Мырзахметұлы.

«Мәжілісте Су Кодексінің жобасы талқыланып жатыр»

Биыл еліміздің Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау, Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқыны болып, халық әрі-сәрі күй кешті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі тасқынды  көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деп бағалады. Әйтсе де, кейбір азаматтар су тасқынына жергілікті билікті айыптаса, екінші топ мұның табиғи апат екенін алға тартты. Шын мәнісінде, көктемгі тасқынға кім айыпты?

«Биылғы су тасқыны Үкімет пен жергілікті биліктің салғырттығы салдарынан болды деп айта алмаймын. Еліміздің бірнеше аймағын қамтыған топан суды табиғи апат деп бағалаған жөн. Әйтсе де бұл табиғи апат системаға айналып бара жатқан апат сияқты болып көрінеді маған. Қазіргі кезде климаттың өзгеруіне байланысты бүкіл дүниежүзі бойынша өзгерістер болып жатыр. Бізге осыны ескеріп кез-келген тосын жағдайға дайын болу керек. Қазіргі таңда ҚР Парламент Мәжілісінде Су Кодексінің жобасы талқыланып жатыр. Оның ішіндегі ең басты күрделі мәселенің бірі Совет үкіметі кезіндегідей орталықта отырып «Біз бәрін өзіміз шешеміз» дегенді қоюымыз керек. Су тасқыны қаншама елді-мекендерге, қала берді мемлекетке орасан зор шығын алып келді.

Әлемнің дамыған кейбір елдерінің суды басқару мәселесінде өздерінің бассейн кеңестері бар. Аталған кеңестер суды қалай бөлісу керектігін жергілікті жерде талқылап, мәселе туындаса дереу шешеді. Дәл осындай бассейін кеңестері бізде де болуы керек. Сондай-ақ Қызылорда облысында күріш, ал Түркістан облысында мақтаға өте көп су пайдаланады. Ал біз күріш пен мақтаға қажетті суды тиімді пайдаланатын әдістерді ойлануымыз керек. Бір сөзбен айтқанда жергілікті халыққа суды қалай бөлу керек екенін шешіп, ағын суды тиімді пайдалану керек. Бірақ барлығын үкімет басқарып отыра алмайды. Сондықтан өңірдегі су бассейндердің мәселесін жергілікті кеңестер арқылы шешу керек. Мен су мәселесінің түйткілді проблемасын жергілікті кеңестер арқылы шешу керек деген ұсыныс жасап отырмын. Жергілікті жердегі мәселені орталықтағы Су және ирригация министрлігінің өкілдері біле бермейді. Бірақ біздің мемлекеттегі заңға келе бермейді. Дәл қазіргі уақытта оңайлықпен мәселе шешіле бермейді», – дейді сарапшы.

«Ауыз судың 30 пайызы ысырап болып жатыр» 

Сондай-ақ Аманбек Рамазанов ауыз су мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтты. Себебі сарапшы ауыз су жүретін құбырлардың көпшілігі тозғанын ескертті.

«Соңғы кездері ауыз су тапшылығы туралы жиі айтып жатырмыз. Ауыз су мәселесін шешу үшін ең бірінші біз экологиялық суды өзен арқылы өткізуіміз керек. Бұл мәселеде Арал мен Балқаш көлін басты назарға алып, ең бірінші экологиялық су ағысын өткізгеннен кейі ауыз суды өткізу керек. Қазіргі таңда әзірге ауыз суды өткізуде лимит қойылмай жатыр. Бірақ ауыз суды пайдалануда тиімді жұмыс жүргізу қажет.

Мысалы біздің су құбырларының ескіруіне байланысты 30 пайыз су жердің астына ысырап болып кетіп жатыр.  Өкінішке қарай ауыз судың ысырап болып жатқанын ешкім көрмейді. Ал жылу беретін суға байланысты мәселе болса, дүйім жұрт шулайды. Алдыңғы жылы Екібастұз, Риддер, Степногор қаласының жылу электр станциясы жарылғанда бірден байқалды. Сондықтан да жергілікті билік су құбырларын жиі-жиі тексеріп, тазартып отырады. Сол секілді ауыз судың құбырларының қаншасы тозды, қаншасы жарамды екенін тексеріп, мұқият қарау керек. Себебі «Бірінші байлық денсаулық» дейтін болсақ, адамның денсаулығының мықты болуына оның ішкен ауыз суы тікелей әсер етпей ме? Денсаулығымыз мықты болсын десек ауыз су жүретін құбырларға да мән беруіміз керек», – дейді сарапшы.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ