«Елге ел қосылса – құт»

Биыл елімізге алыс-жақын шетелдерден 14 мыңға жуық этникалық қазақ көшіп келіп, қандас мәртебесін алған. Жалпы Азаттық алғаннан кейінгі 33 жылда 1 млн 142,7 мың азамат тарихи отанына оралып, шаңырағымыздың биік болуына атсалысты.
Биыл қандастардың 45,8%-ы Қытайдан, 39% – Өзбекстаннан, 5,9% – Моңғолиядан, 5,2% – Түрікменстаннан, 2,9% – Ресейден және 1,2% басқа елдерден көшіп келген. Аталған азаматтар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстанған. Себебі бұл өңірлергеге көшіп келген азаматтарға арнайы жеңілдік жасалған. Сондай-ақ көшіп келуші азаматтардың басым бөлігі Қытай Халық Республикасынан болуы тегін емес. Аталған мемлекеттегі саяси жағдайға байланысты қандастарымыздың елге келуі шектелген болатын. Ол жақтағы жағдай тұрақтанған соң азаматтардың тарихи отанына ағылуы қалыпты жағдай.
Жалпы соңғы 5 жылда елге қанша қандас көшіп келіп, өз болашағын Қазақ елімен байланыстырды? Мәселен 2019 жылы 17 661, 2020 жылы 13 046, 2021 жылы 17 540, 2022 жылы 15 637 және былтыр елімізге 23 мың азамат көшіп келген. Өткен жылдың ресми статистикасына көз жүгіртсек, шетелден көшіп келуші қандастарымыздың санының артқанын байқауға болады. Бұл әрине көңіл қуантады.
Ал керісінше соңғы жылдары шетелге көшкісі келетін азаматтардың саны қысқарған. Мысалы 2019 жылы Қазақ елінен 45 мың, 2020 жылы 45,2 мың, 2021 жылы 25 мың, 2022 жылы 24 239 және былтыр 15 мың азамат шетелге көшіп кеткен. Шетелге көшіп кетушілердің санының 45 мыңнан 15 мыңға дейін азаюуы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты болуы мүмкін. Себебі азаматтардың басым бөлігі іргеміздегі Ресейге атбасын бұрған болатын. Үш жылға созылған соғыс отандастарымыздың ойын өзгерткен секілді.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ