Алашорда үкіметінің туы қандай болған?

Тарихшы Ержан Өмірханұлы Алашорда үкіметінің өз туы болғанын айтады.

«1918 жылдың шілде айында Семей қаласында Алаштың атты әскері сап түзеген сәтте Ақ ту көтерілгені анық айтылады. Осының өзінен біз Алаштың туы ақ болғанын аңғаруға болады. Сондай-ақ белгілі жазушы Сәбит Мұхановтың еңбектерінде жасыл ту туралы жазылады. Бірақ Алаштың ақ туы еліміздің оңтүстігі мен солтүстігі және шығысы мен батысына ортақ ту болған. 1919 жылы Жаһанша Досмұхамедұлы «Кеңес үкіметі жағына шығу мәселесінде қазақ зиялылары алдыңғы қатарда ақ ту ұстап шықты» деп жазады. Бұл сөз күллі қазаққа ақ тудың ортақ болғанын айқын көрсетеді.

Осы ретте «Жасыл ту қазақ зиялыларында болды ма?» деген сұрақ туындайды. Ашығын айтсақ, жасыл ту болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Әйтсе де аталған ту қандай қызмет атқарды деген заңды сұрақ туындайды. Сол кездегі басылымға назар аударатын болсақ, «Орынборда өткен ІІ съезде қабырғада жасыл ту тұрды» деген сөз бар. Әйтсе де ақ ту мен жасыл тудың арасында айырмашылық болған. Шын мәнінде жасыл туды мұсылман әскерлерінің бірлігін көрсету үшін қолданғанын айтқан жөн. Яғни, жасыл ту әскери, ақ ту мемлекеттік ту болды», – дейді ол.

«Қазақ» газетінің эмблемасы мемлекеттік туға айналуы керек»

Тарихшы Ержан Өмірханұлы бағзы заманда әр рудың жеке туы болғанын айтады. Сондай-ақ ол тарихта «Абылай ханның ақ туы» деген ұғымның бар екенін ескертті. Ал 1917-1920 жылдары өмір сүрген Алаш автономиясының мемлекеттік рәміздері болды ма?

«Алаш туына байланысты мәселе 1905 жылдан бастап көтеріле бастағанын көреміз. Бұл кезде қазақ зиялылары көзқарасы жағынан бөлінбей, біртұтас болған еді. Осы кезде Жақып Ақбаев бастаған қазақ қайраткерлері әр түрлі митинг, жиын өткізеді. Жақып Ақбаев аттың үстіне сөз сөйлеп тұрған кезде «Үш жүз» партиясын басқарған қайраткердің бірі қызыл туды алып, көтергені айтылады. Осыған қарасақ ту мәселесі бірінші орыс революциясынан бастап зиялы қауым өкілдерін ойландырған сияқты.

Ту мәселесінің көтерілуінің өзіндік заңдылығы бар. 1910 жылы Әлихан Бөкейхан «Қазақтар мен қырғыздар» атты еңбек жазады. Аталған еңбекті мемлекеттілік және оның экономикалық концепциясы мен мемлекеттік құрылымы туралы алғашқы тұжырымдамасы деп қабылдауға болады. Осының негізінде 1911 жылы Барлыбек Сыртановтың «Қазақ елінің уставы» деген құжат жазылады. Осы құжатта ту мәселесі көтерілгенін көреміз. Бірақ ол ту Алаштың туы болды дегенге ешбір дәлел, негіз жоқ. Себебі айналасы 7-8 жылдың ішінде қарқынды саяси оқиғалар болды. Осыған байланысты көзқарас та өзгерген болатын. Бірақ тудың мәселесі мемлекеттің нышаны ретінде сол кездегі зиялы қауым өкілдерін ойландырмай қоймады.

Ал енді 1917 жылдың тамыз айында ту мәселесінің түпкілікті көтерілуі Сібір туының көтерілуімен тікелей байланысты. Аталған жиынға қатысқан Алаш зиялыларын ту мәселесін кезекті рет назарға алғанын көрсетеді. Біздің елде тудың көтерілуі жергілікті жерде Алаш комитеттерінің ашылуымен байланысты болды. Себебі «Алаш комитеттері жиын өтізген кезде Алаштың туы тұрды» дейді. Ендеше бұл кездің өзінде Алаштың туы бекітіліп қойғандығын білдіреді. Сонымен қатар 1918 жылдың қаңтар айында «Қазақ» газетінде «Орда гербі» деген мақала шығады. Аталған мақалада мемлекеттік рәміздерге байланысты алғаш рет «Қазақтың туы қандай болу керек?» деген мәселе көтеріліп, «Қазақ» газетіндегі киіз үй пішіндес эмблема мемлекеттік туға айналуы керек деп жазылады», – дейді тарихшы.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ