«Судың ең бірінші тұтынушысы тұмса табиғат»

Эколог Ғани Назарбек экология мен қоршаған ортаны қорғауда су мәселесіне ерекше назар аудару керек екенін айтады.

«Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінде Су кодексіне байланысты заң жобасы талқыланып жатқан болатын. Алайда мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері құжаттағы шикіліктерді айтып, оны Су және ирригация министрлігіне қайтарып тастады. Шынында аталған заң жобасында негізгі мәселелер енгізілмеген. Мысалы біз су десек ең бірінші кезекте ауыз су және ауыл шаруашылығы мақсатындағы суды ғана назарға аламыз.  Бірақ судың ең бірінші тұтынушысы тұмса табиғат екенін естен шығарып аламыз. Негізі экологиялық жүйені қалыптастыратын бірден бір жүйе ол табиғаттың өзіне қажет су.

Көктемдегі өзен көлдердің тасуына ондағы экожүйенің бұзылуы тікелей әсер етіп жатыр. Біз судың ең алғашқы тұтынушысы табиғаттың өзі екенін естен шығарып алдық. Сондықтан да біз Су кодексіне осыны қосуымыз керек. Адамға қажетті ауыз су мен ауыл шаруашылығына қажетті су екінші, үшінші қатардағы шаруа болуы керек. Табиғатқа қажетті су дұрыс бомласа экожүйе бұзылады. Ал мұның салдары қалай болатынын көктемгі тасқын көрсетті.

Біздің елдің ауыз судан бастап әр түрлі деңгейдегі суларды реттейтін «Қазсушар» деген мекеме бар. Мәселен көктемгі балықтардың уылдырық шашатын уақытында судың жаймай керісінше тоғанда жинайды. Бірақ осы кезде балықтар уылдырықты қалай шашып, көбейеді деген сұраққа ешкім бас ауыртпайды. Су өзеннің негізгі арнасынан шығып жайылғаннан кейін су жылып, ол жерде азық-түліктік қор пайда болады. Осының арқасында уылдырық тез жетіліп, балықтың саны көбейеді. Өкінішке қарай бізде қазір балықтар уылдырық шаудың қолайлы жағдайында өмір сүрмейді», – дейді ол.