«АЭС салу энергетикалық тұрғыдан тиімді»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер күзде АЭС салу бойынша референдум өтетінін айтты. Ал елде АЭС салуды бір топ адам қолдаса, келесі бір топ оған қарсы болып отыр. АЭС салу қауіпті ме, жоқ әлде оның пайдалы жағы бар ма?
Эколог-инженер Лаура Мәлікова АЭС құрылысын жүргізуге қарсы емес. Алайда ол жемқорлық жағдайында ауқымды құрылыс жүргізу қауіпті болмайма деп қауіптенеді.
«Кезінде Швецияда энергетика мамандығы бойыша магистратурада білім алдым. Аталған мемлекетте оқығанда АЭС бойынша сабақ өткен едік. Оның үстіне Швецияның өзінде бір емес, 10-ға жуық АЭС бар. Жалпы технология тұрғысынан қарайтын болсақ, Чернобыльда болған жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда реакторлардың модернизациясы жүрді. Қазіргі таңда үшінші толқындағы реакторлар қолданылып жатыр. Чернобыльдағы реактормен салыстырғанда жабық типтегі АЭС болады. Қандайда бір тосын жағдай болса, оның ауқымы үлкен болмайды. Яғни, технологиялық тұрғыдан әлем алға жылжып кетті.
Дегенмен біздің халықтың арасында мемлекеттік органдарға деген сенімсіздік өте жоғары. Мысалы әскери қоймадағы жарылыс пен мемлекеттік органдағы жемқорлық сенімсіздікті күшейтіп отыр. Сондай-ақ мемлекеттік органдағы біліксіздік мәселесі күдікті күшейтеді. Нақтырақ айтсақ, өзінің саласын толық білмесе де жауапты қызметке тағайындалып алатын жайлар кездеседі. Менің ойымша, Қылмыстық кодекстағы жемқорлыққа қойылатын жауапкершілікті қайта қарау керек. Мысалы қазір 1 млрд теңге ұрласаң, оны 15 есе төлеп, құтылып кетуге болады. Бұл адамды жауапкершілікке тарту емес, негізі жемқорлыққа қатысы бар адамды соттау керек.
Эколог-инженер ретінде АЭС-ты технологиялық жағынан салуға болады деп есептеймін. Бірақ жоғарыда айтқанымдай елдегі жемқорлық жағдайында ескеруіміз керек», – дейді ол.
Үкімет АЭС құрылысын Балқаш көлінің жанындағы Үлкен ауылында салайын деп жатыр. Эколог алып құрылыс көлдің суының тартылып кетуіне түрткі болмай ма деп қауіптенеді.
«Негізі АЭС салу энергетикалық тұрғыдан тиімді. Өйткені біздің көп халық оңтүстік аймақта шоғырланған. Оның үстіне Қырғызстанның астанасы Бішкек пен Өзбекстанның астанасы Ташкент жақын жерде тұр. Әйтсе де, экологиялық тұрғыдан қарасақ Балқаш көлінің суы жылдан жылға азайып бара жатыр.
Геосаяси жағдайға байланысты Ресей газын Еуропаға жеткізетін «Солтүстік ағын» жобасы тоқтатылды. Осыған байланысты Еуропа елдері АЭС-ты жасыл энергияға жатқызып отыр. Бұл экологиялық емес, саяси шешім болды.
Негізі АЭС бойынша әлемдегі ең озық технология Францияда бар. Аталған мемлекет энергияның 50 пайызын АЭС-тен алынады. Егер біз АЭС салатын болсақ, қалдықтарды игеруде Францияның технолгиясын алу керек. Олар АЭС-тен шыққан қалдықтарды өзге елдер секілді жердің астына көмбей, путони мен уранды бөліп алады да, оны қайтадан «Топливный элемент» жасап, қалған бөлігін ғана жерге көмеді», – дейді эколог.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ