«Құлпынай кәсібіне құнттап қарауымыз керек»
Түркістан облысы еліміздегі бау-бақша өнімдерін өсірумен айналысатын бірден бір өңір. Аталған облыс ерте көктемнен еңбекке кірісіп, шіліңгір ыстықта қауын-қарбыздан бастап, қызанақ, қиярға дейін өсіріп шығарады. Бір сөзбен айтқанда облыстың ауыл шаруашылық саласында ауқымды істер жетерлік.
«Шоколадқа батырылған құлпынайлар трендте болып тұр»
Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының тұрғына Руслан Қасымбеков 8 жылдан бері құлпынай өсірумен айналысып келеді. Анша-мұнша адам игеріп кетуі қиын кәсіп түрін дихан өзге көкөністерден пайдалы екенін айтады.
«Негізі құлпынай өсіру қызанақ, қияр өсіруден әлдеқайда тиімді болып отыр. Себебі, қияр мен қызанақты өсіріп, сатып бастаған кезде көршілес Өзбекстаннан аталған өнім түрлері көптеп кіргізіліп, оның өзіндік құны төмендеп кетеді. Ал құлпынайдың бағасы қызанақ пен қияр секілді құбылмалы емес. Оның үстіне Өзбекстанда құлпынай пісіп қойғаннан кейін барып біздің құлпынайлар жеуге жарамды болады. Өзіңіз білесіз қазіргі таңда шоколад батырылған құлпынайлар трендте болып, жастар қызығып сатып алатын болды. Одан бөлек Түркиядан қазақ жігіттер келіп, «Қанша тонна құлпынай болса сонша аламыз» деп келді. Олар кептірілген жемістерді шетелге шығарады екен. Аталған амазаттар құлпынайды кептіріп, сатуға болатынын айтты.
Бүгінде біздің ауылда құлпынайды біршама азамат егеді. Негізі құлпынайды көп адам егіп, пайда тапса болады. Өкінішке қарай көп адам оның күтімін жасап, еңбектенгісі келмейді. Мысалы кейбір көршілеріме «Бос жатқан жеріңе неге құлпынай екпейсіңдер?» десем, әртүрлі сылтау айтады. Өзбекстанда бос жер жататын болса, Үкімет оған айыппұл салады. Бізде көрші елдегідей айыппұл салатын болса, онда бос жер болмас еді. Жалға алған жерге егін еккің келмесе, басқа адамға жерді беру керек.
Мысалы кейбір диқандардың егін егуге ниеті бар, бірақ оған жер таппай қалады. Ал біреулердің жері бар, бірақ жалқаулыққа салып екпейді. Шынын айтсақ әбден жалқауланып кеткен секілдіміз. Жуырда Өзбекстанға барып, олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттым. Сонда мен олардың бізден қаншама жылға озып кеткенін байқадым. Ол жақта көптеген жаңа технологияларды игеріп, егін егіп жатыр. Өйткені Үкімет кәсіпкерлерді жан-жақты қолдап отыр. Бізде кәсіп ашу үшін Үкіметтен ақша алып, бір жылдан кейін оны игере алмай жауып тастайды. Өзбекстанда керісінше көптеген кәсіпкерлік ашылып жатыр екен», – дейді ол.
«Маусымдық жұмысқа жергілікті азаматтарды шақырамын»
Дихан құлпынайды жылыжайда және ашық аспан астында егетінін айтады.
«Құлпынай кәсібі жыл он екі ай бойы тоқтамайды. Мысалы, қазіргі уақытта құлпынай өнімін тоқтаған соң көшет сатумен айналысып жатырмын. Келер тамыз айының аяқ жағында жылыжайға көшет еге бастаймыз. Құлпынаймыз жылыжайда қарашадан көктемге дейін өседі. Көктемде жылыжайдағы өнім таусылып жатқан кезде, ашық жерге құлпынай еге бастаймыз. Былайша айтқанда, жыл он екі ай бойы демаламай еңбек етеміз.
Менің ашық жерде 5 гектар, ал жылыжайда 50 соттық жерім бар. Мысалы 5 соттық жерге 10 мың көшет егіледі. Бір түп көшет кем дегенде 300 грам құлпынай береді. Ауқымды шаруаны атқару үшін маусымдық жұмысқа жергілікті азаматтарды шақырамын. Шамамен 5-6 адам таң сәріден кеш батқанға дейін жұмыс істейді. Негізі құлпынай алқабында күнде жұмыс бола бермейді. Бірақ кейде шөбін жұлып, суын суғаруға адам қажет болады. Бір сөзбен айтқанда көп адамды тұрақты түрде жұмысқа алу қажет емес. Әйтсе де маусымдық жұмыс болған соң келісім бойынша жұмысшы аламын», – дейді ол.
«Шаруа дұрыс көшет таңдай алу қажет»
Руслан Қасымбеков Түркістан облысының шаруаларына арнайы кеңсе ашқысы келетінін жеткізді.
«Арнайы кеңсе ашып, бүкіл диқаншылардың басын бір жаққа жинағым келеді. Кеңседе 2-3 адам отырып, Түркістан облысындағы белгілі бір азамат қанша гектар қырық қабат егіп жатыр, ол қашан шығады және оның көлемін жазып, бүкіл ақпаратты бір жерге жинаймыз. Ол жердің ақпаратын бүкіл Қазақстан бойынша біліп отырады. Арнайы кеңсе болса, алыстағы Ресейден тапсырыс беріп, олар қалаған жеміс-жейдегін алып кетеді. Былайша айтқанда, мен сатушы мен сатып алушының арасында делдал болғым келеді. Арнайы кеңсе құрсақ бағаны тұрақты ұстап отыра аламыз. Ал қазіргідей әркім өзінің білген бағасын қоя беретін болса, онда баға мүлде тұрақталмайды. Мысалы, осы жылы құлпынай бағасы бір түсіп, бір көтеріліп тұрды», – дейді ол.
Биыл құлпынай еккен кейбір адамдар шығынға батты деген әңгіме айтылады. Руслан Қасымбеков мұның себебін диханшының салғырттымен байланыстырады.
«Құлпынайдың өсу, өспеуі, адамның көшетті қалай еккеніне тікелей байланысты. Дихан көшетті кімнен алып, қалай екті? Менде барлық уақытта құлпынайды керемет етіп ектім деп айта алмаймын. Мысалы бір жылы алған көшетімнің ешқайсысы өнім берген жоқ. Бірақ ондай сәтсіздікте қолды бір-ақ сілтеп, диқаншылықтан кетіп қалуға болмайды. Шаруа дұрыс көшет таңдай алу қажет. Көшетте аталық, аналық деген болады. Аталығы өнімді аз берсе, аналығы керісінше көп өнім береді. Көшеттен бөлек, құлпынайдың жақсы өнім беруі суға да байланысты немесе көбісі жер таңдайды. Негізі құлпынай жер мен суды таңдайды. Егер сенің жерің құнарлы болып, судың сапасы нашар болса, су жерді, жалпы өнімді құнарсыздандырып жібереді. Мен құлпынайды өсіріп баптауға байланысты кітап шығардым. Аталған еңбекте құлпынай бойынша барлық ақпарат қамтылған», – дейді ол.
«Ондаған азаматты құлпынай өсіруге үйреттім»
Диханшы Үкімет тарапынан шаруаларға қолдау барын, бірақ оны өзі алмағанын айтады. Сондай-ақ ол азаматтар құлпынай өсіруді үйреніп, өз кәсібін ашқысы келетінін ескертті.
«Жоғары жақтан шаруаларға ақша бөлініп жатқан шығар. Бірақ төменге келгенде ол қаржы шаруалардың қолына жетіп жатқан жоқ. Өйткені, әкімдіктегілер халықты ақпараттандырып, қандай бағдарламалар бар екенін айтпайды. Бағдарламалар туралы теледидардан, сайт пен интернет арқылы айтылу керек. Ал олар халықты ақпаратпен құлағдар етпей, өздері қаржыны игеріп жатқан секілді. Себебі осы уақытқа дейін Үкімет тарапынан ешқандай көмек алған жоқпын. Шаруаларға субсидия беріледі деп айтады, бірақ әкімшілікке барсаң «Қаржы бітіп қалды» деп тұрады.
Егер Үкімет тарапынан қолдау болса, кәсіпті үйренемін деуші азаматтар баршылық. Өзім ондаған азаматты құлпынай өсіруге үйреттім. Бірақ олардың көбісі «Үкіметен несие, субсидия алайын деп едім. Бірақ мүмкіндік болмай жатыр» деп, одан кейін кәсібін бастай алмай қалады. Біздің елде құлпынайға субсидия аз болғанымен шошқа бағуға көп қаржы беріледі емес пе?
Мәселен 5 соток жерге жылыжай жасайтын болсаңыз, оған ең көбі 7 миллион теңге қаржы кетеді. Егер бір отбасында 5 соттық жылыжай болса, онда ол сол отбасын асырайтын еді. Жалпы құлпынай кәсібі азаматтарды жұмыссыз болмай, керісінше өзін өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ