Ертіс өзеніндегі мұз өткелдері қауіпті болуы мүмкін

Павлодар облысында ашылған 5 мұз өткелі құтқару құралдарымен тиісінше жарақталмаған. Прокуратура рұқсат берсе, төтенше жағдай қызметі алдағы уақытта тексеріс бастауы мүмкін.

Павлодар облысында 5 мұз өткелі ашылды. Олардың барлығы Ертіс өзені үстінде орналасқан. Өткелдер Май, Аққулы, Тереңкөл аудандарында пайдалануға беріліп, мұз үстінде жаяу жүргіншілермен қоса, автокөліктер де қозғала бастады. Мамандар қозғалыс ережелері мен қауіпсіздік шараларына сақ болуды ескертеді. Себебі, жергілікті атқарушы органдар оларды арнайы қалқандармен, құтқару құралдарымен жарақтамаған.

– Өткелдердегі мұздың қалыңдығы 40-тан 70 сантиметрге дейін жетеді. Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығына сәйкес, мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден асса, автокөліктердің өтуіне, 10 сантиметрден асса, жаяу адамның жүруіне рұқсат беріледі. Бірақ бұйрықта өткелдерден түсетін жерлерде екі жақтан да орнатылған қалқандарда арнайы қысқы құрал-жабдықтар (ілгектер, сатылар, құтқару шеңберлері, бөренелер) қойылуы керектігі ескертілген. Бұған қоса кіреберістерде өткелдің атауы, жұмыс уақыты және оны құру мен ұстауға жауаптылардың деректері көрсетілген маңдайшалар орнатылады. Әрі ол жердегі мұздың қалыңдығы күніне 2 рет өлшенуі тиіс. Біздің мамандарымыз ашылған өткелдерді шолып шығып, тиісті жағдайлар жасалмағанына көз жеткізді. Атқарушы органдарға ескерту жасап, прокуратураға хат жолдадық. Заң бойынша біз шағым түспейінше немесе тапсырма берілмейінше өз бетімізбен тексеріс жүргізе алмайыз. Егер құзырлы орган рұқсат етсе, тексерісті бастаймыз әрі тиісті шаралар қабылдаймыз, – дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы, подполковник Ерлан Қасымов.

Аймақтағы мұз жолдары негізінен мал азығы мен отын тасу үшін пайдаланылады. Қазір Май ауданында – Баскөлде, Аққулыдағы Ямышевта, Тереңкөлде – Тереңкөл, Береговой, Песчан ауылдарында өткелдер жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Тереңкөлде тағы біреуі ашылады деп жоспарланған.

Ерлан Қасымов аймақтағы мұз өткелдерінің саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір аз екенін айтып өтті. Былтыр 13 мұз өткелі болған. 

– Арқа даласында биыл жылдағыдай аяз жоқ, соған сай Ертіс өзенінің ортаңғы тұстарында мұз қатпаған жағдайлар жиі кездесіп отыр. Әрі өзенге Ақсудағы жылу-электр стансасынан шығатын жылы ағыс құяды. Ол да мұздың жеткілікті қатпауына әсер етеді. Өткелдерде мұз нормаға сай келмесе, талапқа сай жарақталмаса адамдар мен автокөліктерді өткізуге болмайды. Ондай мұз жолдарында қауіп кез келген сәтте туындауы ықтимал. Ал адам өмірінен артық құндылық жоқ,-дейді маман.

Төтенше жағдай қызметкерлері мұз үстіне көлікпен шыққанда баяу жүру керектігін және тежегішті бірден баспау керектігін ескертеді. Мұзда тоқтауға, бұрылуға, өзге автокөлікті басып озуға болмайды. Мұз үстінен өтпес бұрын жолаушыларды түсіріп, қауіпсіздік белдігін шешіп тастау керек. Ал жүргізуші жақтағы есікті ашық қалдырған дұрыс. Рұқсат етілмеген жерлерде балық аулауға, шұңқырлар жасауға, мұз үстіне шығуға болмайды.


ТегтерМұзТЖД