Кореяда оқыған азамат ауданда профлист шығарып жатыр

Биыл Жамбыл облысына «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға жалпы құны 10,5 млрд теңге бөлінді. Аталған қаржыға 1 672 жаңа жұмыс орны құрылып, 1 200 өтінімді несиелендіру көзделіп отыр. Жоба талаптарына сәйкес бөлінген қаражаттың 50 пайызы мал сатып алуға, ал қалған 50 пайызы кооперативтерге және азаматтардың жеке кәсіп ашуына бағытталатын болады.
«Профлист өндіруге бел будым»
Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Әулиеатаның 26 ауылына 24 млрд. теңге бөлініп, 4 073 азамат несие алды. Осының арқасында 4 350 жаңа жұмыс орны ашылған. Солардың бірі һәм бірегейі Жамбыл облысына қарасты Тұрар Рысқұлов ауданының 27 жастағы тұрғыны Ғани Шындалиев. Ғани Бейбітбекұлы профлист өндірісін ашу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 8.5 миллион теңге несие алғанын айтады.
«Мен өндіріс саласымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қомақты қаржы алғаннан кейін бірінші рет айналысып отырмын. Бұған дейін Оңтүстік Кореяда қаржыгер-бизнес мамандығы бойынша білім алып, кәсіби тұрғыдан шыңдалған болатын. Күн Шығыс елінен келгеннен кейін еліміздің бас қаласы Астанаға барып, бір жыл көлемінде аудитор болып жұмыс істедім. Одан кейін бір жыл бойы «Қандай бизнес ашуға болады?» деп нарықты зерттеумен айналыстым. Содан не керек, Тұрар Рысқұлов ауданындағы құрылыс базарын аралап, «Қандай сала пайдалы екен?» деп сараптама жүргіздім. Базарды ары-бері аралағанда байқағаным біздің ауданда профлист өндірісі мүлде жоқ екен.
Саудагерлердің барлығы үйдің шатырын жабатын профлисті шалғайдағы Алматыдан алып келіп, сатады. Мысалы сізге 2 метр немесе 3 метр шифр керек болса, базардан қаласаң да, қаламасаң да 6 метрлік листті сатып алуға тура келеді. Себебі, базарда профлисті өзіңіз қалаған көлемде метрлеп кесіп бермейді. Халыққа ыңғайлы болу үшін листіні тұтынушының қалауы бойынша кесіп беру керек екен деген шешімге келдім. Сонымен қатар, іргеміздегі өндірісі бұрқ-сарқ қайнап жатқан Қытай Халық Республикасында қандай құрал-жабдықтар бар ұзақ уақыт бойы деп зерттедім. Ары ойланып, бері ойланып профлист өндіруге бел буып, кірісіп кеттім», – дейді ол.
«Ауыл аманатымен» несие алуда қиыншылық болмады»
Кәсіпкер әу баста өндіріске қажетті қаржы іздеп, өзінің 5-6 миллион теңге көлемінде қаржысын өндіріске салғанын айтады. Алайда бұл қаржы өндірісті жүргізуге аздық еткен.
«Сөйтіп жүргенде Үкіметтің «Ауыл аманаты» деген бағдарламасы шыққанын естіп, аталған бағдарламаны пайдаланып, несие алдым. Жеңілдетілген несие алатын кезде ешқандай қиыншылық болмады. Себебі, әкімшілік қызметкерлеір көмегін көрсетіп, білмеген құжаттарды қалай жасау керектігін түсіндірді. Сондай-ақ «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлерінің көмегі көп тиді. Сол себепті несие алу өте оңай болған секілді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржыны былтыр алып, алғашқы өнімді тамыз айынан бастап сатып жатырмын. Қазіргі таңда цехта екі-үш адам жұмыс істеп, отбасын асырап отыр. Болашақта жұмысшылардың санын арттырып, өндіріс көлемін ұлғайтсам деймін. Бүгінде өнімдерімізді Тұрар Рысқұлов ауданы көлемінде сатып жатырмын. Алдағы уақытта облыстан бөлек өзге де өңірлерді профлистпен қамтамасыз етсем деген жоспарым бар.
Профлист шығаруға қажетті құрылғыларды Қытайдан 8.5 миллион теңгеге сатып алып, Тұрар Рысқұлов ауданына алып келдім. Көп адамдар «Алақандай ауданда профлист өндірсімен айналысу қауіпті емес пе?» деп сұрайды. Бұл сұраққа «Ауданда профлистті өндіру ешқандай қауіпті емес» деп нық сеніммен жауап беремін. Себебі, шифрды Қытайдан немесе басқа да шетелден алып келемін дегенше логистикасы қымбат болып кетеді. Жол шығына байланысты профлистің бағасы бастапқы бағасынан айтарлықтай қымбат болады. Егер де ауданда басқа бір адамдар профлист өндірісімен айналысса, онда маған кедергі болуы мүмкін. Бірақ профлист өндірсінде аса қауіп жоқ, не де болса тәуекелге бел будым» – дейді кәсіпкер.
Елімізді дамытуға байланысты қызықты жобалар бар»
Ғани Шындалиев Оңтүстік Кореяда оқып, ол жақтан көп нәрсені үйренгенін айтады.
«Менің негізі Тараз бен Алматы және Астана қаласында 3-4 жобам бар. Ал қалған жобалар IT саласына тікелей байланысты. Қазіргі таңда ойымда Жамбыл облысын, тіпті тұтас Қазақстанды дамытуға байланысты көптеген қызықты жобалар бар. Мида маза бермей жүрген ойларды дамыту үшін оған қомақты қаражат керек. Ол проекттер 8-10 миллиондық жобалар емес, 100-200 миллион теңге кететін ауқымды жобалар. Егер Үкімет тарапынан қолдау болып, қомақты несие беретін болса, онда сол жобаларды іске асырғым келеді», – дейді ол.
Жалпы Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қаржы алғысы келетін азаматтар баршылық. Мысалы биыл мал шаруашылығы бағытына 5,2 млрд теңгеге 911 өтінім несиелендірілсе, өсімдік шаруашылығын жүргізу үшін 5,3 млрд теңгеге 289 өтінім мақұлданған. Сондай-ақ жеке кәсіп ашу бойынша 1031,0 млрд теңгеге 116 өтінімді қаржыландыру жоспарланғанып отыр.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ